«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙТЫЛҒАН ӨТІНІШТЕР НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

Бұл жолы “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қабылдауына бірнеше азамат келді. Солардың бірі – С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 11-сынып оқушысы Мейірболат Андағұлов. Ол “Өңірде туризмді дамытуға арналған Солтүстік Қазақстан облысының электрондық картасы” ғылыми жобасын таныстырды. Алдағы уақытта жастар арасында патриоттық рухты көтеруге және қатарластарының өз өлкесін жақсырақ тануына септігін тигізетін электрондық картаның ұялы телефонға арналған нұсқасын жасау үшін материалдық көмек қажет екен.

Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов Мейірболат Андағұловқа өзінің орынбасары Мұхтар Манкеевтің аталмыш мәселе бойынша онымен кездесетіндігін айтты.

Ендігі жылы “Пульс” заманауи және ұлттық билер бойынша мүгедек балалар ансамблі Түркияда өтетін “Бірігу” балалар мен жасөспірімдердің ұлттық шығармашылығы халықаралық фестиваль-байқауына қатысуға ниетті. Алайда, қаржылай көмек қажет екен. Осы орайда өңір басшысы Ерік Сұлтанов өмірде өз орнын би арқылы тапқан балаларға қолдау көрсетуді сұраған ата-аналардың бірі – Татьяна Новиковаға жағдайға қарай қаржылай көмек көрсетілетіндігін жеткізді.

Ал “Богданова” жеке кәсіпкерлігінің иесі Марина Богданова нан-тоқаш өнімдерін шығарумен айналысады екен. Өз ісін ұршыққа үйіріп отырған кәсіпкер бүгінгі таңда әлеуметтік аз қамтылғандарға апта сайын 500 бөлке нанды тегін тарататын көрінеді. Осылай игі ісімен ел алғысына бөленіп жүрген Марина Богданова кәсіпкерлігін дамыту үшін кеңірек ғимарат және 3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант алуға қолдау көрсетуді сұрады. Бұл мәселе алдағы уақытта бақылауда болмақ.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp