«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫРОЙЫ АСҚАН АҚХАЛАТТЫЛАР

Кез келген мемлекеттің тарихындағы әрбір айшықты күндері өзінің маңыздылығымен қатар, елдің экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуының көрсеткіші болып табылады. Ол өткен жолдың барлық қиындықтарын бағалап, жетістіктерді саралауға мүмкіндік береді. Ширек ғасыр толып отырған Қазақстанның Тәуелсіздігі, ата-бабаларымыздың арманы еді. КСРО-ның тарау кезіндегі терең дағдарысты қамтыған кезеңнен әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшелігіне ие саяси тұрақты және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет болдық.

Тарихтың шұғыл бетбұрыстарында маңызды шешімдерді қабылдап, халқының тағдыры үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алу Елбасымыздың жеке қасиеттері екеніне күмән жоқ.

Қазақстанның тарихи қайта құрылуы көпшілік мойындаған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тығыз байланысты екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Біртуар саясаткер, данагөй стратег болып отырған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елді тұрақты және гүлденген болашаққа нық қадам бастырып келеді.

Мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінде денсаулық сақтау саласының алдына тарихи маңызды міндеттер қойылған еді. Ол денсаулық сақтау саласының даму жолын қарастырды. Даму жолының көптеген нұсқалары болды, бірақ Мемлекет басшысы республиканың барлық азаматтары үшін тегін және қолжетімді медициналық көмектің конституциялық бекітілген жолын таңдап алды.

Еліміз егемендігін алғанға дейін денсаулық саласы көптеген жаңартуларды талап ететін, материалдық жағынан әлсіз, үнемі қаржылық жетіспеушілікті басынан өткерді. Сол жылдары күрделі жөндеуді қажет ететін, заманауи қондырғылары нашар денсаулық сақтау мекемелері қаржыландыру жағынан қамтамасыз етілмеген еді. Медицина қызметкерлері айлап жалақыларын ала алмай, кәсіби білікті мамандар жұмыс орнынан кетуге мәжбүр болды. Бүгінгі күні қолданылып жатқан заманауи құрал-жабдықтар, соңғы технологиялар жайлы тек армандайтынбыз.

Бүгіндері еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы жағдай мүлдем басқаша, тіпті, жер мен көктей өзгерді десек, артық айтқандық емес. Мемлекетіміз өзінің даму тарихында қазіргі заманға лайық, бәсекеге қабілетті және қоғам өмірінің әртүрлі салаларында кең көлемдегі реформаларды табысты іске асыратын елге айналып отыр.

Егемендігіміздің алғашқы кезеңдері денсаулық сақтау саласын реформалау мен оңтайландыруға, жеке секторды дамытуға және міндетті медициналық сақтандыру мен басқарудың экономикалық әдістерін енгізуге байланысты болды.

Міндетті медициналық сақтандыруды құру қаржыландыру жүйесін өзгертті, денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысын бақылайтын тәуелсіз жүйе енгізілді. Бұл медицина қызметкерлерінің жұмысын жақсартуға, еңбек етуге ынталандыру мен медициналық нарықты анықтауға мүмкіндік берді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “2005-2010 жылдарға арналған денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы” Жарлыққа қол қойды.

Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін құру мен стационарлық топтың реформасына баса назар аударылған 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” бағдарламасы қабылданып, толығымен орындалды.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтаудың тарихында бұрын-соңды болмаған, саланы теңдестік қаржыландырумен қамтамасыз ете отыра, саланың қазақстандық моделін құруға үлкен мүмкіншілік тудырды. Соның нәтижесінде, соңғы бірнеше жылда денсаулық сақтау саласына айтарлықтай қаржы бөлінді, бұл ауруханалар мен емханалардың материалдық жағдайын жақсартуға, оларды ең заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге, елімізде бірегей медициналық нысандар салуға мүмкіндік туғызды.

Мемлекеттік бағдарламаны қабылдағанға дейінгі кезеңмен, ауруханаларымыздың қазіргі жабдықталу деңгейін салыстыруға келмейтінін ешкім теріске шығара алмайды. Бүгінгі таңда мұны әрбір медициналық қызметкер өз жұмысында, бастысы, еліміздің халқы сезеді.

