Қазіргі таңда қоғамда Елбасымыздың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауын жүзеге асыру жолында нақты жұмыс қолға алынуда. Жаңа жылда жаңа жоспарларымен бөліскен Мемлекет басшысы “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын бірлесе орындауға шақырды. Елбасымыздың сындарлы стратегиясын жүзеге асыруға біз де өз үлесімізді қосып, еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етудеміз.
Біздің өңірде ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Әсіресе, ауылда тұратын ағайын жерден береке тауып, төрт түлік малымен күн көруде. Жер емген халықтың ұрпағы ретінде ата-бабадан қалған дәстүр бойынша мал өсіріп, егін егу – біздердің дағдылы жұмысымыз. Осы орайда еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы Елбасымыз да келелі ой айтқан болатын. Бүгінде еңбек ете алатындарға мемлекет тарапынан нақты қолдау бар. Әрине, бүгінгідей алмағайып заманда бәсекелестікпен өмір сүру – уақыт талабы. Елбасымыз айтқандай, қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу. Сондықтан кәсіпкерлер үшін қазір нағыз сыналар шақ. Біз де табысты еңбек етуге ұмтылып, бәсекелестікпен жұмыс істеудеміз.
“Қызылту ұн үгу комбинаты” ЖШС-і – аудандағы ең ірі серіктестіктердің бірі. Элеватор кешені 1954 жылы құрылған болатын. Мен бұл серіктестікке 2006 жылы басшы болып тағайындалдым. Он жыл ішінде біраз жұмыс атқарылды. Әлі де жетілдіретін тұстар аз емес. Біздің табысты жұмыс істеуіміз еліміздің бір қадам болсын алға басуына жағдай жасайды. Сондықтан Жолдау жүктеген міндеттер бойынша жұмыс істесек, елімізді биік белеске шығаратынымыз анық. Елбасымыз айтқандай, қазіргі таңда Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды.
Қазір елімізде дағдарыс дендеп тұр. Сондықтан ел экономикасында біраз қиындық туындауда. Алайда, Қазақстан дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануда. Қандай қиын сәттерді бастан кешсек те, жігері жасымаған, қайраты мұқалмаған халықтың бірлігі бар. Осынау бірлік пен берекенің арқасында еліміз тыныш. Қай салада еңбек етсек те, әрбір ісіміз берекелі болуы тиіс. Ал жыл он екі ай бойы егіс танаптарын баласындай күтіп-баптайтын диқандардың маңдай терімен жиналған астықты ұқсату біздерге жүктелген зор жауапкершілік деп білемін. Диқандар мол өнім жинаса, біздің ырысымыз кеңейіп, несібеміз артады. Өйткені, элеватор-диірмен кешенінің басты жұмысы – қамбаға құйылған астықты ұқсату.
Біздің кәсіпорында жұмыс істейтін еңбек адамдары Елбасының халыққа арнаған Жолдауын жүзеге асыруға ерекше атсалысып жатқанын баса айтып өткім келеді. Отбасыларын асырап, табыс тауып, әрқайсысы еліміздің гүлденуі үшін таңның атысы, күннің батысы жұмыс істеуде. Мен олардың еңбегін жоғары бағалаймын. Бүгінде серіктестікте 210 адам жұмыс істейді. Осыншама адамды жұмыспен қамтып, әрбіреуіне тиісті жағдай жасау, әрине, оңай емес. Әркімнің атқаратын өз шаруасы бар. Бәрі де өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жұмысты тыңғылықты орындауға ерекше мән береді. Серіктестікте жұмыс істейтіндер елдегі қиын жағдайды түсінеді.
Өткен жыл аграршылар үшін сәтті жыл болды. Мол өнім жинап, берекеге кенелді. Өткен күзде элеватор кешені астық пен майлы дақылдарды қабылдады. Жалпы элеватордың қуаттылығы – 220 мың тонна. Ал біз 132 мың тонна астық қабылдадық. Элеватор-трактор паркі қажетті техникалармен қамтамасыз етілген. Жыл сайын элеватордағы кірмежолдар жөндеуден өткізіледі. Су құбыры желісі тартылып, орталық сумен жабдықтау жүйесіне қосылдық. Бірақ әрбір жұмыстың өз қиыншылығы болады. Бізде де күрмеуі қиын мәселе жоқ емес. Қазіргі таңда ұн үгу кешенінде бірқатар қиыншылық бар. 2007-2008 жылдары ай сайын 2-3 мың тонна ұн өндірілсе, өкінішке қарай, бүгінде бұл қарқын жоқ. Оған бір себеп өткен жылдары ұнның бағасы төмен болатын. Алайда, биыл нан бағасы еркін айналымға жіберілді. Бұл кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндік. Біз де осыны пайдаланып, алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтамыз деп ойлаймын. Ал элеватор кешенінен еліміздің түкпір-түкпіріне астық жөнелтіледі. Сондай-ақ, шетелге экспортталады. Кішкенекөл ауылындағы элеватордан тиелген астықтың шетелдерге жөнелтілуі – біз үшін зор жетістік. Сондықтан элеваторға түскен астықты қабылдап, оны кептіруде және жөнелтуде еңбек адамдарының атқаратын рөлі ерекше.
Қазіргі таңда орташа айлық еңбекақы – 50 мың теңге. Бұл жалақы, әрине, аз. Бірақ арамызда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген адамдар да бар. Бүгінде тұрмысымыз жаман деп айта алмаймын. Жолдаудың екінші бағытында айтылған бюджет саясатын оңтайландыру туралы келелі пікір білдірген Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс жағдайында ысырапшылдыққа жол бермеу керек екенін жеткізді. Осы орайда мемлекеттік шығындар мен субсидиялар жүйесін қайта қарап, бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін белсендірек пайдалану қажет екені бәрімізге белгілі. Бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған барлық қаржы халық үшін нақты нәтиже әкелетін жобаларға бағытталуы тиіс. Сондықтан әрбір ұжым оңтайлы жұмыс істеуі керек. Өйткені, қазір арқаны кеңге салатын кез емес. Бәрі де өлшеулі, пішулі болғаны жөн. Біздің ұжымның да уақытты тиімді пайдаланып, сапалы жұмыс істейтініне сенімім зор.
Сержан СӨКІТБАЕВ,
“Қызылту ұн үгу комбинаты”
ЖШС-нің директоры.
Уәлиханов ауданы.