«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙТЫСТЫҢ АЖАРЫН БҰЗБАСАҚ…

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері өзгелер сияқты біздің өңірімізде де жыл сайын Наурыз мерекесінде ақындар айтысы өткізіліп келеді. Алайда, осы айтыстар көңілімізден үнемі шығып жүр ме? Осыған бір сәт көңіл аударайықшы.

Анығында, соңғы кездері айтыстың қадір-қасиеті жойылып бара жатқандай ма, қалай? Бұған дәлелдер де табар едім. Осыдан бес-алты жыл бұрын бір жақсы танысым, танысым болғанда, жамағайыным облыстық Наурыз айтысы басталардан екі сағаттай бұрын кездесуімді өтініп, телефон соқты.

– Мені құтқара көріңіз. Айтысқа қатысуға зорлап алып келді. Ел-жұртқа мазақ болар жайым жоқ, – деп қатты қиналды.

“Бақсам, бақа екен!” демекші, облыстық білім басқармасынан айтысқа ақын қосуға мектептерге бұйрық беріледі. Әлгі жас жігіт орыс мектебінде еңбек пәнінен сабақ беретін. Ептеп домбыра шертетіні болмаса, әдебиетке, өлеңге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бірақ өз басына бұлт үйірілмеуін ойлаған мектеп директоры айтысқа қатыспаса – жұмыстан шығарып тастайтынын айтып, оны Петропавлға күштеп жіберген.

Айтыспақ түгілі, қазақша ауыз-екі сөзге шорқақ жігітті сахнаға шығудан арашалап алдым.

Бұл бір болса, жылда айтысқа шығып жүрген, белгілі деген ақындардың өзінде олқылық жетіп жататынын сөзсайыстарға қазылық ететін төрешілер сапында болып жүретіндіктен білемін: кейбіреулер ел-жұрттың көңілінен шығамын деген дәмемен билікті жөнді-жосықсыз сынаған болады, яки мүлде көкейге қонбайтын “Келімсектерді қуу керек”, “Өзге ұлттардан арылайық” дегендей дөрекілікпен ұрандап, жұртшылықтың қолдауын қалайды.

Енді бірде бір айтыскер соның алдындағы жылы айтқандарын қайталап отырып алды. Ескерту жасағандарды елемейді де.

Ал балақ жүні алынбаған жап-жас ақындардың арасында “Мен жүлдеге лайықпын! Үйіме не бетіммен көрінемін? Маған жүлде беріңдер!” деп зарлап отырып алатындары да бар. Ұялшақ ақыннан сұраншақ ақын сөйтіп озады.

21 наурызда облыстық айтыс өтеді. Осындай келеңсіздіктер қайталанбаса, айтыстың ажары бұзылмаса екен. Ұлы Абай:

Бөтен сөзбен былғанса

сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз

бишарасы –

деп тегін айтпаған шығар.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp