Адамның тілі мен мәдениеті — бір-бірімен тығыз байланысып жатқан ұғымдар. Мәдениет тілді қалыптастырса, тіл мәдениеттің басты шарты болып саналады. Қысқаша айтқанда қандай да бір ұлттың тұрмысы, наным-сенімі, салт-дәстүрі тіл арқылы кодталып, ұрпаққа жетеді. Кейін аталған жоралғылар ұмыт болған күннің өзінде оның белгілері сөздік қорда қала береді. Осылайша әр адам тіл арқылы өз мәдениетін таниды.
Әр ұлттың өз ерекшелігі, салт-санасы болғандықтан, тілі де басқалардан бөлек болады. Сондықтан да сөздік қорда тек сол ұлтқа тән сөздер қалыптасады. Сырт адамның мұндай сөздерді түсінуі оңай емес. Өйткені оны ұғу үшін ұлттың мәдениетіне бойлау керек. Бұл құбылыс қазақ тілінде өте белсенді жүргені байқалады. Бабаларымыз өз дүниетанымының бәрін тілге сіңіріп кеткен. Соның бір ғана мысалы «айналайын» сөзі. Ақын Олжас Сүлейменовтің мына өлеңі аталған сөздің ерекшелігін көрсетіп тұрғандай:
Айналайын – чудесное слово,
Жаль, что русский его не поймет.
Объяснить я готов ему снова,
Только бедно звучит перевод.
Шынында да халқымызда бұдан артық сүйікті атау жоқтай көрінетін. «Айналайын» бәріміздің атымыз, бәріміздің мәдени кодымыз сияқты болатын. Кішкентайын айналып-толғанып отырып осы сөзді аузынан тастамайтын ересектерді жиі көретінбіз. Бұл ерекше сөздің тарихы тереңге бастайды. Эт нографтардың жазуынша, түркі танымында баласы ауырған үйдің үлкендері науқасты айналып, арнайы жоралғы жасаған. Осылайша баланың дерті үлкен адамға көшіп, аман қалады деп сенген. Яғни «айналайын» сөзі «сен үшін тәуекелге барамын», «өміріңе қорған боламын» деген мағынаны білдіреді. Үлкендердің балаларға адамды, үстелді, үйді айналуға тоқтау салатын себебі де осыдан болар. Мүмкін жерімізден алыстағы жабайы тайпалардың отты айналып, би билейтін сенімдері де осыдан шыққан болуы мүмкін.
Өкінішке қарай, бүгінде баласына «айналайын» дейтін адам азайған. Өзіміздің тегімізден ажырап бара жатқанымыз сонша, тіпті перзентімізге деген махабатты да қазақ сөзімен айтып жеткізуге қабілетсіз болып барамыз. Үлкендерден жылы сөз естіп өскен бала өзі де сезімшіл, мейірімді болады. Ал ондай сөз естімегендер есейгенде еш нәрсеге елжіремейтін, тасбауыр болады. Бүгінгі ата- анасына да, жарына да қайырылмайтын мейірімсіз жандардың көбеюі – кезінде олардың үлкендердің шапағатына бөленбеуінде. Ата-ана мен ата-әжелер балаға деген махаббатын тек іспен ғана емес жылы сөзбен де жеткізуі керек. Керек кезінде айтылған сөз баланың жүрегінде өмір бойы сақталып, ересектерге деген құрметін оятады. Қазақта «айналайыннан» басқа да жылы сөздер көп қой. «Қарғам», «құлыным», «қозым» деген сөздерді естігенде жүрегің жылып, ішіңде әлдебір от тұтанғандай сезімде боласың. Қазіргі ата-аналар баласын өзге тілдегі атаулармен еркелетуге бейім екені байқалады. Алайда ол сөздер баланың төл мәдениетінде, тарихи жадында болмағандықтан, оған ешқандай әсер етпейді.
Сөз сиқыр ғой. Антропологтар бұрынғы адамдардың сөзге аса талғампаз, үнемшіл болғанын айтады. Олар сөздің құдіретіне имандай сенген. Ежелгі қауымдарда адам бір ауыз сөзден сырқат болып, жатып қалатын жағдайлар кездескен. Қызығы, ондай науқастар тек сөздің күшімен ғана емделген. Қауымдағы беделді адам келіп, сауығатынын сөзбен айтпайынша ешнәрсе көмегін бермеген. Ал біз бүгін сөзді талғамсыз жұмсап, қастелі ұғымдарымызды ұмытып барамыз. «Айналайынды» естіген бала айналасына мейірімді, кішіге қайырымды болып өседі. Сондықтан балаларымыздан жылы сөзімізді аямайық.
Арман АСЫЛБЕК,
Петропавл қаласының тұрғыны.