«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШ АРЫСЫНЫҢ АРМАНЫ

Туған елінің азаттығын аңсап өткен арыстарымыздың бірі – Міржақып Дулатов. “Оян, қазақ!” деп жырлаған ол патша өкіметінің отаршылдық саясатын сынап, халықты бостандық үшін күресуге шақырды. Қазақ жастарына білім алып, надандықтан арылу қажеттігін айтудан жалықпады. 1909 жылы Уфа қаласындағы “Шарық” баспасынан оның “Оян, қазақ!” деген кітабы жарық көрді.

Әрине, мұндай сөз патша өкіметіне ұнамады. Кітапты таратуға бірден тыйым салынды, ал ақынның басына қара бұлт үйірілгені айтпаса да түсінікті. Сондықтан Міржақып тұтқындаудан бой тасалап, Қызылжар қаласына келді. Қызылжарда ол фельдшер Жұмағали Тілеулинмен және жас ақын Мағжан Жұмабаевпен танысып, үшеуі достасып кетті. Олардың бұл достығы өмірлерінің соңына дейін жалғасты.

Саяси қуғында жүргендіктен, оған ресми орындарда қызмет істеуге болмайтын еді. Сондықтан ол ара-тұра сот кеңсесінде тілмаштық қызмет атқарды. Қазақ балаларына орыс тілінен сабақ берді. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев та одан орыс тілі мен әдебиетінен дәріс алды. Қызылжарда ол өзінің “Бақытсыз Жамал” романын аяқтап, жаңа кітапты 1910 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспаханасында бастырып шығарды.

Міржақып Қызылжарда жергілікті зиялы қауыммен танысып, олармен достық байланысын нығайтты. Бұл уақытта көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар халықтың білімін көтеру үшін кітап оқудың маңызы зор екенін түсініп, қалада мұсылмандарға арналған кітапхана – оқу залын ашуға талаптанады. Бұл жылдары қалада орыс тілінде бірнеше кітапхана болатын. Ал біздің ұлттың өкілдері тек мешіттер жанындағы медреселерден кітап алып оқитын. Сондықтан ұлтжанды азаматтар кітапхана ашу қажеттігін түсінді, осы мәселені билікке жеткізуге тырысты.

Алматыдағы Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатында болғанымда менің қолыма “Дело об открытии библиотеки – читальни для мусульманского населения Петропавловского уезда” деген 48 беттен тұратын құжат түсті (ЦГА РК, фонд 369, опись 1, дело 378). Осы құжатқа Қызылжардың зиялы азаматтары Хасан Ақшурин, Ахмеджан Ақшурин, Ғалым Түменов, Саид Сүтішев, Хафиз Мақсұтов, Салмақбай Күсемісов, тағы басқалар қол қойған екен.

Ол кездегі тәртіп бойынша оқу залын ашу үшін алдымен қоғамның жарғысын дайындап, оны жоғары жаққа бекіттіру керек болатын. Олар қажетті құжатты дайындап, Омбыдағы Ақмола губерниясының губернаторына жарғыны бекітуді сұрап хат жазады. Ал ол жақтан жарғының бекітілгені туралы жауап келеді.

Жергілікті кітапхананы ашуға Міржақып Дулатов та атсалысады. Мұғалімдік білімі бар ол қазақ, татар, орыс тілдеріне және Ресей империясының заңдарына жетік еді. Оның білімді азамат екеніне көздері жеткен қоғам құрылтайшылары жаңа кітапханаға қызметке шақырады. Ал 1909 жылғы 11 қазанда қоғамның басқарма мүшесі болуға Міржақып Дулатов келісімін береді.

Бұл туралы қоғам отырысының хаттамасында жазылған. Мәжіліске қатысқан 28 адам бірауыздан Алаш арысына дауыс беріпті. Хаттамаға қоғамның төрағасы Саид Сүтішев және хатшысы Хафиз Мақсұтов қол қойған екен. Үш күннен кейін, яғни 14 қазанда қоғам мүшелерінің құрылтай жиналысы өтеді. Жиналыста Міржақып Дулатов оқу залының жұмысына жауапты болып сайланады. Бұдан кейін қоғам мүшелері Міржақыпты осы қызметке бекітуді сұрап, Ақмола облысының губернаторына мынандай өтініш (прошение) жазады: (өтініштің мәтінін сол күйінде беріп отырмыз)

“Прощение. Его Превосходительству Господину Акмолинскому Губернатору. Правление общества для содержания мусульманской библиотеки – читальни на собрании 14 октября 1909 года выбрал единогласно на основании параграфа 24 Устава общества ответственным лицом Миржакыпа Дулатова, киргиза Тургайской области Сарыкопиской волости, 25 лет, который, в свою очередь, изъявил согласие. Доводя изложенное до сведения Вашего Превосходительства Правление общества имеет честь покорнейше просить Ваше Превосходительство об утверждении упомянутого Миржакыпа Дулатова в качестве ответственного лица библиотеки-читальни”.

Петропавловск,

16 октября 1909 г.

Председатель Правления С.Сутушев

Секретарь Х. Максутов

Бұл өтініш қолдарына түскеннен кейін Ақмола облысының губернаторы Міржақып Дулатов туралы ақпарат жинайды. Олардың сұрауы бойынша Петропавл қаласының полицейместері мынадай құпия мәлімет жібереді:

“Мирякуб Дулатов родился в ноябре 1885 года в семье киргиза в ауле №1 Сарыкопинской волости Тургайского уезда. Воспитание получил в Тургайском русско-казахском училище, где получил звание учителя аульной школы. Служил учителем Аркалыкской школы Курганской волости Омского уезда. За время проживания в городе Петропавловске ни в чем предосудительном замечен не был”.

Осы орайда Қызылжарда ашылған мұсылмандар кітапханасынан медресе шәкірті Мағжан Жұмабаев та кітап алып оқығаны анық. Өйткені, бұл рухани ордада кезінде діни кітаптармен қатар шығыстың шайырлары мен ғұламаларының, батыстың ақын-жазушылары мен ғалымдарының шығармалары да болыпты. Міне, Міржақып Дулатов осы кітапханада аз уақыт қызмет атқарды. Ал әдеби мекеменің одан кейінгі тағдыры бізге беймәлім.

1912 жылғы мамыр айында әр өлкедегі ел тұрмысын өз көзімен көріп-білгісі келген Міржақып Дулатов қалың қазақ ауылдарын аралау үшін Қызылжардан Семейге аттанады. Бірақ бұл кезде патша тыңшылары оның ізіне түскен еді. Ақынның Семей қаласына табаны тигенде бірден тұтқындалады. Сөйтіп, 6 маусым күні түрмеге жабылады. Тар қапаста бір жарым жылы өтеді. Босағаннан кейін ол Ресейдің Орынбор қаласына жіберіледі. Бұл жерде Міржақып өмірінің жаңа кезеңі басталды. Ол сол қалада Ахмет Байтұрсыновпен бірге 1913 жылғы 2 ақпаннан бастап ағартушылық, демократиялық бағыттағы әйгілі “Қазақ” газетін шығара бастайды.

Қайролла МҰҚАНОВ, ардагер ұстаз, өлкетанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp