Петропавлдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Президенттік олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Білім додасынан жүлделі оралған Артём Германды сыныптастары темір жол вокзалында қарсы алды.
Қарағандыда өткен Президенттік олимпиадада еліміздің Назарбаев зияткерлік мектептерінен құралған команда жалпыкомандалық есепте жеңіске жетіп, Қазақстанның ең үздік оқу ошағы екенін тағы бір дәлелдеді. Қоржынға төрт алтын, үш күміс және жеті қола медаль түсті.
– Бұл олимпиада жаратылыстану-математика бағытындағы төрт пән бойынша өткізілді. Мен биологиядан өте жоғары нәтиже көрсеттім, бұдан бөлек химия, физика және математикадан есеп шығару міндеті жүктелді. Тапсырмалар қиын, бірақ мектеп бағдарламасы бойынша келеді. Барлығын логикалық тұрғыдан ойланып, шығару қажет болды. Әрине, аздап толқып, білгенімді толық көрсете алмадым. Нәтижесінде тек екінші орынды иелендім. Дегенмен өзім қол жеткізген табысыма ризамын, – дейді Артем Герман.
Президенттік олимпиададағы екінші орыннан бөлек, Артем “Caspian University” және С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің екі грантын иеленді. Бұған қоса, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Артемға 70 пайыздық жеңілдік ұсынды. Енді мектебіміздің болашақ түлегі осы іргелі жоғары оқу орындарының біріне түсе алады.
Білім додасының республикалық турында еліміздің барлық өңірлерінен 180-нен астам оқушы қатысты. Доданың қорытындысы бойынша 48 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. 11 оқушы – І дәрежелі, 15-і – ІІ дәрежелі, 22-сі ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Президенттік олимпиадада 11-12-сынып оқушылары бақтарын сынайды.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
Петропавлдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.