Өткен ғасырдың екінші жартысында, анығын айтсақ, Кеңес Одағы тарағанға дейін біздің облысымызда да кәсіптік одақтар дүрілдеп тұрды. Содан да мүшелерінің саны жағынан бәрін жеке-дара басқарған, “ақ” дегені – алғыс, “қара” дегені – қарғыс, Коммунистік партияның өзін он орап алатын, ең бұқаралық ұйымның – “коммунизм мектебінің” тізгінін биліктің оқшантайында қайнап, құрыштай шыныққан, тәжірибесі мол кілең мықтылар ғана ұстайтын. Солардың арасында қазақ азаматтарының болғаны есімде жоқ. Осы сең 1990 жылдың қаңтарында ғана бұзылды. Баламалы негізде өткен кәсіптік одақтардың облыстық кеңесі төрағасының сайлауында Амантай Ыдырысұлы Тәженов жеңіске жетті. Бұл нағыз сенсация еді! Біріншіден, тұңғыш рет дауысқа бес кандидат түсті. Бесеуі де – “сен тұр мен атайын” дейтін елге танымал тұлғалар. Солардың ішінен қазақ азаматының суырылып шығуы бұл енді нағыз ерлік еді!
Сол уақытта жұртшылық жаңа төрағаның жасының әлі қырыққа да толмағанын баса айтып жатты. “Жарайсың!” – деп біз де сүйсіндік. Ел болып қуануымыздың тағы бір себебі – осының алдында ғана өткен облыстық кеңестің сайлауында үмітімізді ақтайды деп үкілеп бәйгеге қосқан үш бірдей азаматымыз көлденеңнен келіп киліккен “қызыл жағалыға” жол беріп, осы өңірдегі аттөбеліндей аз ғана қазақтың намысы тапталып, жүні жығылып қалғандай болған. Амантай Ыдырысұлы өзінің жеңісімен сол өшуге шақ қалған үміт отын қайта жақты, бойға сенім ұялатты.
Додалы бәсекеде оның мерейінің үстем болуын кездейсоқ дей алмайсың. Өйткені, ол жас болса да, біраз істің басын қайырған, өзінің білімі мен білігін, алғырлығын сол кездің өзінде анық танытып үлгерген азамат еді. 1973 жылы Петропавл педагогикалық институтын тамамдағаннан кейін еңбек жолын Ленин (қазіргі Есіл) ауданындағы Николаевка орта мектебінде мұғалімдіктен бастаған Амантай Тәженов қызмет баспалдақтарымен тез өсті. Арада екі жыл өткеннен кейін аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды, 1979-1985 жылдар аралығында Ленин аудандық партия комитетінде, облыстық партия комитетінің аппаратында жауапты қызметтер атқарды. Талапты жас білімін жетілдіруді де ұмытқан жоқ, өндірістен қол үзбей жүріп, Қорған ауыл шаруашылығы институтын тамамдады, агроном мамандығына ие болды. Ал 1985 жылы кәсіптік одақтардың облыстық кеңесінің хатшысы болып сайланды. Демек, оның жеңісінің астарына үңілген адам Амантай Ыдырысұлының жұлдызының кездейсоқ жанбағанына, оны өмірінің жаңа белесіне бұған дейін істеген қызметтерінде жинаған азды-көпті тәжірибесі жетелегеніне көз жеткізер еді.
Мұндай жоғары сенім екінің біріне көрсетіле бермейді. Олай болса, оны ақтау – азаматқа сын. Осыны жақсы түсінген Амантай Ыдырысұлы аянып қалған жоқ, алғашқы күннен өзінің бар білімі мен тәжірибесін еңбек ұжымдарының алдында тұрған ауқымды міндеттерді шешуге, бір сөзбен айтқанда, ел сенімін ақтауға жұмсады. Ол уақыт талабын ескере отырып, кәсіптік одақтар қызметін реформалау мақсатында ауқымды шараларды қолға алды. Бұл оңай шаруа еместі. Өйткені, ұзақ жылдар бойы байлаулы бұзаудай күй кешіп, Коммунистік партияның айдағанымен ғана жүруге үйреніп қалған кәсіптік одақты дербес жұмысқа, биліктің басқа буындарымен тең сөйлесуге, бәсекелестікке баулу үшін алдымен оның белсенділерінің дүниетанымын өзгерту керек болды. Осы жолда ол ат үстінен түспей еңбек ұжымдарын аралады, халықпен кездесті, жұртшылыққа кәсіптік одақтарының ірі бұқаралық ұйым екенін, оның мүшелерінің қоғам өмірінің түйінді мәселелерін шешуге белсене қатысуын қамтамасыз етудің маңыздылығын түсіндірді.
Осындай уақытпен санаспай жүргізілген сан-салалы жұмыстардың нәтижесінде облысымызда тұңғыш рет кәсіптік одақтары мен халық депутаттары облыстық кеңесі атқару комитетінің арасында 1990-1991 жылдары еңбекшілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі келісімге қол қойылды. Бұл да жас төрағаның ауыз толтырып айтарлықтай жеңісі еді. Сайып келгенде, осындай қадамдар арқылы қатардағы еңбек адамдарының мүдделерін қорғауға, еңбек ұжымдарындағы даулы мәселелерді ушықтырмай реттеп отыруға жол ашылды.
