Астана қаласында өткен “Зайырлы мемлекет және жоғары руханилық – болашағы біртұтас ұлт тұғырнамасы” атты Қазақстан дінтанушыларының V форумына облыс делегациясы да қатысып қайтты. Шара барысында белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың аталмыш тақырыптағы баяндамаларын тыңдауға мүмкіндік алдық. Сонымен қатар, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың жаңа инновациялық әдістерін әзірлеу, елдегі дінтанулық білім беру сапасын арттыру бойынша жұмысты жетілдіру жөнінде алдағы күндерге міндеттер жүктелді. Бүгінгі күні тұрғындардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында басқа өңірлердегі секілді, біздің облысымызда да дінтанушы мамандармен қатар атқарушы және құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құрылған ақпараттық-түсіндіру топ-тары бар. Болашақта түрлі теріс ағымдарға тосқауыл қою мақсатында ақпараттық-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуге күш салатын боламыз.
Аталмыш форум жұмысы пленарлық отырыстан басталып, “Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері: проблемалары мен перспективалары”, “Қазіргі қазақстандық қоғамдағы рухани дәстүрлердің сабақтастығы”, “Білім беру ұйымдарында дінтануды оқытудың ерекшеліктері: проблемалары мен шешу жолдары” атты секциялық жұмыстармен жалғасты.
Форумда “Дінтану негіздері” факультативті курсының үздік мұғалімдері мен дәстүрлі дінді дамытуға үлес қосып жүргендер марапатталды. Астана төрінде құрметке ие болғандардың арасында біздің әріптесіміз Нұрислам Ғабдуллин мен жалпы білім беретін №1 қалалық мектеп-лицейдің ұстазы Наталья Беленкова да бар.
Нажиба АҚҚОЖИНА,
облыстық дін істері жөніндегі басқарманың бас маманы.