«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛДАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ…

“Отбасымызбен ауылды жерден қалаға көшуді жоспарлап отырмыз. Естуімше, үй алушыларды тақырға отырғызып кететін алаяқтар аз емес көрінеді. Бұған дейін жылжымайтын мүлік сатып алып көрмегендіктен, саудамды сәтті аяқтау үшін заңгерлерден ақыл-кеңес сұрайын деп едім”.

Алма ҚҰСАЙЫНОВА,

Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны.

Оқырман сауалына заңгер, нотариус Ардақ Тайшыбай жауап береді:

– Пәтер не үй таңдаудың әр-түрлі жолдары бар. “Крыша” секілді арнайы жарнама сайттар немесе хабарландыруларға арналған газеттер арқылы үй иелерінен тікелей сатып алуыңызға да болады. Бұл жолмен сіз аз шығындаласыз.

Ал риэлторлық компаниялардың қызметіне жүгінсеңіз, жылжымайтын мүлік саласындағы кәсіпқой мамандар үй іздеумен және таңдаумен айналысып, сіздің уақытыңызды үнемдеуге көмектеседі. Әрине, делдалдардың қызметі ақылы, менің білуімше, олар өз еңбектерін 1 мың долларға бағалайды.

Сатып алу-сату келісімін рәсімдеу процесін бастамас бұрын cіз сатып алатын үйдің заңдылығына және сатып алғаннан кейін ешқандай келеңсіздіктердің орын алмайтынына көз жеткізіп алуыңыз қажет. Сондықтан сатушыдан мынадай құжаттарды көрсетуін талап етіңіз:

– Жылжымайтын мүліктің кепілге қойылмағандығы туралы анықтама.

Бұл анықтама үйдің кепілдікке қойылмағандығы, үйді сатуға тыйым салынбағандығы, осылайша меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке иелік етуге толық құқының бар екендігі туралы деректі растайды.

– Пәтерге құқық белгілейтін құжаттар (сатып алу-сату, айырбастау, сыйлау, жекешелендіру келісімі; мирас етуге құқық туралы куәлік; меншік құқы туралы куәлік; жария саудадан сатып алу туралы акт; меншік құқын растаушы, соттың күшіне енген шешімінің көшірмесі; жылжымайтын мүлік орталығы берген тіркеу куәлігі).

– Құжатта тіркеу органының мөртаңбасының бар екендігіне көз жеткізіңіз.

– Пәтердің техникалық төлқұжаты. Нақты жоспарлау онда көрсетілген жоспарлаумен дәл келуі тиіс. Өйтпегенде cіз қайта жоспарлауды заңдастырмай, пәтерге құқықты тіркей алмайсыз.

Осыдан кейін келісімді рәсімдеуге кірісуге болады. Егер де барлық соманы бірден төлеуге шамаңыз жетпесе, кепілақы туралы келісім жасалады.

Жылжымайтын мүлікке байланысты келісімнің шамамен 90 пайызы нотариалды кеңселер арқылы жасалады. Алайда, заң бойынша мұны жасау міндетті емес, келісімнің жазбаша үлгісінің өзі жеткілікті. Келісім жасалғаннан кейін сатушы мен сатып алушы өзара есеп айырысады. Есеп айырысқанда банктердің көмегіне жүгінген дұрыс, онда қолма-қол немесе есепшотқа аудару арқылы есептесуге болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp