«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЖАЛДЫ ЖЕҢГЕН АНА

Бұл оқиға Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылында тұратын Кәмәл Сейітбекова есімді апайдың басынан өткен. Апайдың жұбайы Сейпи Сейітбеков көп жыл бойы аталмыш аудандағы Ленин орта мектебінде директор болып қызмет еткен. Ел басына күн туып, қару ұстар ер-азаматтар майдан даласына аттанғанда отағасы да соғысқа аттанып, жат жерде, жау оғынан қайтыс болды. Артында зайыбы, 3 қызы қалды. Тұла бойы тұңғыштары Теңдік, ортаншы қызы Майра қазір Есіл ауданына қарасты Николаевка ауылында тұрады. Сүт кенжесі Зайра – Алматы қаласында.

Қиын күндер басқа түскенде Кәмәл апай бала-шағаны асырап-жеткізу үшін ауыл шетінде орналасқан сауын фермасына жұмысқа орналасады. Ертеден қара кешке дейін бірнеше бас сиырды қолмен сауып, оларды күтіп, маңайларын тазалап, бұзауларын тамақтандырып, зыр жүгіріп жүреді. Қыстыгүні дала тез қараңғыланатыны белгілі. Сондықтан да әркім өз шама-шарқынша жұмысын істеп болған соң жаяулап-жалпылап үйлеріне қайтуға асығады.

Осындай бір күндері Кәмәл апай да шаруасын тындырып, үйіне барып, пеш жағып, балаларының тамағын істеуге асығып, жолға шығып кетеді.

Күн болса суытып, жабысқақ қар жауа бастайды. Біраздан кейін жел тұрып, боран көтеріліп, ұшқындаған қар көзді аштырмай қояды. Жолды көрмеген ана байғұс ыққа тығылып, “әйтеуір, жол осы жақта шығар” деген оймен алға қарай жүре береді. Қармен арпалыса әрең адымдаған әйелдің алдынан ауыл көрінбей, әбден шаршайды. Осы кезде аналарын үйде тосып отырған кішкентай қыздары қайта-қайта есікке қарап, қыбыр еткен дыбысқа құлақ түрумен болады. Қақаған суықта қора жақтағы жалғыз аяқ жолды қар әбден басып, түк көрінбей қалады. Терезеге кезек-кезек қарап, зарыққан қыздары түні бойы аналарын тосумен болады. Бірақ сол түнде де, келесі күндері де аналары үйлеріне келмейді.

Арада 5 күн өткенде таңсәріде терезені біреу ақырын ғана қаққандай болады. Кенже қызы Зайра барып қарағанда далада тұрған анасын көріп, қуанғаннан жылап жібереді. Үсті-басы қар, сырт киімі мұз болып қатып қалған аналарын қыздары үй ішіне кіргізіп, жылап көріседі. Әбден есін жиып, тілі сөйлеуге келгенде Кәмәл апай сол боранды кеште не болғанын айтып береді.

Жолдан адасып кеткен Кәмәл апай тоңып қалмау үшін алға қарай жүре берген. Сөйтіп, өзі де байқамай, мүлдем басқа жаққа кетіп қалған. Суық сүйегінен өтсе де, әйтеуір, үйіне жетуге асыққан ол енді бір кішкене алға қарай жүре бергенде тереңдігі 20 метр сайға сырғанап түсіп кетеді. Ішінде тал-үйеңкісі бар сайға құлаған ана 5 күн бойы сол жерден шыға алмай, қатты қиналған. Оның айқайлаған дауысын да іздеген адамдар естімеген. Сөйтіп, қармен, суықпен арпалысып, қақпанға түскен қасқырдай күй кешеді. Әйтеуір, 5 күннен кейін сайдан шығып, күш-қуаты таусылса да, балаларына деген аналық сүйіспеншілігі алға қарай жетелеп, үйіне келген. Бүкіл ауылды дүр сілкіндірген бұл оқиға көпке дейін айтылып жүрді. Ал оның басты кейіпкері болған Кәмәл апамыз 80 жастан асып, өмірден озды. Бала дегенде қиындыққа мойымай, құрыштай шыныққан осындай аналарымыз нағыз батырға лайық емес пе?!

Тура төніп келген ажалды ауыздықтап, қақаған суықта өмір үшін күресе білген ананың қайраттылығы, шыдамдылығы, сабырлылығы қайран қалдырмай қоймайды.

Қырғыз МҰСАБАЕВ,

еңбек ардагері.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp