Ғасырға жуық тарихы бар абыз басылым – “Солтүстік Қазақстан” газетінің талай кіл мықты қаламгерлерді қанаттандырғаны көпшілікке мәлім. Қасиетті қарашаңырақта қаламы ұшталып, кейін облыстық партия комитетінде нұсқаушы, ел басылымы – “Егемен Қазақстан” газетінде меншікті тілші қызметтерін атқарған Амандық Әбжановтың есімі әлі күнге дейін әріптестерінің де, оқырмандардың да жадында. Ол салмағы зіл батпан журналистика саласында еңбек ете жүріп, өмір болмысын боямасыз өрнектеген көптеген әдеби туындыларды да өмірге әкелді. Түрлі жанрда қамшы салдырмаған жүйрік қаламгер көзі тірі болса, биыл 70 жасқа толар еді. Бүгін біз оның “Алтын бесік” деген әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Қалаға қанша бауыр басып кетсең де, ауыл дегенде жүрек қылы дың ете қалады. Қауырсын қанатыңды қатайтып, томаға сыпырған ұшқан ұяң болғандықтан ба, қолыңның қалт еткен бір сәтінде тартып кеткеніңді жөн көресің де тұрасың. Бұл не, сағыныш па, аңсау ма? Екеуі де бар. Аңсаған көңілді сағыныш билейді деген рас сөз. “Әй, сен ауылға ат ізін салуды қойдың ғой, жатпайсың ба келіп”, – деп жік-жапар болып жабысқандарға жұмыстың көптігін, жер шалғайлығын айтып, жалтаратын сен мұндайда бәрін ұмытасың. Бүгін, міне, солай болды. Аяқастынан алас-күлес жиналып, жоралғымызды жолдан жинап, ауыл қайда деп тартып бергенбіз.
Ұшқыр көлікке жер алыс па, айналасы үш-төрт сағаттың ішінде ауылыңның төбесін көрсетіп, қырқасына бір-ақ шығарады. Қазіргі ауыл деген жай атау ғана ғой. Егер араға жылдар салып келер болсаң, түсер үйіңді таппай да қалуың мүмкін. Етек-жеңін кеңге жайып, бауырын әлдеқайда жаза түскен туған мекеніңнің келбетіне сүйсіне қарайсың. Бір кездерде сыртта оқу оқып жүргенде ауыл төбесі көрінгеннен-ақ машина үстінен: “Әне, анау біздің үй, Көкен атамның үйі, Бәти әжемнің үйі”, – деп санаулы шаңырақтардың түсін түстеп, атын айтып шу ете түсетінбіз. Бұл күндерде оның бірін де істей алмайсың. “Ел өсіп, марқайды деген осы”, – деп іштей ой түйесің.
Ағайындар, көрші-қолаң тік тұрып қарсы алды бізді. Амандық-саулық сұрасып, пәк көңілдерін білдірісіп жатыр. Шай да ортаға келді. Енді мен ауыл адамдарын түгендеуге кірістім.
– Бәти әжемнің үйі аман ба?
– Аман, – дейді үлкен ағай ыстық ішсе терши беретін қалың маңдайын орамалмен сүртіп қойып, – құрдасыңның орденмен наградталғанын естіген шығарсың, ер жігіт болып тұр. Қазір егін шабуда шығар.
– Естігем. Іле-шала өзін құттықтап, телеграмма да жібергенбіз. – Құрдас дегеніміз Бәти әжейдің менімен түйдей жас, жалғыз баласы Еркін. Орта мектепті бітірген соң еңбекке араласып кеткен болатын. Өзі комбайншы. Жыл сайын құрмет тұғырынан түспей, еңбегімен аудан, облысқа аты мәлім болып отыр. Семья өрбітіп, балаларының алды мектеп бітіріп жатқан Еркіннің еңбегі ел аузына іліккелі қашан. Совхоз өзін кең сарайдай үйге көшірді. Бүкілодақтық көрмеге қатысып, сыйға жеңіл машина алды. Көпшіл де момын жігіттің бұлайша өсуін ауыл іші, әсіресе, үлкендер жағы өздерінше бағалап, пайымдайды: “Әкеге тартып ұл туса игі” деген осы. Нағыз әкесі. Ол араласпайтын іс жоқ еді-ау. Мынауың қиын, анауың ауыр деп тұрмайтын. Біз балалар жағы Еркіннің әкесінің не тындырып, не қойғанын шала-шарпы білетінбіз. Әйтеуір, жақсы адам болған дейді.
