«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚТЫҢ ӘР ТАҢЫ ҚЫМБАТ

Қазақстан Тәуелсіздігіне қол жеткізген 1991 жыл күні бүгінге дейін менің есімде. Тәуелсіздік әрбір адамның бойында ерекше патриоттық рух оятты десем, артық айтқаным емес. Егемен ел атанғанда бойда ерекше күш, сенім, жігер пайда болды. Жарқын болашаққа деген үміт оты көңілде сәуле шашты.

Тәуелсіздік алған уақытта ел экономикасында көптеген күрмеуі қиын мәселелер туындады. Әрине, экономикасы тұралап қалған елді көтеру оңай шаруа емес. Әлеуметтік жағдай өз алдына бөлек әңгіме. Пайдадан гөрі, шығынға белшесінен батқан көптеген кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары жекешелікке өтті. Өйткені, онсыз да экономикасы төмен Қазақстан үшін кәсіпорындарды қаржымен қамтамасыз ету қиын болатын. Елді көтеру бір адамның ғана қолынан келетін іс емес. Сондықтан бұл мәселеге барлығымыз бірдей атсалысып, еліміздің болашағы үшін жұдырықтай жұмылуымыз қажет екенін түсіндім. Сөйтіп, “Меңгесер өндірістік кооперативі” 1998 жылы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі болып қайта құрылды.  

Бұрынғы қарыздарды жауып, агроқұрылымның жұмысын жандандыру қиынға соқты. Ол кезде бүгінгідей мемлекеттік жобалар жоқ еді. Тек өз күшіңмен ғана күн көресің. Қосымша табыс көзі болмаған соң ақшадан көп қысылдық. Жылына бір рет қана табыс табамыз. Онда да күзгі астықты өткізген соң ғана. Бидай шықпай қалса, жағдай қиын болатын. Демеуқаржы дегенді мүлде білмейтін едік. Сол уақытта доллар түгіл, теңгені табудың өзі қиын тиді. Бірақ сонда да намысқа тырысып, қолға алған істі әрі қарай ілгерілетуді өзімнің міндетім деп санадым. Меңгесер ауылының тұрғындары да бізге сенім артты. “Атымды адам қойған соң, қайтіп адам болмайын” дегендей, ел маған үміт артқанда сенімге селкеу түсіруге болмайтынын түсіндім.

Бастапқыда 120 адамды жұмыспен қамтамасыз еттік. 7,5 мың гектар егістік алқапқа дән себілді. Құдай ісімізді қош көріп, бақытымызға орай 1999 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес “ҚазАгроҚаржы” АҚ құрылды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаражаттарына, сондай-ақ, лизинг негізінде технологиялық жабдықтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы республиканың аграрлық секторының дамуына қолдау жасау мақсатында құрылған компанияның көмегін алған агроқұрылымдардың бірі екенімізді баса айтқым келеді. Одан кейін де көптеген тың жобалар жүзеге асырылды.

Қазіргі таңда кәсіпкерлер үшін “Даму” қорының да қолдауы ерекше. Егістікте озық технологияларды пайдалана отырып, мол астыққа қол жеткізіп жүрген ірі агроқұрылымдардың бірі ретінде бәсекелестік әлеуетіміздің артқаны – біз үшін зор қуаныш. Бүгінде біздің коммандиттік серіктестігімізде 230 адам жұмыс істейді. 2015 жылы орташа жалақы 83 мың теңгеден айналды. Биыл да еңбекақыны өсіргіміз келеді, бірақ қазір елде экономикалық қиын жағдай орын алды. Бұл ауыл шаруашылығы құрылымдарына да оңай соқпасы анық. Дегенмен, бұрынғысынша еңбек етіп жатырмыз. Жалақы да уақытында төленеді. Бірақ алда бізді не күтіп тұрғаны белгісіз. Сондықтан біз жұмысты бұрынғыдан да жақсы істеуіміз керек. Оған, әрине, мүмкіндігіміз бар. Қазір агроқұрылымда 23,5 мың гектар егістік жер бар. Оның 18 мың гектарына бидай себіледі. Шамамен 2 мың гектар алқапта майлы дақылдар өсіріледі.

Біз егін егумен ғана емес, асылтұқымды етті мал өсірумен де айналысудамыз. 2012 жылы АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан абердин-ангус тұқымды 200 бас тайынша сатып алдық. Асылтұқымды етті мал басын бүгінгі таңда 600-ге дейін көбейттік. Өзіміз қолдан ұрықтандырамыз. Сондықтан нәтиже жаман емес. Бұл, әрине, Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан шаруалар. Ең бастысы – Тәуелсіздігіміздің арқасында осындай жетістіктерге қол жеткізудеміз. Егер Үкімет кәсіпкерлерге тиісті жағдай жасамаса, онда біздің де ісіміз оңға баспаушы еді. Мәселен, былтыр 83 миллион теңге демеуқаржы алдық. Бұл ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін үлкен көмек. Бірақ біз үнемі ауыз ашып, қол қусырып отырмауымыз керек. Қиын кезде тиісті көмек көрсетілді, енді тек ширақ қимылдап, мол қайтарыммен жұмыс істеген жөн. Елбасымыз халыққа арнаған биылғы Жолдауында да бәсекеге қабілетсіз компаниялар мемлекет есебінен қаржыландырылмауы тиіс екенін айтқан болатын. Бұл – біздерге де қатысы бар мәселе.

“ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның қолдауымен техника паркі жаңартылды. Қазір 200-ден астам техника бар. Оның дені шетелден сатып алынды. Ал облыс орталығында “ҚАЗТЕХМАШ” машина жасау зауытында астық жинайтын комбайндар мен ауыл шаруашылығына қажетті техникалар құрастырылып шығарылуда. Бұл жақсы бастама деп ойлаймын. Сондықтан алдағы уақытта зауытта жасалатын техникаларды да сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазақстанда жасалған әр бұйым қолдауды қажет етеді. Ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды құрастырып шығаратын зауытты, әсіресе, ауыл шаруашылығы құрылымдары қолдауы қажет. Өзімізді өзіміз қамшыламасақ, экспорттық әлеуетіміз де дамымайды. Осындай заманауи техникалардың көмегімен жұмыс күшін де арттыруға болады.

Былтыр солтүстікқазақстандық аграршылар үшін сәтті жыл болды. Біздің шаруашылықта бидайдың орташа түсімі әр гектардан 20 центнерден айналды. Ала жаздай егіс танабын күтіп-баптайтын диқандардың еңбегі ақталса, еліміз де зор табысқа кенеледі. Мешін жылы да жақсылықтарға толы болатынына сенімдімін. Еліміз үшін биыл – мерекелі жыл. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы – өткенді қорытындылап, болашаққа жоспар құратын кезең. Болашақта іске асырылуы тиіс жоспар көп. Соның бірі – сауын сиырлар ұстау. Өткен жылы 600 бас сауын сиыр сатып алуды жоспарлаған едік. Алайда, дағдарыс кесірінен бұл ойымызды жүзеге асыра алмадық. Қазір тиісті құжаттар рәсімделуде. Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын.

Егемендіктің арқасында өз ісімізбен айналысып, халыққа қызмет етіп отырғанымыз үшін қуанышым шексіз. Коммандиттік серіктестікте жұмыс істейтін әр адамның ел дамуына қосар үлесі зор. Таңның атысынан, күннің батысына дейін барлығы бір адамдай жұмыс істейді. Әсіресе, қазіргідей экономикалық қиын жағдайда табысты жұмыс істеудің өзі оңай болып отырған жоқ. Ақшаны табан ақы, маңдай терімен табатын жұмыскерлерімнің еңбегін мен жоғары бағалаймын. Алдынан шаруа үркіп тұратын адамдармен ісіміз өрге басуда. Тұрғындар үшін қолымыздан келгенше жағдай жасаудамыз. Жыл сайын үй салынады. Бізде бір емес, екі білім ошағы бар.

Мен үшін Тәуелсіздіктің әр таңы қымбат. Әр күніміз жақсылыққа толы болуы тек өзімізге байланысты. Бізге бақыт болып келген азаттығымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, ел игілігі жолында аянбай қызмет етуге тиіспіз.

Еркебұлан МӘМБЕТОВ,

“Мәмбетов және К” КС-нің

бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp