
Біз жеңімпаздың тілекшісі болып, сары құрлықтан оралған ауыр атлетикадан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Ерік Әлібаевқа жолығып, өз жанкүйерлеріне толассыз қуаныш сыйлап жүрген бауырымыздың спорттық жолы мен бабы жайлы айтып беруін сұраған едік.
– Ерік, Айдарды қай уақыттан бері білесіз?
– Оның тарихы әріден басталады. 1986 жылы мені Возвышен ауданының (қазір М. Жұмабаев) Александровка орта мектебіне директор етіп жіберді. 2007 жылы ауыр атлетика залын ашу жөніндегі ұсынысымды ауданның сол кездегі әкімі Айдарбек Сапаров, кеңшардың директоры Вячеслав Чернышев, тағы басқа азаматтар қолдады. Бастама көтергенмен, кейбір спорттық құрал-жабдықтарды мектептерден, таныстардан жинауға тура келді. Бастапқыда үйірмеге 50-ге тарта бала келгенімен, кейін жартысына жуығы ғана қалды. Өйткені, сабақтан кейін тынымсыз жанкешті жаттығуларға мықтының мықтысы ғана шыдайтын. Сол балалардың ішінен құйтақандай Айдар назарымды бірден аударды. Кейбіреулер әр нәрсені сылтауратып, жаттығуларға келмей қалса, ол бірде-бірінен қалмайтын. Айтқан ақыл-кеңестерді лезде қағып алып, мүлтіксіз орындайтын. 6-сыныпта оқитын оның салмағы бар-жоғы 27 килограмм болғанына қарамастан, өзінен ірі балалардан әлдеқайда әлді болатын.
– Ауыр атлетика үйірмесін ашуға не түрткі болды?
– 1979 жылы Петропавл педагогика институтының дене шынықтыру факультетіне түсіп, бірінші курстан бастап ауыр атлетикамен шұғылдандым. “Авангард” стадионында жаттығатынбыз. Михаил Дугаль деген жаттықтырушыма алғысым шексіз. 1983 жылы жас маман ретінде жолдаманы Бастомар мектебіне берді. Ауыл спортын жандандыруға хал-қадерімше үлес қосып келемін.
– Сыпайылығыңызды түсінемін. Алайда, екінің бірі тәуекел ете бермейтін спорттың ауыр түріне қазақтың баласын 10 жыл бойы тынымсыз баулып келе жатқан үйлі-баранды азамат баспанасыз жүр дегенді басқалардан естіп, сене алмай отырмын.
– Иә, үш жылдан бері келіншегім екеуіміз, екі баламыз бар, пәтер жалдап келеміз.
Мен бәрінен де аймақ басшысы Ерік Хамзаұлының тікелей қолдауымен 2015 жылы қаланың қақ ортасынан Айдарға екі бөлмелі пәтердің берілгеніне қатты қуандым.
– 1985 жылдан бері өңір зілтеміршілерінің республикалық жарыстарға қатыспағанын, тек өзіңіз 2007 жылы аға жаттықтырушылық тізгінін ұстағаннан кейін спорттың осы түрі жандана бастағанын ескерсек, қандай да марапатқа лайықсыз деп ойлаймын.
– Атам қазақ айтпай ма, “жүгірген алмайды, бұйырған алады” деп. Аманшылық болса, бір жөні болар.
– Айдардың 2017 жылы АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына қатысатыны белгілі. Маңдайы жарқырап келсін деп тілейік. Сол кезде баспана мәселесі де шешіліп қалар.
– Жылы тілегіңізге рахмет! Келесі жылы үш ірі жарыс алдымызда күтіп тұр. Біріншісі, Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионаты. Екіншісі, халықаралық Универсиада. Үшіншісі, өзіңіз айтқан мұхиттың арғы жағындағы бәсеке.
– Айдардың үлкен спорттағы алғашқы қадамы қалай басталды?
– 2007 жылы күзде К. Сафин атындағы бокс мектебінде оқушылар арасында ауыр атлетикадан облыстық жарыс өтетін болып, 15 баланы алып келдім. Менде оларды қатыстыру емес, көрсін, білсін, үйренсін деген бір ғана мақсат болды. Тек Айдарды байқап көру үшін додаға қостым. 30 килограмм салмаққа дейінгі үміткерлер арасында жұлқи көтеруде – 20, серпе көтеруде 27 килограмды еңсерді. Жарты жылдан кейін 34 килограмм салмақ дәрежесінде облыс чемпионы атанды.
Енді қараңыз, 1,5 жылдан кейін спорт шеберлігіне кандидат, ал 9-сыныпта спорт шебері нормативін орындады. 2012 жылы Прага қаласында жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған әлем чемпионатынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері болып оралды. 69 килограмм салмақта сайысып, серпе көтеруде 169 килограмды көтерді. Бұл рекорд әлі күнге дейін өзгеріссіз тұр! Бүгінде Қазақстан құрамасының белді мүшесі саналады.
– Былтыр Тайландта өткен Азия чемпионатында қай салмақта күш сынасты?
– 77 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, чемпиондық атақты жеңіп алды. Серпе көтеруде – 157, жұлқи көтеруде 194 килограмды бағындырды. Қытайдағы Гранпри бәсекесінде үшінші орынды иеленді.
– Ерік, жастар арасындағы тартыс 23 жасқа дейінгілер арасында өтетіні белгілі. Айдар 21-де ғана. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен ересектер арасындағы әлемдік додаға қатыстыруға жүрексінген жоқсыздар ма?
– Тәжірибе, техника осындай аламан бәйгелерде толысады, шыңдалады, жинақталады. Осы жағы баса ескерілді. Үлкендермен үзеңгі қағыстыруда ондыққа ілігуі жаман нәтиже емес. Серпе көтеруде бесінші орын алды.
– Енді Катарға оралайық. Алдындағы Азия біріншілігіне қарағанда бұл жолғы көрсеткіші олқы түскен секілді.
– Қоссайыс жиынтығында 318 килограмды еңсерді. Шынын айтсам, жұлқи көтеруде әлі де мүмкіндіктері болды. Біз 140 килограмды қанағат тұттық. Өйткені, кез келген жаттықтырушының, спортшының құпияда ұстайтын, аша бермейтін тактикалық шешімдері болады.
– Айдар 8-сыныптан бастап Алматыдағы дарынды балаларға мамандандырылған спорт мектебінде оқуын да, жаттығуын да жалғастырған екен. Бір-біріңізден қол үзіп қалған жоқсыздар ма?
– Екі жасында әкесі қайтыс болып, анасының бауырында өсті. Бір-бірімізге әбден бауыр басып кеткеніміз соншалық, әкелі-баладай сыйласамыз. Кез келген жарысынан қалмаймын. Менімен әр кез ақылдасып отырады.
– Кезінде Айдардың биыл Бразилияда өткен жазғы Олимпиадаға қатысатыны туралы көп айтылып, соңынан пышақ кескендей сап тыйылды. Оның себебі неде?
– “Апам да аң-таң, атам да аң-таң” демекші, АҚШ пен Тайландта олимпиадалық ойындардың қос лицензиясын ұтып алған Айдар жайлы ойласам, әлі күнге дейін іш қазандай қайнайды.
4 тамызға Рио-де-Жанейроға дейін билет алып, ұшайын деп тұрған жерімізден “бармайсыңдар” деген суыт хабар келді. Бастапқыда команда құрамына 6 спортшы енген. Допинг дауына байланысты бір лицензиядан айрылған соң Айдарды “құрбандыққа” шалып жіберген. Бәрінен де құрыққа сырық жалғаған қулықтары ашындырады. Ел намысын қорғауға бара жатқан команда құрамына бір қазақтың енбеуі еңсені түсіреді. Әйтпесе, нағыз бабында жүрген Айдар тегі қола медаль олжалар еді.
– Құраманың бас бапкері Алексей Ни емес пе, ақтық сөзді айтатын?
– Ол не десін? Алда әлем чемпионаты тұр, соған қатысады дегендей мәймөңкелетеді. Ол айтпаса да, түсінікті жайт қой.
Жасыратыны жоқ, спортта бабы келіскен спортшылардың бағын қасақана байлау секілді қитырқұлықтар жиі кездеседі. Соның бірі осы мысал.
– Айдар бауырымызға көпе-көрінеу қысастық жасалғанына “әй дер әженің, қой дер қожаның” табылмағаны таңдандырады. Әділдіктің үстемдік құрарына сенейік. Өңірдегі ауыр атлетиканың даму бағыт-бағдары қалай?
– Арадағы ширек ғасырдай үзілістен кейін бірден жарқ етіп көріну оңай емес. Десек те, зілтеміршілердің тегеурінді шоғырының қалыптасып келе жатқаны үміттендіреді. Оның негізгі базасы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық спорт мектеп-интернатында шоғырланған. Мәселен, 8-сынып оқушысы Дмитрий Головин спорт шебері нормативін орындады. Александр Тарахтий ел чемпионы атанды. Қыздар арасында да әуестенушілер қарасы аз емес.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.