– Құрметті медицина саласының қызметкерлері, ардақты ардагерлер, сіздерді облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізде денсаулық саласын дамыту мәселесі басты назарда. Қолға алынған әрбір мемлекеттік бағдарлама медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. Ал олардың сәтті жүзеге асуы ақхалаттылардың еншісінде. Адам жанының жанашыры атанған дәрігер қауымы өз міндеттерін жоғары сезім, үлкен жауапкершілік, кәсіби біліктілікпен атқарып келеді, – деді Анархан Қалиқызы.
Саладағы жетістіктер мамандардың кәсіби біліктілігіне байланысты екендігі сөзсіз. Кәсіби мерекеге орай өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін бір топ Гиппократ антына берік ақхалатты абзал жан облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін”, “Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгілерімен марапатталды.
Өңірімізде медицина қызметкерлерінің алаңсыз еңбек етулері үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, жаңа медицина нысандарын тұрғызу, осызаманғы құрал-жабдықпен қамтамасыз ету мәселелері ойдағыдай шешілуде.
Осыған дейін тек шетелдерде жасалып келген бірегей оталарды біздің дәрігерлер меңгерді. Өткен жылы қабылданған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі шаралар да ұлт саулығын жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталуда. Соңғы бес жылда денсаулық сақтау жүйесіне бағытталған мемлекеттік шығындардың көлемі бір жарым, медициналық нысандарды жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржы екі есеге артты. Бір жылда көрсетілетін жоғары технологиялы медициналық қызметтердің саны 1500-ге жетті.
Салтанатты шара соңында медицина қызметкерлері өнерден де құралақан емес екендіктерін көрсетіп, облыстық филармония әншілерімен бірге ән айтып, би биледі.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.