«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙРЫҚША СЕНІМ

2013 жылғы 20 желтоқсанда “Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығына өзгерістер енгізілді. Кәсіптік және өзге де мерекелер тізімі 23 маусымдағы Мемлекеттік қызметші күнімен толықтырылды. Бұл тізімнің қазақстандықтарды патриотизмге және кәсіби мақтаныш сезіміне, сондай-ақ, Қазақстан Республикасында кәсіби және өзге де мерекелерде жалпыадамзаттық ынтымақтастыққа тәрбиелеу мақсатымен бекітілгенін еске сала кетуіміз керек.

Мемлекеттік қызметші күнін енгізуге Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамашы болғанын айту орынды. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2002 жылғы 57 сессиясында 23 маусымды Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызметші күні етіп бекіткен қарар қабылдап, БҰҰ-ның барлық мүшеелдеріне осыған сәйкес шешім қабылдауды ұсынды. Бас Ассамблея мүшеелдерді аталған күні мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі маңызын және оның даму үдерісіне қосатын үлесін көрсету жолындағы арнайы шараларды ұйымдастыруға, мемлекеттік қызметшілерді марапаттауға, сондай-ақ, жастарды мемлекеттік қызметшінің жұмысын таңдауға тартуға шақырды.

Аталған қарарда халықаралық және ұлттық деңгейлердегі тиімді, жариялы мемлекеттік басқару үйлестірілген мақсаттарды жүзеге асыруда өзекті рөл алатыны атап көрсетілген. Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызметші күні 2003 жылғы 23 маусымнан бастап аталып келеді.

2012 жылғы 24 қыркүйекте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Әлихан Байменов Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін реформалау мәселелері бойынша өткен семинарда Қазақстанда осы кәсіптік мерекені енгізу жөнінде ұсыныс жасады.

Ә. Байменов: “Әрине, мемлекеттік қызмет – қызметтің ерекше түрі. Барша қазақстандықтардың әл-ауқаты мен көңіл күйі мемлекеттік қызметшілер даярлап, қабылдайтын шешімдерге байланысты. Бұл күні біздің бәріміз халқымыздың алдындағы жауапкершілігіміз бен парызымызды ойымызға алуға тиіспіз, – деп атап көрсетті.

2013 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен “Үздік мемлекеттік қызметші” арнайы төсбелгісі енгізілді. Бұл төсбелгімен кемінде 15 жыл мінсіз қызмет атқарған, мемлекеттік қызметтің дамуына айтарлықтай үлес қосқан мемлекеттік қызметшілер марапатталады.

Тек мемлекеттік қызметтегі адамдардың жоғары кәсібилігі, адалдығы мен жауапкершілігі ғана биліктің барлық деңгейлерінде тиімді басқаруды дұрыс ұйымдастыруына қол жеткізеді. Ал, мұның өзі азаматтардың құқықтарын сақтау ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың және тұтастай елдің әл-ауқатын арттыру болып табылады.

Бүгіндері біз әлеуметтік институт ретінде мемлекеттік қызметтің корпоративтік беделінің қалай қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Мемлекеттік қызметтің беделін қалыптастырып, нығайту – әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы.

Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген айрықша сенім болып табылып, ол мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық тұлғасына жоғары талаптар жүктейді. Қазақстанның мемлекеттік қызметшісі әділдік пен қарапайымдылықтың үлгісі болуға тиіс. Мемлекеттік қызметті атқаратын адам өзіміз өмір сүріп отырған елдің игілігі үшін жұмыс істеуі керек. Өйткені, қоғам әрбір мемлекеттік қызметші кәсіптік қызметіне өзінің бүкіл күш-қуатын, білімі мен тәжірибесін жұмсайды, туған Отаны – Қазақстан Республикасына риясыз да адал қызмет етеді деп біледі.

Жұлдыз ОСПАНОВА,

облыстық кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған

 ауданаралық соттың кеңсе меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp