Алаштың небір ардақты перзенттерінің іздері сайрап жатқан облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетіне аптасына, айына бір рет бас сұқпаса “ішкен асы бойына тарамайтын” азаматтар арамызда аз емес. Олар туралы айтқанда аузымызға алдымен ардагер-ұстаз Серік Уәлиев түседі. Ол, әсіресе, газетімізге жазылу баяу жүріп жатқан дәл қазіргідей кезде қарашаңыраққа жиі ат басын бұрып, езуге күлкі үйіретін қызықты әңгімелерімен бөлісуді әдетке айналдырған. Біздің “газетке әр келген сайын жазылсаңыз қайтеді?” деген әзілімізге “оған еш қарсылығым жоқ. Төрімізде облыстық басылымның бірнеше саны тұрса да артықтық етпейді” деп байсалды жауап қататын да осы кісі.
Ол бүкіл ғұмырының өзегіне айналған ұлағатты ұстаздыққа кездейсоқ келмеді. Екінші дүниежүзілік соғыстың жарасы әлі толық жазыла қоймаған 1948 жылы Есіл ауданындағы Бірлік ауылында дүние есігін ашқан кейіпкеріміз әке мен шешенің өнегелі тәлімін алып, туған жеріндегі бастауыш, содан кейін Николаевкадағы орта мектептерді үздік деген бағамен тамамдайды. Бойындағы білім алуға, оқуға деген талпынысы оны Н.Ушинский атындағы Петропавл педагогика институтына жетеледі. Еңбек жолының Шал ақын ауданындағы Ленин орта мектебінде шәкірт санасына оқу-білімнің дәнін сіңіруден басталғаны жас маманға зор жауапкершілік жүктеді: қабілетін талмай іздену арқылы шыңдады, өзін еңбекпен қайрады. Серік Сейпиұлы өзінің ұстаздық жолын былайша еске алды: “Қырық жылдан астам уақыт ғұмырымды болашақ ұрпақты тәрбиелеуге арнаппын. Шал ақын, Тимирязев аудандарындағы білім ордаларында еңбек еткен соң ұстаздық жолымды өзімнің туған ауылым – Есіл ауданындағы Бірлік орта мектебінде жалғастырдым. “Ер – туған жеріне” демей ме дана халқымыз. Қанатымды қатайтып, талабымды ұштаған мектебімді он жылдан астам басқарып, құрметті еңбек демалысына шықтым. Қазір шыққан төбемнен өткен өміріме зер салсам, Аллаға шүкір деймін”.
Иә, артында қалған жетпіс жылдық ғұмырына бұрылып қарағанда оның жаны сергиді, көңілі марқаяды. Өйткені, Серік ағамыз адал еңбегімен, кесек, турашыл мінезімен өз өмірінің сәулетшісіне айнала білген жан. Құдай қосқан қосағы екеуі үш ұл мен бір қыздың сүйікті ата-анасы атанды. Төрт бірдей перзентті өмірге әкеліп қана қоймады, өсірді, оқытты, қанаттандырды, өмір соқпағында тарам-тарам жолдар болатынын, жан дүниесін таза ұстап, еліне адал қызмет ететіндер адаспайтынын түсіндірді.
Бауырынан тараған балаларының да әке тәлімінен ағат кеткен кезі жоқ. Үлкен қызы Күләш – жоғары білімді, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, бүгінде абыройлы еңбек етіп жүр. Ұлдары: Бақыт подполковник шенінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде жауапты қызмет атқарады, ал Бейбіт – Шымкент қаласындағы үлкен әскери бөлім командирінің орынбасары. Кенже ұлы Даниярдың есімі өңір жұртшылығына таныс. Ол бүгіндері облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары болып жұмыс істейді, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты. “Мен баламның талпынысына қолымнан келгенше қолдау білдіруге тырыстым. Ауыл мектебінде оқып жүрген кезінен жаңашылдыққа жақын. Қазір сол бала армандарын жүзеге асырып, облыстағы робототехника ісін дөңгелетіп отыр деуге болады. Мектеп оқушыларын робототехника үйірмелеріне тартып, республикалық, халықаралық жарыстарға апарып, жүлделі орындардан көрінуде”, – дейді Серік Сейпиұлы.
Сөз арасында одан “Soltústіk Qazaqstan” газетіне ерекше ықыласпен қарауының себебін сұраған едік. Ол бұл сауалымызға: “Ауылда тұрған жылдары облыс орталығына ара-тұра қатынайтын едім. Сондай кездерде редакциядағы азаматтарды көріп кету мен үшін бір ғанибет болатын. Мұнда еңбек ететін қаламгерлермен әңгімелескеннің өзі маған біраз уақытқа қуат беруші еді. Олар Қазақстанның тәуелсіздігінің баянды болуына істерімен де, сөздерімен де көп еңбек сіңіріп жүрген жандар”, – деп жауап берді.
Серік аға үшін ел егемендігі – баға жетпес құндылық, орны бөлек игілік. Ол азаттық алған алғашқы жылдардағы өтпелі қиындықтарды елмен бірге, жұртпен жұмыла көріп қана қоймады, оны нығайту жолындағы жұмыстардың белортасында жүрді, болашаққа біліммен керуен тартқан шәкірт тәрбиелеу ісінен айнымады. Мектептің алға басуына бар күшімен еңбек етті.
Тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру кезінде елге бас болатын азаматтардың қара бастарын күйттеп, қалаға қарай ағылғанын сол кездің куәгерлері қалай ұмыта қойсын? Осындай сәтте Серік Уәлиевтің ауылдан ажырамай, жұртшылықпен бірге болғаны, жоқшылықты да, тоқшылықты да көппен бөліскені бек шындық. Облыс орталығына көшіп келгеніне көп бола қоймаған ол бүгінге дейін туған жерімен байланысын үзген емес.
Өмірде өзгелерге үлгі етіп көрсеткің келетін адамдар болады. Мінезі – кесек, тұлғасы – нар. Олар мансапқа, атаққа бас имейді, адал еңбек етудің жарқын өнегесіндей, тұла бойлары тұнған кісілік. Айналасын жақсылығымен жарылқап, шапағатына бөлеп жүреді. Жаратылысынан атаның емес, адамның баласы. 16 желтоқсан күні жетпіс жастың биігіне көтерілгелі отырған Серік ағамыз, міне, осындай азамат!
Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.