«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЖАЛ ҚАЙДАН ДЕМЕҢІЗ…”

“Ажал қайдан демеңіз, ажал аяқ астында!” деген сөзді бабаларымыз тегін айтпағанын өмір дәлелдейді. Әсіресе, бұрынғылар от пен судан сақтандырған. Осы тілсіз жаулардың зардап шектіретін мысалдары аз емес.

Жаз жадырап шығысымен көпшілік суға шомылуға құмар. Алайда, бұл жағдайда да абайламаса болмайды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің суда құтқару қызметінің мамандары үнемі ескертсе де, Есілде және басқа да өзен-көлдерде тосын жайларға тап болып, ажал құшып жатқандар бар.

Екінші дәрежелі суда құтқару станциясының басшысы Сергей Черкасовтың айтуынша, 2011-2013 жылдары өңіріміздегі су айдындарында 123 адам толқын құшағында тұншыққан. Ал, биылдың өзінде, шыжыған шілде айы тумай жатып-ақ, 9 адам ажалын судан тапты.

Жасыратын несі бар, кейбір азаматтар суға шомыла барғанда арақ-шарабын да ала жүреді, ақыры, бойларына желік кіреді. Ондайда “Сырдың суы сирағымнан!” дегендей батылдық пайда болып, соңы өкінішке ұрындыратыны бар. Кейбір ата-аналар айдын жағасына жас балаларын ертіп апарып, өзара “гөй-гөймен” отырғанда балдырғандар ересектердің есінен шығады. Бұл да – қайғы-қасіреттің жолы.

Осы орайда суда құтқарушылар 17 маусымда Есіл өзенінде шомылушылар арасында рейд өткізіп, сақтық шараларын естен шығармауды ескертті, қауіпсіздік ережелері жазылған парақшалар таратты. Онда төтенше жағдайға тап болғанда 112, бірінші дәрежелі станцияның 42-34-57 және “Пестрое” көліндегі станцияның 53-58-76 телефондарына жедел хабарласу керектігі ескертілген.

Аптапта айдын – тыныс. Алайда, сақтықты ескерген дұрыс.

Виктор ДЕРЖАНСКИЙ,

СҚО ТЖД Суда құтқару қызметінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp