«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЛЖИР” — АНАЛАРДЫҢ АЯНЫШТЫ ТАҒДЫРЫ

Есіл ауданына қарасты Қаратал деген ауыл бар. Ат төбеліндей ғана елді мекен. Бір кездері мыңғырған мал өсіріп, астығын орып, шаруашылығын өркендетсе, бүгіндері тұрғындары азайып, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан көп елді мекеннің бірі. Бұл өлкедегі басқа ауылдардан сырт көзге ешқандай ерекшелігі жоқ. Алайда осы ауылдың аты аталғанда көптің ойына Аяған оралады. Ол сталиндік репрессияның зұлымдығы мен қасіретін әшкерелеген бірегей туынды – “АЛЖИР” фильмі арқылы да танымал.

Көпшілікке ой салған осы фильмге тағы бір көз жүгіртіп көрейікші. Қазақ мектептерінің бірі. Мұғалім картаның алдында оқушыларға Африка құрлығындағы Алжир мемлекеті туралы сабақ түсіндіріп тұр. Режиссер шәкірттердің арасындағы бір баланың ойы, қиялы арқылы көрерменді ой тұңғиығына тастап жібереді. Көз тоқтата қарасаңыз, сол бала Аяғанның өзі секілді. Қараторы келген, қысық көз. Сәйкестік пе, әлде, әдейі таңдалды ма?! Қалай болған күнде де, бұл фильмнің көрерменнің жан-дүниесін астан-кестен еткені сөзсіз. Бұл фильмге кіріспес бұрын режиссер көп ізденгенін, тыңғылықты дайындалғанын көреміз. Еңбек жолын облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетінде тілшіліктен бастаған Аяған Қуандықұлы деректі фильмге Армиял Тасымбековтың “Жазығы не апалардың?” атты мақаласын арқау қылып алған. Мақала иесімен бірге сценариін жазып, фильмді 1989 жылы жарыққа шығарды. Алдымен Алматыдағы кино үйінде зиялы қауымның назарына ұсынылды. Көрерменін бірден баурап алған тың дүние көпшілікті таңдандырмай қоймады.

Фильмдегі жүректі сыздататын аянышты кадрлар мен “АЛЖИР”-дің куәгерлері баяндаған естеліктер бұрын-соңды еш жерде айтылмаған, көрсетілмеген, бір сөзбен айтқанда, сенсация еді. Сондықтан рухани сілкініс үстіндегі көрермен оны ерекше құбылыс ретінде қабылдады. Ал режиссерлік шеберлігі мүлдем бөлек әңгіме.

Кадр сыртындағы қоңыр дауысты желдің уілі іліп әкетеді. Жапандағы жалғыз киіз үй, есік алдында жел тербеткен бесік, оты жоқ ошақ үстіндегі қазан. Дүлей желдің екпінімен бесік шыр айналып, ғайып болады. Бұдан соң қазанның қақпағын да сол дүлей күш жұлып әкетеді. Бір қарағанда, кәдімгі табиғи құбылыс сияқты көрінгенімен, осы кадрларға режиссер ерекше астар береді. Яғни, долы күштің кесірінен уығы сынып, шаңырағы қирайды, бесігін алып, ұрпағын құртады, қазанынан қақпағын алып, ризық-несібесінен айырады. Баланың жазуымен ақ параққа түскен “АЛЖИР” сөзінің экран бетінде тікенек сымнан жазылуы да көрерменге фильмнің ауыр екенін ұқтырғандай. Мылтық гүрс етіп атылып, уықтар күтірлеп сына бастайды. Қазақтың шаңырағын тіреп тұрған уығы – алаш арыстары ғой. Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов деп жалғаса береді. Кенет камера шыр айналып әлі құламай тұрған шаңыраққа тоқтайды да, келесі кадр жайқалып тұрған гүлдерге ауысады. Кадрда етік киген адам жаңағы гүлдерді басып алға жүре береді. Ал осы сұлу жауқазындардың отқа орануы жазықсыз жазаланған арыстарымыздың зайыптары екенін бірден ұғасың.