Біздің облысымыздың денсаулық саласында да осы жылдары біраз оң өзгерістер болды. Петропавл қаласында №3 қалалық емхана салынып, халық игілігіне берілді. Есіл, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Аққайың аудандарында емханалар, Ақжар аудандық орталық ауруханасы және облыстық туберкулезге қарсы диспансердің 100 кереуеттік жаңа корпусы, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда туберкулезге қарсы диспансерлер салынды.

Жергілікті бюджет есебінен ауылдық жерлерде жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер бой көтеріп, іске қосылды. Облыстық, қалалық, аудандық медицина мекемелері заманауи қондырғылармен жабдықталды. Денсаулық сақтау мекемелеріне күрделі жөндеулер жүргізіліп, санитарлық жағдайлары анағұрлым жақсарып, қалпына келтірілді.

Алдымызда тұрған күрделі міндеттердің бірі – өткен жылдар мен шетел модельдерінің тәжірибелеріне негізделген, денсаулық сақтаудың ұлттық үлгісін құру болып табылады. Осы бағытта алға жылжудың бірі, барлық өңірлерде кардиохирургиялық орталықтардың ашылуы болып табылады, бұл саланы сапалы, мүлде жаңа деңгейге шығарды.

Қазақстан Республикасында 2007-2009 жылдарға арналған кардиологиялық және кардио-хирургиялық көмекті жақсартып, өркендету бағытында мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Облыстарда кардиохирургиялық бөлімдер мен орталықтар ашылды.

Біздің облысымыздағы өңір басшысының шешімімен №2 қалалық аурухананың базасында 2009 жылы кардиологиялық орталық ашылды. Бұрын облыс тұрғындары жүрекке отаны Ресейдің Омбы, Қорған, Түмен, Челябі қалаларына барып, ақылы түрде жасататын. Осы қабылданған бағдарламаның арқасында республикалық бюджеттен біраз қаржы бөлініп, мамандар шетелдерде оқытылып, орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Осы жылдан бастап облыс тұрғындарының тұрғылықты жерінде тегін кардиохирургиялық көмек алуға қолдары жетті. Кардиологиялық орталық ашылғаннан бергі жеті жылдың ішінде 9500-ден астам коронографиялық зерттеу жүргізілсе, 2661 сырқаттың жүрек тамырына стент қойылды, 1000-нан астам адамға қолқа-жүрек тамырын тұйықтау оталары жасалды. 2011 жылдан бастап қолқаның және жүректің клапандарын ауыстыру, электрокардиоқоздырғыштарды орнату технологиялары енгізілді.

Осы шаралар облысымызда қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отырғанын айта кеткен дұрыс. Тәуелсіздік алғаннан бері сәбилердің шетінеуі – 2,5, жүрек-қан тамыры ауруларынан өлім 2 есеге азайды. Әлеуметтік маңызы бар аурулар көрсеткіші төмендеп, тұрақтандырылып келеді және соңғы 3 жылда ана өлімі тіркелген жоқ.

2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды дамытуға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы 2050 жылға дейінгі Қазақстан денсаулық сақтау жүйесін жоспарлы дамыту үшін негіз болады. 2020 жылы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін жеткізу, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын күшейту, денсаулық сақтаудағы басқару мен қаржыландыру жүйесін жақсарту алдағы төрт жылда орындалатын стратегиялық мақсат болып табылады.

Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін саланың барлық қызметкерлері бір бағытта жұмыс істесе ғана, денсаулық сақтау саласы өмір сүруге қабілетті болатындығын түсінуіміз керек. Барлық саланың толық жұмыс істеуі үшін әрбір қызметкер өз жұмыс орнындағы жауапкершілікті сезінуі керек. Қазір біз жұмысымызды сапалы атқара отыра, жалпы экономикалық процестерге белсенді араласуымыз қажет, өйткені, адам денсаулығы мемлекеттің экономикалық әрекетке қабілеттілігінің басты индикаторы болып табылады.

Азамат МАҒЗҰМОВ,

кардиологиялық орталықтың

бас дәрігері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp