«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛ ҚЫЗМЕТ — АБЫРОЙ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы – әдеп кеңесінің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев мекеменің өткен тоғыз айда атқарған жұмысын қорытындылады.

– Бүгінгі күні облысымызда тіркелген 542 мемлекеттік органда 4973 маман жұмыс істесе, оның жетеуі – саяси, 14-і – “А”, қалғаны “Б” корпусындағы лауазымдарға ие. Үстіміздегі жылы 1300 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыруы тиіс болса, оқығандар саны 1362-ге жетті, – деген Ғалым Сұлтанұлы департамент қызметшілері мемлекеттік қызметке үміткерлер тарту үшін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен “Түлек – 2017” форумына, бес бос орындар жәрмеңкесіне қатысқанын айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің имиджін арттыру мақсатында өңірдің мемлекеттік органдарында өскелең ұрпақтың қатысуымен 18 “Ашық есік күні” ұйымдастырылып, “Жастар ауылы – 2017” лагері, ауыл жастары слетінің аясында “Мемлекеттік қызмет” секциясы жұмыс істеген. Ал қараша айында облыс орталығы мен аудандарда барлық мемлекеттік органдардың қатысуымен бірыңғай бос орындар жәрмеңкесі өткізілмек.

Мемлекеттік қызметшілерді аттестаттаудан өткізу – олардың біліктілігін тексерудің тиімді жолы. Бұл сынақтан 3429 маман өтіп, нәтижесінде олардың 3219-ы атқарып отырған лауазымдарына сай екенін дәлелдеген. Ал 194-інің қызметін жоғарылатуға, 15-ін төмендетуге, бір адамды жұмыстан шығаруға ұсыныс жасалыпты.

Облыстық әдеп кеңесінің тоғыз отырысында 69 тәртіптік іс қаралып, кеңес мүшелері мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген 14 және қызметтік әдепті бұзған 11 маманды жауапкершілікке тартуды ұсынған. Бес тәртіптік іс тоқтатылыпты. Сонымен қатар жыл басынан бері департаментке 129 шағым түсіп, олар бойынша 64 тексеріс жүргізіліп, 26 азаматтың құқығы қалпына келтірілген.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында облыстық әдеп жөніндегі кеңесте қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалану мәселесі қаралып, барлық мемлекеттік органдарға мұндай әрекетке бармау туралы ұсыныстар жолданыпты. Алайда, жүргізілген рейдтер барысында бұл өтініштердің аяқасты болғанына көз жеткен. Мәселен, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Ережеп Жанатаев, облыстық қаржы басқармасының бас маманы Самат Шалхабанов және бірқатар мемлекеттік органдардың жүргізушілері қызметтік көлікті жұмыстан тыс пайдаланып, тиісті жазаларын алған. “Осындай жағдайлардың алдын алу үшін бүгінде ел бойынша “темір тұлпарларға” “Қызметтік көлік – қызметтік мақсатта!” деген жазуы бар белгілер жабыстырылуда. Егер кімде-кім мемлекеттік қызметшінің автокөлікті мақсатсыз пайдаланғанын байқаса, көлікте жазылған телефон нөмірі бойынша хабарлап, 500-2000 теңге аралығында ақшалай сыйақы алуына болады”, – деді Ғалым Сұлтанұлы.

Баспасөз мәслихатында сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында жүргізілген жұмыс жайында да айтылды. Өңірімізде осы мақсатта “Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубтары жұмыс істейді. Облысымыздың жалпы білім беретін 498 мектебінде ашылған клубқа бүгінде 71 мың оқушы мүше болған. Сондай-ақ, қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 462 студенті мен Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери институтының 219 курсанты “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері” пәнін оқып жүр. “Есіктен – есікке” республикалық акциясы аясында департамент қызметкерлері қоғамдық кеселдің залалы жазылған 471 мың парақша таратыпты. Ал “Парасыз болашаққа. Бірге!” ұранымен 400 ұжымда ақпараттық-түсіндіру шаралары өткізілген.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp