Биыл өңірде жалақыны уақытында төлемеу фактілері бойынша еңбек инспекторларына жұмысшылардан 194 өтініш түскен. Олар бойынша жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде жұмыс берушілерге 35 млн. теңгеден аса айыппұл салынған. Бірақ, мәселе түпкілікті шешілген жоқ.
– Қазір өңірдегі 11 серіктестік қызметкерлеріне – 69 млн. теңге қарыз. Бүгінгі күні 411 адам жалақыларын ала алмай отыр. Бұл тізімге енген жерлестеріміздің басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Мәселен, “Ақжар Целина”, “Би Электро”, “Қайранкөл Астық” серіктестіктері, “СП Транс Авто” кәсіпорындары еңбекақы бойынша қарызға белшесінен батқан, – дейді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Арман Жәлелов.
Облыстық мемлекеттiк еңбек инспекциясы басқармасының мамандары жыл басынан өңірдегі 499 кәсіпорында тексеріс жүргізіп, бір жарым мыңнан астам еңбек заңнамасының бұзылу фактісін тіркеген.
Биылғы он бір айдың қорытындысы бойынша еңбек заңнамасын бұзған 316 лауазымды және заңды тұлғаға айыппұл салынған. Бұл сома 48 млн. теңгеден асады.
Бұдан бөлек, өңір кәсіпорындарында жыл басынан бері 69 жазатайым оқиға орын алған. Салдарынан 76 еңбек адамы жарақат алып, жеті азамат қаза тапқан. Қайғылы жағдайлар көбіне қауіпсіздік ережелері талаптарының сақталмауына байланысты болған.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.