«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЕКСЕЙ ЛУЦЕНКОМЕН ЖҮЗДЕСТІК

Біздің елімізде қай кезде де дүбірлі жарыстарда жасындай жарқыраған велошабандоздар болған. Солардың бірі жерлесіміз, Олимпиада ойындарының күмісі мен алтынын омырауына байлаған Александр Винокуров бүгінде Қазақстанның ең әйгілі жастарынан және шетелдердің шабандоздарынан жасақталған кәсіпқой “Астана” клубына жетекшілік етеді. Біз үшін бір қуаныштысы – осы клубтың қатарында жерлестеріміз Алексей Луценконың, Бахтияр Қожатаевтың, Руслан Тілеубаевтың сынақтарға қатысуы.

Бұл есімдері аталған жерлестерімізбен тілдеспек түгіл, жүздесе бермейміз. Алайда, 5 қараша күні Петропавлдағы велоспорттан балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған, олимпиадалық резервтегі спорт мектебінде БАҚ өкілдерімен болған кездесуге “Астана” кәсіпқой клубының аталған үш велошабандозы және олардан өзге де жүйріктеріміз келді.

Велоспорт мектебінің директоры Владимир Парахин және осы спорт мектебінде жаттығып, бүгіндері облыстың намысын қорғап жүрген кәсіпқой велошабандоздарды баптайтын Евгений Гераскин өткен жылғы және биылғы жетістіктерін өңірлік БАҚ өкілдерімен кездесуде айтып өтті.

Анығында, жетістіктеріміз олқы емес. Олар 2014 жылы облыстық, республикалық сайыстарды былай қойып, XIII халықаралық жарыста сынға түскен. Олег Земляков, Александр Шушемоин, Тарас Воропаев, Степан Астафьев, ал 2015 жылы бұларға Жандос Бижігітов пен Вадим Галеев қосылып, 2016 жылғы Рио-де Жанейро Олимпиадасына іріктеудің ұпайларын көбейтті. Атап айтқанда, біздің жерлестеріміз Қазақстанның қоржынындағы барлық 602 ұпайдың 422-сін алып берді.

Тілшілермен кездесуде ең беделді де үздік велошабандоз, өткен жылы және биыл “Алматы туры” халықаралық жарысының бас жүлделерін иеленген еңбек сіңірген спорт шебері, 23 жастағы Алексей Луценко өзінің алдағы жоспарларын ортаға салды. Әрине, оның басты мақсаты – 2016 жылғы Олимпиаданың алтын алқасын жеңіп алу. Сондай-ақ, кездесуге келген өзге де кәсіпқой шабандоздар даярлықтары жайын айта келіп, өткен жылғы және биылғы табыстарын жалғастыра түсуге ұмтылыстарын білдірді. Өйткені, Халықаралық велосипедшілер одағы ұпайларды қатаң іріктеу бойынша тіркейтінін тілге тиек етті.

Ал қыздар арасында жарыстарда үздік көрініп жүрген Наталья Сайфутдинова да жылды жай өткізбегенін жеткізді.

  (Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp