«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙДАР АМЕРИКАДА БАҒЫН СЫНАЙДЫ

Өңіріміздің спорт тарихында ауыр атлетикадан әлем чемпионатына қатысқан, осы ретте ел намысын қорғаған спортшы болған емес. Осы бақыт жиырма жасар жерлесіміз Айдар Қазовқа бұйырып тұр. Ол 20-29 қараша аралығында АҚШ-тың Хьюстон қаласында ауыр атлетикадан өтетін әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасының қатарында сынға түседі.

Осы оқиға қарсаңында біз Айдар Қазовтың бапкері, ауыр атлетикадан облыс құрамасының бас жаттықтырушысы Ерік Әлібаевпен кездесіп, сұхбат өткізіп үлгердік. Өйткені, ол 17 қарашада Хьюстонға аттану үшін Астанаға жол жүріп кетті.

– Ерік Кәрімжанұлы, Айдардың АҚШ-қа аттануы, ел намысын қорғауы ауыр атлетика тарихында өңірімізде болмаған оқиға десек, қателеспеспіз.

– Бұл анық. Әрине, мақтан тұтамыз. Алайда, жауапкершілігі де зор екенін түсінеміз.

– Оның бұған дейінгі жетістіктері ысылғанын айғақтайды ғой. Демек, үміт арту артық болмас.

– Рас оның жетістіктері олқы емес. 77 килограмға дейінгі салмақта сынға түсетін шәкіртім жиырма жаста ғана болса да, Қазақстанның чемпионаттарында неше дүркін жеңіске жетті. Соған қоса, биыл қазан айында Таиландта Азияның чемпионы атағын жеңіп алды. 2012 жылы серпе көтеруде жасөспірімдер арасында 179 килограмды бағындырып, әлем рекордын орнатқан. Сол жылы Қырғызстанда осындай сынақта Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді.

Ал 2015 жылғы қыркүйекте Қытайдың Фуджоу қаласында Гран при сайысында ересектер арасында сынға түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Талдықорғанда биылғы қазан айында ІV республикалық спартакиада ойындарында жаттықтырушылар кеңесінің ұйғарымымен 85 килограмда сынға түсіп, соның негізінде ел құрамасына қабылданды. Өйткені, жаңа салмақта мықты деген қарсыластарын кейінге ығыстырып, күміс алқа тақты.

– Хьюстондағы чемпионаттың тартысты өтетіні белгілі. Ал оған біздің елімізден неше спортшы қатысады?

– Бұл ерлер арасындағы – 82-ші, әйелдердің 25-ші әлем чемпионаты болмақ. Ел құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Нидің ұйғарымымен 8 ер, 7 әйел штангашы біздің құраманың сапында сынға түседі. Олимпиада ойындарының екі дүркін алтын алқа иегері Илья Ильин бұл чемпионатқа қатыспайды. Оның 2016 жылғы Рио-де Жанейро Олимпиадасына лицензиясы жай да бар. Ал өзгелерге лицензия қажет. Айдар да одан дәмелі.

Алайда, жеңіске жету өте қиын екенін сеземін. Өйткені, ол сынға түсетін 77 килограмға дейінгі салмақта дүниежүзінің ең мықты деген 34 зілтеміршісі тоғысады. Осылардың жолын бөгеп көріңіз! Бірақ “Шешінген судан тайынбайды!” демекші, күресіп бағамыз. Осы сынақта алтыншы орын алсақ, Олимпиадаға лицензия иеленуге болады.

– Қазір шәкіртіңіз қайда жаттығып жүр?

– Ол Талдықорғанда Қазақстан зілтеміршілерінің тағы бір бапкері, түркиялық досымыз, ауыр атлетиканың белгілі білгірі Енвер Туркеллеридің бақылауында бабын жетілдіре түсуде.

– Әлем сынағы 20 қарашада басталады ғой. Ал Айдардың сынға түсуінен құр қалмау үшін көгілдір экранды қай күні “аңдуымыз” керек?

– Біз Хьюстонға үш кезеңде барамыз. Мысалы, бапкерлер ертерек аттанады. Ал зілтеміршілер жарысқа шығатын күні жақындағанда келеді. Сөйтіп, Айдар 25 қарашада сынға түседі.

– Оның ең соңғы көрсеткіштері қандай?

– Айдар соңғы ретте жұлқып көтеруде – 158 килограмды, ал серпе көтеруде 201 килограмды бағындырды. Демек, қоссайыс нәтижесі – 359 килограмм. Бұл – халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің көрсеткіші.

– Ал, жалпы, біздің өңіріміздегі ауыр атлетиканың болашағы қандай деп ойлайсыз?

– Бізде ауыр атлетиканың өзге спорт түрлерінен кенжелеу қалғаны – ақиқат. Өзге өңірлерге қарағанда, айталық, Ақмола облысындағыдай дами қоймаған. Бірақ біз де қол қусырып отырған жоқпыз. Қазір ауылдық жерлерде ауыр атлетикаға ден қойылған. Облыс орталығында да үйірмелер жұмыс істей бастады. Ең бастысы, ерінбей, қиыншылықтарды алға тарта бермей, жігер, күш-қайрат жұмсау керек. Сонда жеңіске де қол жетеді.

– Лайымда солай болғай!

Әңгімелескен

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp