Айыртау ауданында күрделі жөндеуден өткен “Қазпочта” акционерлік қоғамы филиалының операциялық залы қолданысқа берілді. Оның ашылуына “Қазпочта” АҚ облыстық филиалының жетекшісі Ерік Нұрақаев қатысып, байланыс саласының үздіктерін марапаттады.
Шара барысында жиналғандарды құттықтаған аудан әкімі Ағзам Тастеміров Айыртау өңірінің тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық даму жолына тоқталды. Жаңа нысанның ашылуы ауылдықтардың түрлі байланыс қызметін кедергісіз пайдалануына мүмкіндік бермек.
– Бүгінде елді мекендердегі бюджеттік сала қызметкерлерінің 45 пайызы жалақыларын және зейнеткерлердің 75 пайызы зейнетақыларын “Қазпочта” акционерлік қоғамының филиалы арқылы алады. Айыртау ауданында “Қазпочта” филиалының он бес бөлімшесі жұмыс істесе, оның оны автономды режімде қызмет көрсетеді. Саумалкөл ауылында жаңартылған операциялық залдың іске қосылуы мұнда көрсетілетін қызмет түрлерінің кеңеюіне және оны пайдаланушылар санының артуына жол ашпақ, – деді Ағзам Тастеміров.
“Қазпочта” АҚ облыстық филиалының жетекшісі Ерік Нұрақаев өңіріміздің демалыс орындарының басым бөлігі Айыртау ауданында шоғырланғандығын, сондықтан пошта қызметі сапалы әрі жүйелі жұмыс істеуі қажеттігін айтып, облыстық филиалдың атынан қызметтік автокөлікті тарту етті.
Мақпал ӘЛМАҒАНБЕТОВА.
Айыртау ауданы.