Алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті жиырма жетінші сессиясында халық қалаулылары өңіріміздің алдағы үш жылға арналған бюджеті, әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар мәселелерін талқылады. Депутаттар жиналысына өңір басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, облыстық және аумақтық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қалалық, аудандық мәслихаттардың хатшылары қатысты.
Сессияда облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов жиналғандарды өңіріміздің 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджетімен таныстырды. Облыстық мәслихаттың депутаттары Есжан Оразалин, Анатолий Рафальский, Серік Ахметбеков өз сөздерінде бюджет қаржысының негізгі бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын атап көрсетті.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Халық қалаулылары Уәлиханов ауданындағы Молодая гвардия ауылының Жас ұлан деп қайта аталуын мақұлдады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев хабарлама жасап Мағжан Жұмабаев ауданында Ноғайбай би (бұрынғы Надежка), Бәйтерек (Фурманов), Аққайың (Октябрь), Алтын дән (Совет) ауылдық округтерінің атаулары өзгеретінін жеткізді. Сондай-ақ, осы аудандағы Хлеборобное ауылының атауы – Достық, Новый быт – Береке болып өзгертілмек. Депутаттар жиналысында халық қалаулылары осы және басқа да мәселелер бойынша бірауыздан шешім қабылдады.
Республикалық қоғамдық-саяси “Біздің депутат” газеті еліміздегі халық қалаулыларының бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын сараптай келіп, облыстық мәслихаттың депутаты Алтынбек Сапаровты басылымның “Үздік депутат” төсбелгісімен марапаттады.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.