Өзіндік ерекшелігі мол мамандық тізгінін ұстап, үлкен жауапкершілік жүгін арқалайтын тергеушіден, бірінші кезекте, сауаттылық пен біліктілік, төзімділік пен қайсарлық қасиеттер талап етіледі. Өйткені кәнігі қылмыскерлерді құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы кінәсін дәлелдеу ақиқаттың ақ жолынан ауытқымауды өмірлік мақсат еткен жандардың ғана қолынан келері анық. Осындай міндетті мойнына алған тергеушінің әр күні шытырман оқиғаларға толы болып, қым-қуыт іс-әрекеттерге жалғасып жатады. Кей кезде тергеушілік нәзік жандардың қолы емес деген пікірлерді естіп қаламыз. Мұндай тұжырымның қате екенін Ақжар аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінде аға тергеуші болып қызмет істейтін аға лейтенант Айғаным Сыздықова өзінің қажыр-қайратқа толы еңбегімен әлдеқашан дәлелдеген.
Айғаным 2016 жылы Бостандық орта мектебін тамамдағаннан кейін әке жолын жалғап, Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсіп, оқу грантының иегері атанады. Спорттық нормативтерді де мүдірместен тапсырады.
– Кішкентай кезде әкемнің қызметтік формасына қатты қызығатынмын. Киіп алып, ойнайтынмын. Есейе келе азаматтардың құқығы мен бостандығының сақталуын қамтамасыз етіп, заңды тұрғыдан қорғауым керек деген шешімге келдім, – дейді Айғаным Темірболатқызы.
Ол 2020 жылы жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін аудандық полиция бөліміне тергеуші қызметіне қабылданады. Содан бері академияда алған білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби шеберлігін жетілдіре түскен. Бойға қонған талмас талап пен қажырлы еңбектің арқасында өмірден өз орнын тапты. Тергеуші болу оңай емес екенін жан-тәнімен түсінгендіктен, қаншама қиындықты бастан өткерсе де, шыдауына тура келді. Ерекше сезімдерге бөлейтін сәттер де талай кездесті. Сонда да тағдыры қыл үстінде тұрған адамның өміріне «тергеу жүргізу» жауапкершілігін, ізденімпаздық пен темірдей төзімділігін бір босаңсытқан емес.
Аудандық полиция бөлімінің басшысы Еркін Махметовтен погонды ару жөнінде сыр тартқанмызда бүкпесіз ойын былай сабақтады:
– Айғаным Темірболатқызы ұқыптылығымен, талапшылдығымен өзгелерге үлгі. Өзіне жүктелген жұмысты күрделі, оңай деп жіктеп жатпайды. Әр істі ерекше ыждағаттылықпен атқаруға әдеттенген.
Айғаным ұжымдағы әріптестерінен көп нәрсе үйренгенін, өнеге тұтар тәлімгерлер жетіп артылатынын, алдағы өміріне бағыт-бағдар бергенін, солардың бірі Азамат Бектұрғанов есімді ағайы екенін ерекше жылылықпен еске алды.
Айғанымның алғаш әшкерелеген қылмыстық ісі – ұрлық пен алаяқтыққа қатысты болған. Жан-жақты тергеп, кінәлілерді анықтаса да, қашан сот үкімі шыққанша қатты қобалжып, байыз таппаған. Осы жағдай есінде жақсы сақталып қалыпты. Тәжірибенің жеткіліксіздігінен айыптыларға қатысты шешім қабылдау өте қиынға соққан. Небір психологиялық толқуды бастан кешірген. Тіпті алғашында нағыз кінәлілер осылар ма, әлде басқалар ма деген күмән болғанын да жасырмады.
Бүгінде Айғанымның өзі – жастарға жол көрсетуші, тергеушілік мамандықтың қыр-сырына үйретуші тәлімгер саналады.
Алмагүл МАНАПҚЫЗЫ.
Ақжар ауданы.