Ауыл – алтын бесігіміз. Бәріміз де сол бесікте тербеліп, өсіп шықтық, өмірге аттандық. Сондықтан ауылдың бүгіні мен ертеңінің кімді болсын толғандырары, ойландырары анық.
Ауылдың тарихы бай. Кеңес заманында елді мекендердегі мыңғырған мал, жайқалған егін, дүрілдеген техника ауылдарды өрге шығарды ғой. Білім, мәдениет ошақтары бой көтеріп, келбетті тұрғын үйлер салынып, электр жарығы келді. Тұрғындардың тұрмысы түзеліп, хал-ахуалы өсіп, көңіл күйі әжептәуір көтерілді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл өмірі қазандай қайнап жатты.
Сол қара қазанда қайнап, пісіп, жетілдік. Білімнің алғашқы қайнар көзінен сусындап, жарқын өмірге жолдама алдық. Ауыл мектебі саналатын әжелер университетінің тәлімі өмірлік рухани азық болды. Ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет – ғұрпын көзіміз көріп, құлағымызға сіңіріп, адами-имани санамызды қалыптастырдық. Бүгінде қалада өскен бала мен ауылда өрген ұл-қыздың айырмашылығын көріп жүрміз ғой. Қала қызынан түскен келін мен ауыл қызынан келген келіннің айырмашылығы айтпаса да анық.
“Тәрбие тал бесіктен басталады” десек, ұрпақтың тағдыры көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың бәрін ойландырады. Ауыл – ырыздықтың көзі. Елді асырайтын, азық-түлікпен қамтамасыз ететін – негізінен ауыл. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару арқылы елдің экономикасын нығайтуды ойластырып отырмыз. Азық-түліктің, әсіресе, ет пен сүттің 70 пайызын ауылдағы жеке шаруалар өндіреді десек, ел экономикасындағы ауылдың үлесін анық байқаймыз. Болашақта ауылдықтардың қалаға көшіп, үлесінің азаюы қоғамның урбанизациялық даму заңы екені сөзсіз. Ал, бұл үрдісті қолдан шапшаңдату, механикалық түрде жылдамдату дұрыс болар ма екен? Алдағы уақытта шағын ауылдарды болашағы бар елді мекендерге шоғырландыру дұрыс қой. Ал сол болашағы бар ауылдардың бүгінгі болмысы қандай? Оларды жаңғыртудың іске асуы қай дәрежеде? Соған ой жүгіртіп көрейік.
Жекешелендіру асығыстық болды демесек, дұрыс бастама еді. Жекешелендіру деген ұғым мал мен дүние-мүлікті мемлекет қарамағынан еңбек ұжымының иелеріне беру болса, іс жүзінде қалай болғаны белгілі. Жер үлесі мен мүлік пайлары құнсыз қағаз болып қалды. Кеңшар байлығы талан-таражға түсіп, ептілердің меншігіне айналды. Ебін тауып, жер үлестерін жылпостықпен жиып алғандар бүгінгінің ірілі-кішілі байлары сияқты. Үлес иелері – қарапайым тұрғындарға қожайындар көңілі түссе көлдей, көңілі түспесе шөлдей. Өкінішке қарай, көңілдері көлдейлердің қатары саусақпен санарлықтай ғана. Құрғақ сөз болмасын, мысал келтірейін. Мен 12 жыл басқарған “Озерный” кеңшары 3500 гектар жыртынды жерден мыңдаған тонна дәнді дақылдарды айтпағанның өзінде, 330 гектар картоп танаптарынан – 3500 тонна картоп, 160 гектар көкөніс егісінен жүздеген тонна қырыққабат, сәбіз, қызанақ, тағы басқа өнімдермен Қызылжар өңірі тұрғындарын қамтамасыз еткен. 600-800 бас сиыр төліменен, 90 бас асылтұқымды жылқы өз өнімін беріп тұрды. 1500 гектар дәнді дақылдар егістігінен жыл сайын 20 центнерден өнім алатынбыз. Жылдық таза пайдамыз рубльдің доллардан қымбаттырақ кезіндегі бір миллион сомды құрады.
Сөйтіп, қаражат молшылығының арқасында кеңшарда аң фермасы, құрғақ сүт өндіретін, тері илейтін цехтар құрылып, жұмыс істеді. Ескі мектеп ғимаратында минералды ванналар, 10 түрлі физио ем-домын жасайтын кабинет, массаж, сауна халықтың игілігі үшін қызмет етті. Балабақшамыз ауданда алдыңғы қатардағы мекеме саналды. Мал фермасында санитарлық өткермелер мен әйелдерге арналған сауна-душ, қызыл бұрыш, мамандық сабақтары жүргізілетін сынып жұмыс істеді. Жылына он жаңа тұрғын үй тұрғызылып, бірнеше үйлер жөндеуден өтетін. 260 орындық жаңа мектеп ғимараты бой көтерді. Тағы да басқа әлеуметтік іс-шаралар ел игілігіне айналды. Ал қазір осылардың бірі жоқ.
Бұрынғы кеңшар жерінде үш шаруа қожалығы егін егеді, аздап картоп өсіреді. Азды-көпті жерден алған өнімдерінің игілігін оның қожалары көреді. Жалпы ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажы туралы қожалықтар қам жемейді деуге болады. Оның дәлелі – тұрғындардың қара малы бұрын 600 бас болса, қазір 140-150 бастың шамасында. Оның негізгі себептері ауыл адамдарының жалқаулығы, құлықсыздығы емес. Кеңшар тұсындағыдай емес, шөп, сабан, жем қат, өте қымбат, ешкім әкеліп үйіп бермейді. Ұрғашы малдарды ұрықтандыру жолға қойылмаған. Бір жыл қысыр қалған сиырды асырап керегі жоғы белгілі. Өндірілген ет пен сүтті делдалдар арзанға алып кетеді. Сондай-ақ, жаз шыға мал бағу да үлкен проблемаға айналды. Бұл істі шешу биылдан бастап тіпті күрделеніп кетті. Бұл екі мыңға жуық тұрғыны бар тек Прибрежное ауылына ғана тән жағдай емес.
Ауыл жастары жұмыс іздеп, лек-легімен қалаға кетіп жатыр. Елді мекенде қарттар қалуда. Балалар саны күрт азаюда. Көп жерлерде мектептер жабылып, не жабылудың аз-ақ алдында тұр. Осы келеңсіз үдерісті тоқтатудың жолы қандай? Не істеу керек? Қандай шұғыл шаралар қажет? Ауыл өмірі өркендемей, еліміз көркейеді деу қиын ғой. Менің ойымша, алдымен мемлекеттің қамқорлығы керек. Біріншіден, ауылға арналған үш жылдық бағдарламаның нәтижесі жария етілсе деймін. Өйткені, көз көрген, біз білетін ауылдарда әлеуметтік, мәдени ғимараттардың бой көтергенін көру қиын. Көшелердің халі мүшкіл. Екіншіден, ауылға деген мол қаражаттың қайда жұмсалғанын – ауылға ма, әлде ауыл шаруашылығына ма – осының арасын ажырату қажет. Үшіншіден, шаруа қораларын малға толтыру арқылы жұрттың хал-ахуалын жақсарту үшін Үкіметтің нақтылы көмегімен кооперативтер құру керек. Шаруа қожалықтарының қолындағы тозығы жеткен техниканың “ғұмыры” таусылды. Жаңартуларына кепілдікке қояр мүліктері жоқ. Кооперативтерде баяғы МТС-тер сияқты бірігіп пайдаланылатын техника болса екен деймін. Озық технологиялар қолданылып, ғылымның жетістіктерін пайдаланып, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің өнімін көбейтуге, агротехникалық, инженерлік, зооветеринарлық көмек көрсетуге мүмкіндігі туар еді. Төртіншіден, шаруашылық жүргізуші қожалықтардан мемлекеттің жалға берілген жерлерін тиімді пайдалануына, сұрау салатын уақыт жетті. Елбасымыз айтқандай, жерді тиімсіз пайдаланатындардан тиімді пайдаланатындарға беру керек қой. Бесіншіден, жекеменшіктегі мал шаруашылығын дамытуға арнаулы құрылым қажет. Яғни, жем-шөп, сабан, жем дайындайтын, ұрғашы малды ұрықтандыратын, мал өнімдерін сатып алатын, ветеринарлық көмек көрсететін кооперативтер құрылса құба-құп болмақ.
Мен 1992 жылы Францияда халықаралық агробизнес мектебінде екі апта дәріс алдым. Ондағы фермерлердің жұмыстарымен таныстық. Жоғарыда сөз еткен тәжірибе сол елде қолданылады екен. Сонымен бірге, алтыншыдан, ауылдың әлеуметтік мәселелерімен айналысатын да орталықтар қажет қой деп ойлаймын. Күл-қоқыс, мал қиын шығару, огород жырту, көгалдандыру, монша, тағы басқа мәселелерді шешетін мекеме ауыл әкімдігі жанында болса ғой, шіркін.
Мемлекет тарапынан бұған тиісті қамқорлық болмаса, қордаланған осы мәселелердің шешілмейтіні анық. Елу жыл ауыл шаруашылығында еңбек еткен, ауылдың кешегісін, бүгінін анық білетін ардагер ақсақалдың бірі ретіндегі пікірім мен көзқарасым осындай.
Болат САҒЫНДЫҚОВ,
облыстың құрметті азаматы.
Қызылжар ауданы.