Қазақтың біртуар ұлы Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш апай жұбайының қалай ұсталғанын, қандай қиындықтар мен озбырлықтың куәсі болғанын тәптіштеп баяндайды. Сөзі дәйекті болуы үшін газеттегі жазуларды көрсете отырып, ату жазасына кесілгені және оның орындалғаны туралы ақпаратты берген. Лагерьге қалай келгенін, тұтқындарға арналған барактарды қалай тұрғызғанына дейін көмейіне өксік тығыла отырып еске алады. Тіпті 20 сағат жұмыс істеп, 4 сағат қана демалған әйелдер адам төзгісіз азапқа шыдамай, соғысқа сұранған екен. Қорлыққа төзгенше өлгенім артық деген ұстанымда болған. Бұл өтініштері қабылданбайды.

Санжар Асфендияровтың зайыбы Рабиға Сералықызы да зұлматты күндерді көзіне жас ала отырып еске алады. 26-ншы нүкте атанған “Отанын сатқандардың” әйеліне арналған лагерьдің азабын тартқан ару, жазықсыз екенін біліп, қанша қиындық болса да мойымайды. Тіпті басқаларына медеу болып: “Біз ақпыз, кінәміз жоқ”, – деп демеп отырады. Тағдырға бас имеген әйелдер қолына күрек алып, жұмыстың ауырын істеді, бар қиындығын көрді. Сонда да үміт сәулесі сөнген жоқ.

Бұл фильмге тұздық болған тағы бір ерекше сәт – Шерхан Мұртазаның сөзі. Тұрар Рысқұловтың өмірі мен тағдырын зерттеген ұлы жазушы Тұрардың зайыбы Әзизаның өз аузынан естігендерімен бөліседі. Мысалға, мына сәт ешкімді бейжай қалдырмас: Рысқұловтар отбасы санаторийда демалып жатқанда ұсталады. Отағасын жендеттер әкеткен кезде соңынан ере шыққан әйелі, қарсы ғимаратта демалып жатқан Филипп Голощекиннің терезеден сығалап тұрғанын көреді.

Фильмнің тағы бір ерекше сәті – лагерьдің бұрынғы қызметкерлерінің ұстанымы. Бірі: “Сталиндік жүйенің мықтылығы – идеологияның беріктігінде. Сананы улағаны сонша ненің қате, ненің ақ екенін айыра алмадық”, – десе, екіншілері социализм құру барысында жатпиғылды элементтерді оқшаулау ұстанымын дұрыс деп таниды. Ең сорақысы сол – бәрі қызыл террорды қолдайды. Адам тағдырына немқұрайды қарау, аяушылық сезімінің болмауы үйреншікті істері. Тіпті сол идеяға берілгендігін мақтанышпен еске алады.

Әр кадр мұңға толы. Түрменің есігі ашылған кездегі ішіндегі камералар, іңгәлап жылаған баланы емізіп отырған әйел шерлі ойға жетелейді. Қаншама боздақтың жазықсыз атылып, артында ұрпақ қалмауы, аялаған аруларының кінәсіз болса да, бейнетке жегілуі қасіретті жылдардың шынайы көрінісі еді. Тіпті фильмнің түйініндегі Сталин мен басқа да басшылардың мүсіндерінің өзі халықтың қарғысы іспетті жеткізілген.

Аяған Шәжімбаевтың жары Алмагүл Құлжабаеваның айтуынша, жұбайы өмірінде 20-дан астам деректі кино түсірген, әр-қайсысына аса жауапкершілікпен қараған. Алдымен санасында қайнатып, жан-жақты зерттеп алғаннан кейін ғана түсіруге кіріседі екен. “АЛЖИР” фильміне де ұзақ дайындалған. “Куәгерлердің көзі тірісінде түсіріп үлгеруім керек деп асығып жүретін еді”, – деп еске алады зайыбы. Асықса асыққандай. Тағдырдың тауқыметін тартқан асыл жандар көп ұзамай келместің кемесіне кезек-кезек мініп кетіп жатса, өзінің де татар дәмі таусылуға жақын қалған еді.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Ақмола облысындағы “АЛЖИР” мемориалды-музей кешенінің сыртқы көрінісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp