«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМДАРДЫҢ ӨЗ ДЕНСАУЛЫҒЫНА НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҒЫ АЛАҢДАТАДЫ

Мемлекет басшысының “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы туралы” Жарлығы талаптарына сәйкес елімізде бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қалыптастырылды. Денсаулық сақтау саласының мамандарының алдында ендігі кезекте бағдарламаның екінші кезеңіне жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсаты тұр. Аталмыш бағдарламаның өңіріміздегі орындалу барысы жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағановпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қабдырахман Еркінұлы, облысымызда “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы қалай орындалуда? Неге қол жеткіздік? Неден ұтылдық?

– “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар дерттерден болатын өлім-жітімді азайту. Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін ұлғаюы тиіс. Біз бұл межеге жақындап қалдық. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы өңірімізде 68,8 индикаторына жетеді деп күтілуде. Өткен жылдың қорытындысына сүйенер болсақ, облысымызда бала туу мың адамға шаққанда 3,7 пайызға төмендеді. Өлім-жітім 7,7 пайызға азайды. Соған қарамастан, тұрғындардың табиғи өсімі 1,7 пайыздан 2,2 пайызға жетті. Бір қуантарлығы, өткен жылы облысымызда ана өлімі тіркелген жоқ. Бала өлімі 19,4 пайызға төмендеді. Республикада 10-шы орындамыз. Ана мен бала өлімінің азаюы осы бағытта жүргізілген мақсатты жұмыстардың жемісі деуге болады. Шұғыл мәселелерге қатысты облыстық штаб құрылды. Оның негізінде ана мен бала өлімін болдырмау мәселелері талқыланып, қарастырылады. Нәрестенің шетінеуінің алдын алу үшін облыстық балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықтың негізінде үйлестіру орталығы құрылды. Жарық дүниенің есігін енді ашқан сәбилердің шетінеуі көп жағдайда аналардың есепке кеш тұруына, ауруларды дер кезінде емдемеуге байланысты. Адамдардың өз денсаулығына немқұрайды қарауы алаңдатпай қоймайды. Өткен жылы онкологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған скринингтік тексерісте өңеш пен тоқ ішектің қатерлі ісігінің белгілері анықталған науқастардың біразы дәрігердің кеңесіне жүгінген жоқ. Мұндай жағдайлардың кездесуі өте өкінішті.

– Қан айналымы жүйесінің дерттері, туберкулез және онкологиялық аурулар сияқты әлеуметтік маңызы бар дерттермен күрес қандай деңгейде жүргізілуде?

– Бұл бағытта жүйелі түрде атқарылып жатқан кешенді іс-шаралар өз нәтижесін беруде. 2014 жылы бұл дерттерден болған өлім-жітім жүз адамға шаққанда 29,2 пайызға кеміді. Сырқаттармен күресуде “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының аясында қолға алынған скринингтік тексерістердің көмегі көп. Қандай дерт болсын, оны асқынбаған күйде ерте кезде анықтаса, емделеді. Скринингтік бағдарламаның қан айналысы жүйесінің сырқатын алдын алу бағытында 2014 жылы 77 мыңнан астам адам тексерілді. 3 мыңға жуығында дерттің белгілері анықталды. Олар есепке алынды. Тиісті ем-дом қабылдауда. Жүрек-қан тамыры синдромы кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету жетілдірілу үстінде. Жүрегі қысып қалған науқастарды ауруханаға жеткізу қажет. Өткен жылы аудандық ауруханаларға сатып алынған 14 реанимобильдің арқасында оған да қол жеткіздік. Облыстық кардиологиялық орталықта 912 ота жасалды. Оның 257-сі ашық жүрекке істелсе, 2 мыңға жуық жүректің қан тамырларына коронография әдісі қолданылып, стенд орнатылды. Туберкулез ауруын жұқтырған адамдардың саны да, өлім-жітім де кеміді. Онкология саласында медициналық көмек көрсетудің деңгейі аталмыш дертті анықтау кезеңіне тікелей байланысты екендігі белгілі. Жыл сайын өлім-жітімнің азайып, дертке шалдыққан науқастар санының көбеюі скринингтік тексерістердің тиімділігін көрсетіп тұр. Облысымыз республикада қатерлі ісік дертінің ауру-сырқауы бойынша өткен жылы да көш бастады. 2013 жылмен салыстырғанда, мың адамға шаққанда 3 пайызға өскен. Тіркелген деректерге сүйенсек, 2013 жылы 1805 солтүстікқазақстандық қатерлі ісікке шалдықса, өткен жылы 1844 жағдай тіркелген. Бір қуантарлығы, өңірімізде обырды ерте кезде анықтау 1,6 пайызға өсті. Облысымызда обыр ауруына шалдыққан науқастар ішінде бес жылдан артық өмір сүргендер саны 54,4 пайызға өсті.

