Петропавлда «Уақытпен үндес үн: азаматтық қоғам және ұлттық құндылықтар» тақырыбымен үкіметтік емес ұйымдардың XII облыстық форумы өтті. Бұл – азаматтық қоғам институттарын нығайтуға, мемлекет пен халық арасындағы байланыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қоғамдық-саяси іс-шара. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова қатысты.
Форум аясында азаматтық қоғам өкілдері, мемлекеттік құрылым басшылары мен сарапшылар елдің қоғамдық-саяси өміріндегі үкіметтік емес ұйымдардың рөлін, олардың құқықтық мәртебесін күшейту, мемлекеттің стратегиялық бастамаларын іске асырудағы үлесін талқылады.
Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов Мемлекет басшысының азаматтық сектордың маңыздылығына берген бағасына тоқталды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы нәтижелі серіктестік еліміздің жан-жақты дамуында маңызды факторға айналуы тиіс. Бұл – әділетті Қазақстанды құрудағы қуатты қозғаушы күш. Президенттің «Әділетті Қазақстан», «Еститін мемлекет», «Заң және тәртіп», сондай-ақ «Күшті өңірлер – күшті ел» стратегиялық бастамалары елдегі дәстүрлі үдерістерді жаңғыртудың негізіне айналып отыр», – деді Жүсіп Жұмағұлов.
Мәдениет және ақпарат вице- министрі Айзада Құрманова Мемлекет басшысы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын реттейтін заңнаманы жетілдіруді тапсырғанын айта келе, әлеуметтік тапсырыс өлшемшарттарын қайта қарау қажеттігіне тоқталды. Министрлікте осы мақсатта азаматтық сектордың жетекші мамандары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Парламент депутаттары тартылған жұмыс топтары құрылған.
Алғашқы Азаматтық форум 2003 жылдың қазан айында өткізілді. Сол сәттен бастап бұл алаң мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың тұрақты механизміне айналды. Ұлттық құрылтай мүшесі, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» жеке мекемесінің төрағасы Сергей Худяков үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін ресми мойындаған сол форумның тарихи маңызын атап өтті.
Бүгінде «Қазақстанның Азаматтық альянсы» қауымдастығы еліміздегі 3000-нан астам үкіметтік емес ұйымды біріктіреді. Оның 25-і біздің облыста тіркелген.
Форум аясында «Жылдың үздік үкіметтік емес ұйымы» аймақтық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Әлеуметтік саланы дамытуға сүбелі үлес қосқан 13 ұйымның жобалары жоғары бағаланды.
Сәуле МЕРГЕН.