“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Серік Біләлов пен Ольга Перепечина азаматтарды қабылдады.
Халық қалаулыларының қабылдауына жазылғандардың бірі – Айман Нұрсейітова немересін жалғыз өзі өсіріп отыр екен. Баспана алуға кезекке тұрғанына жеті жыл болса да, қолына пәтер кілті тиер емес. Бұл мәселені өз бақылауына алатындығын айтқан Парламент Сенатының депутаты Серік Біләлов қазіргі кезде Петропавлда 12 мыңнан астам азамат үй алу кезегінде тұрғанын және оның жеті мыңнан астамы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар екенін айтып өтті.
Жалғызбасты ана Әсемгүл Нұрмағанбетованы да толғандырған мәселе – баспана. Үш баласының үлкені 18 жаста болса, кішісі – 5-те. Асыраушысынан айрылғандықтан, 47 мың теңге жәрдемақы алады. Бүгінгі таңда Жұмысшы кентінде үй жалдап тұратын келіншектің тұрақты жұмысы да жоқ. Толық емес отбасы ретінде баспана кезегінде 3219-шы болып тұр.
– Кезекте өзге де жалғызбасты аналар бар. Сондықтан кезекті жылжыту мүмкін емес, заңға сәйкес бөлек үй де беру мүмкіндігі жоқ, – деді “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Елена Балло.
Уақытша тіркеуге тұруды міндеттейтін заң шыққалы Константин Васильевтен маза кеткен. Оның баласы бір мекенжай бойынша тіркеуде болғанымен, өзі басқа жерде тұрады екен. Көші-қон полициясы мамандары азамат ол орында 30 күннен артық тұрақтаса, міндетті түрде тіркелуі керек екендігін түсіндірді.
Қабылдауда жоғары оқу орнының оқытушыларының еңбекақыларын көтеру, “Береке” шағынауданында балабақша салу туралы өтініштер де айтылды.
Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,
журналист.