– М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғалымдары өңір аумағының экологиясын зерттей келе, соңғы жылдары радонның мөлшері артқандығын аңғарып, бұл жағдай облысымызда қатерлі ісік ауруының көбеюіне себеп болып отыр деген тұжырым жасады. Осыған қатысты сіздің ойыңызды білсек.

– Облысымыздағы онкологиялық аурулардың пайда болу себебін анықтау мақсатымен 2004-2006 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты ғалымдарынан құралған комиссия келді. Үш жыл бойы ғалымдар өңіріміздің тау мен тасын шарлап, өзен-көлдерінен, кен орындарынан сынамалар алды. 4 тонна материал жиналды. Сынама Мәскеу мен Алматы қалаларының зерттеу институттарында жүргізілді. Алынған материалдар тышқандарда сыналды. Нәтижесінде облыс экологиясының обыр ауруының таралуына еш қатысы жоқтығы дәлелденді. Ал өңірлік университеттің ғалымдары радонның мөлшері Есіл және Айыртау аудандарында көп тіркелгендігін айтады. Олар айтып отырған Есіл мен Айыртау аудандары облыс бойынша тұрғындары қатерлі ісік ауруына шалдығу жағынан керісінше төменгі орындарда. Мәселен, Есіл ауданы 7-ші болса, Айыртау ауданы 11-ші орында. Ал облысымызда, еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда, обыр ауруына шалдыққан науқастардың көптігін демографиялық көрсеткіштермен байланыстыру әлдеқайда дұрыс. Себебі, облыс тұрғындарының 18 пайызын егде жасқа толғандар құрап отыр. Өзге өңірлерге қарағанда халық санының аздығы, жастардың өңірімізде тұрақтамауы бұл көрсеткішке салқынын тигізбей қоймайды.

– Демография демекші, №3 қалалық аурухананың негізінде ашылған экстракорпоралды ұрықтандыру бөлімшесі осыған қызмет етуге тиіс еді ғой. Нәтиже қандай?

– Облысымызда бала сүю бақытынан айрылған 400-ден астам жұп бар. Осы жылдар ішінде репродукция бөлімшесінің көмегіне жүгінген кей отбасылық жұптардың арасында ем-дом алғаннан кейін табиғи жолмен бала сүйгендері жетерлік. Бөлімшенің материалдық-техникалық базасы әлемдік деңгейдегі репродукция орталықтарынан кем емес. Бөлімше ашылғалы жасанды жолмен 20-дан астам бала дүниеге келді. Келесі жылдан бастап бөлімше Денсаулық сақтау министрлігінің квоталық бағдарламасына қатысатын болады. Сәби сүюге зар болған солтүстікқазақстандық жұптар бөлімшеде тегін ем шараларын қабылдауға мүмкіндік алады.

– Кадр мәселесі қалай шешілуде?

– Облысымыздың денсаулық сақтау саласында 27 аурухана, 76 амбулаторлық-емханалық ұйым, 52 фельдшерлік акушерлік және 456 медициналық қосын бар. Солтүстікқазақстандықтарға 1424 дәрігер медициналық көмек көрсетуде. Биылғы жылы облысымызға 75 дәрігер жұмысқа тұрды. Олардың 43-і ауылды жерге қызметке орналасты. Қазіргі таңда облысымызға 105 маман жетіспейді. Бұл мәселе де шешімін табады деп ойлаймын. Биылғы жылы медициналық қызметкерлерге 30 пәтер беріліп, балабақшаға орналастыруда жеңілдіктер қарастырылып отыр. Бұл жас мамандардың тұрақтауына оң әсер етеді. Қазіргі таңда тұрғын үй алу үшін кезекте 80 дәрігер тұр. Олардың ішінде аудандар бойынша 28 адам.

– Үстіміздегі жылы облыстық денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер болады?

– Алда кезегін күтіп тұрған істер көп. Ауылдық жерлерге медициналық көмек қолжетімді бола түспек. Мәселен, аудандық ауруханалардың скринингтік тексерістерді өткізуге толықтай дәрмені жетеді. Медицинаның бір тармағы – “Жедел жәрдем” жетілдіріледі. Үстіміздегі жылы 30 санитарлық көлік сатып алынады деп күтілуде.

Әңгімелескен

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp