Мұғалім – мектептің жүрегі. Соңғы кездері ұстаздың абыройы мен мәртебесі жиі қозғалатын тақырыпқа айналды. Оған мұғалімдердің бала оқыту қуанышынан гөрі мұң-шерін көбірек баяндауы, оқушылардың ұстаздарды балағаттауы немесе оқытушының шәкіртіне қол көтеруі сияқты оқиғалардың жиі орын алуы да себеп. Өкініштісі, осындай жағдайлар туралы естігенде, селт етпейтін болдық.
Жуырда әлеуметтік желілерде оқытушының студенттерін сабағаны туралы бейнеролик тарап кетті. Жұрт екі жаққа бірдей кінә тақса да, істің байыбына тәртіп сақшылары мен арнайы комиссия жетпек. Мұғалімнің өз жазасын алатыны түсінікті. Бірақ бұл өзгелерге сабақ бола ала ма? Ал оқушылар ұстаздарын телефонға түсіріп, абыройын төгуді қоя ма? Ұстаздардың жоғалтқан қадірін қайтару жайы ел деңгейінде көтеріліп жатқан кезде, мұндай оқиғалардың орын алуы мәселенің біз ойлағаннан тым күрделі екенін көрсетеді.
Халыққа арналған Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласында көптен бері қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін “Педагог мәртебесі туралы” Заң қабылдау керектігін айтты. Оның жобасы қазір жер-жерде қызу талқыланып жатыр. Мұғалімдердің бірі еңбекақысының көбейетініне қуанса, енді бірі зейнетке ерте шығудан үмітті. Әйтеуір бәрі бір жақсылық күтуде.
Заң қабылданып, педагогтердің құқығы мен мүддесі жан-жақты қорғалып, қамсыз жұмыс істеуіне жағдайлар жасалады делік. Бұл мұғалім мәртебесін іс жүзінде көтерудің орнына қит етсе заңмен қорқытуды әдетке айналдыратын ұстаздардың көбеюіне әкелмей ме деген ойға жетелейді. “Мұғаліммін” деп кеуде қағып, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге дағдыланып алуы да мүмкін ғой.
Сондықтан, меніңше, мұғалім қайткен күнде де өзінің қадірлі мамандық иесі екенін заңмен емес, ісімен дәлелдеуі керек. Артық сөзге берілмей, оқушылармен тіл табысып, ақылға шақыра білетін ұстаз ғана қоғамға сыйлы бола алады. Мұғалімнің атағы да, абыройы оның шәкірті екенін естен шығармайық.
Арай РАҚЫШЕВА, Өндіріс орта мектебінің директоры.
Уәлиханов ауданы.