Облыстық кәсіптік одақтарын ол басқарған кезде күн сайын дерлік тың бастамалар өмірге келіп жатты. Мәселен, 1992 жыл қауіпсіздік және еңбек қорғау жылы деп жарияланды. Оның аясында жүзеге асырылған шаралар бұл мәселеге жаңа көзқарас қалыптастырды. “Әр адамды лайықты, қауіпсіз жұмыс орнымен қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз болуға тиіс. Өндіріс басында кездесетін қайғылы жағдайларды барынша азайту үшін күресуіміз керек”, – деген ол Бірлік күні мерекесінде жұмыс барысында мерт болғандарды еске алу жайлы бастама көтерді. Бұл күні кәсіподақ және кәсіпорындары мен мекемелер басшылары осындай жағдайларға душар болғандардың отбасында болып, олардың тұрмыс жағдайымен танысатын, қолдан келген көмектерін жасайтын болды.
Кезінде Амантай Ыдырысұлының Ресей Федерациясының өңірімізбен шекаралас Омбы, Қорған, Түмен облыстарының кәсіптік одақтарымен ынтымақтастық орнату жөніндегі бастамасы да кең қолдау тапқанын білеміз. Көршілермен делегациялар алмасу, озық тәжірибені ортақ игілікке айналдыру жолындағы бірлескен ізденістер көршілес өңірлердің кәсіптік одақтарының мүмкіндіктерін молайтып қана қойған жоқ, іске тың серпін берді, бұқаралық ұйымның жұмысын жаңа мазмұнмен байытты.
Оның кәсіптік одақ мүшелері өмірдің барлық салаларында алдыңғы шепте болуға тиіс деген пайымының да баршаны баурағаны анық. Соның бір көрінісі сол жылдары кәсіптік одақ белсенділерінің түрлі деңгейдегі кеңестер депутатының мандаты үшін күресі серпін алды. Нақ осы кезде Амантай Ыдырысұлының өзі облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Ал депутаттар оған облыстық кеңестің жастар, ардагерлер мен мүгедектер, әйелдер ісі, аналар мен балаларды және тұрғындардың денсаулығын қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясын басқаруды сеніп тапсырды. Ол бұл қызметте де өзін халықтың шын жанашыры ретінде таныта білді. Денсаулық сақтау, білім және мәдениет салалары қызметкерлеріне, мектеп жасына дейінгі ведомстволық балалар мекемелеріне барып жүрген сәбилер үшін өтемақы төлеу, музыкалық мектептерде оқитын балаларды ақы төлеуден босату, шағын отбасыларына арналған жатақханаларда тұратындардың ақы төлеуін тәртіпке келтіру сияқты әлеуметтік маңызы зор мәселелерді көтеріп, солар бойынша нақты шешімдердің қабылдануына жетісуі, міне, осының айғағы.
Сол жылдары облысымызда қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйлерін, жетім балалардың отбасылық үлгідегі балалар мекемесін, сауықтыру орындары мен демалыс лагерьлерін салуға зор маңыз берілді. Бұл істерге де Амантай Ыдырысұлының қосқан үлесі сүбелі. Әсіресе, оның соғыс және еңбек ардагерлеріне, интернационалист жауынгерлерге деген көңілі ерекше еді. Олармен жиі кездесетін, әйтеуір, қолынан келген көмегін аямайтын.
Тәуелсіздікке қолымыз жеткен жылдары төбеміз көкке жеткендей болып, қуанышымыз қойнымызға симағанымен, қиындықтардың да еңсемізді басқаны белгілі. Одақ ыдырап, бұрынғы экономикалық байланыстар үзілгеннен кейін көптеген ұжымдардан береке кете бастады. Осындай күрделі кезеңде, жау жағадан алғанда, дос етектен тартады дегендей, елімізде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің арасына от жағып, бірлігімізге сызат түсіргісі келгендер де табылды. Жасыратыны жоқ, сол тұста төбесімен көк тірегендей болып жүрген көптеген басшылар жасқаншақтанып, халыққа бір ауыз сөз айтуға жарамай қалды. Ал Амантай Ыдырысұлы болса, күн сайын дерлік еңбек ұжымдарының мүшелерімен кездесіп, қиындықтардың бәрі уақытша екенін көпшілікке түсіндіріп, этностар арасындағы ауызбіршілікті сақтап қалуға өз үлесін қосты. Ол кезде биліктегілерге қарсы уәж деген қарша борайтын. Оларға тоқтау айтуға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін. Ал Амантай Ыдырысұлы болса, өзінің парасатты ойымен, ішкі мәдениетінің мөлдірлігімен, ерекше қайырымдылығымен, ашық мінезімен бәрінің көңілін табатын. Оған қайсарлығын, талапшылдығы мен іскерлігін қосыңыз. Осындай қасиеттердің бір адамның бойынан табылуы, әрине, азаматтың тұғырының биіктігін, оның даралығы мен даналығын айғақтайды. Оған ұлы Абай айтқандай, жылы жүрек, нұрлы ақыл мен ыстық қайрат тән еді. Жерлестері оның әр қадамына сүйсініп, болашағынан зор үміт күтті. Алайда, талай асылдарды сүріндірген ажал оны да алып тынды. Отызында орда бұзған ол небәрі қырық бір жасында, қамал алатын шағында ауыр дерттен көз жұмды. Содан бері де жиырма үш жыл өте шығыпты. Бірақ жүрек жылуы мол, болмысы бөлек, аяулы азаматтың есімі ұмытылған жоқ. “Тау алыстаған сайын биіктей береді” дегендей, жерлестері Амантай Ыдырысұлының туған еліне, халқына деген сүйіспеншілігі, адал қызмет етудегі жеке өнегесі кейінгі ұрпақтың талай буынына сәулесін түсіре беретініне кәміл сенеді.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.