– Бәти әжемдікіне кіріп шығайын, – дедім мен әлден уақытта.
– Оған сөз бар ма, үлкен адамға сәлем беруің орынды, – деді ағай да қоштай сөйледі.
Табалдырық аттамай жатып, даусымнан таныған Бәти әжем ауыз үйге өзі шықты.
– Ой, айналайын. Қалкенжанбысың, егізімнің сыңары, – деп бетімнен сүйіп жатыр. Сүйегі жеңіл адам емес пе, орындық ұсынып, құрақ ұшып жүр. Мені Еркінмен түйдей құрдас болған соң “егізімнің сыңары” деп атайды. Бала кезімде осы үйдің баласы құсап, Еркінмен бірге ойнап, бірге күліп, қонып та қалатынмын.
Байқаймын, Бәти әжем әлі жігерлі сияқты. Оның осы елге тараған мынадай сөзі де бар: “Е, мен нені көріп қартаяйын, заман түзу, ішкенім алдымда, ішпегенім артымда. Керек десеңдер, шөберелерімнің де қызығын көрем бе деп отырмын. Балалар мен ел-жұртым аман болсын, мына бақ заманда сендермен жүргенге не жетсін?”. Деуін десе де “кәрілік шіркін қарға адым аттағаныңды көре алмайды екен, әйтпесе Мәскеуге де барып қайтар ем”, – деп күлдіртіп алатын.
Міне, сол Бәти әжем мені көріп, әлі толғанумен жүр.
– Кешке осы үйде боласың, оған дейін Еркінжан келіп те қалар, – дейді ол сөз арасында. – Туған ошағыңды сағынған да шығарсың. Балапан құс қанша есейгенмен, оның балапан жүрегі сол қалпында қалады. Ауылыңды көр де, қуана бер, соның өзі үлкен демеу.
Мен ауылымның өсіп кеткенін айтып, әжей сөзін құптап жатырмын.
– Мына Еркінжанның әкесі айтатын “ауыл – еліңнің бөлінбес бір бөлшегі” деп. Ауылың не, қалаң не – бәрі бір ұғым, сайып келгенде – Отаның.
Бәти әжемнің бұлай шешіле, серпіле сөйлеп кеткеніне таңырқай қарап қалыппын. Бұрын бізді баласынды ма, дәл осылай сөз толғамайтын. Ұстаз алдындағы шәкірт сияқты мен де үлкен кісінің әр қимылын, әр сөзін бағып, қалт жібермей отырмын. Әжем әлден уақытта қара абдырасын аша бастады. Осы үйдегі көнеден қалған осы абдыра ғана, әйтпесе бәрі жаңа. Біздің жас кезімізде Еркін екеумізге қазіргі абдырасынан қант-кәмпит беріп, ұртымызды толтыратын да қоятын. Бір түйіншектен соң бір түйіншек. Біреуін шешті де менің қолыма ұстатты. Сарғайған қағаздар және бір сурет. Ғажап. Қызыләскер киімін киген біреу талдырмаш келген сұлу өңді жігітпен қатар түсіпті. Бет пішіні Еркінге келеді.
– Таныдың ба? – деді Бәти әжем суретті қолына алып, – Еркінжанның әкесі – Есілбек, мынау қызыләскер Мекалай. Таршылық заманда елден жинаған астықты Қызылжарға жеткізіп жүргенде бірге түсіпті. Сендер ол заманды білмейсіңдер. Есілбек “Ленин бұйрығы” деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, ат үстінде жүретін. Сонда ойлап отырсам, ол кезде жиырмаға толмаған жігіт екен. Қараңғылық қой, отырып ап, “ауылда неге болмайсың” дейтінмін. Сонда ол айтатын: “Елге түскен қиындық – ауылға да түскен батпан жүк. Ауыл – елімнің бөлінбес бір бөлшегі емес пе?” – деп. Мына бетіндегі тыртығы бандылармен атыста қалған белгі. Араға ай қонып, апарған астықтарын вагонға тиеп қайтатын. Міне, содан бері де елдің елдігіне сын болған кезеңдер де болды ғой. Кешегі Ұлы Отан соғысында Есілбек трудармияға сұранып кетсе, біз мында биялай, байпақ тоқып, көйлек-көншек тігіп дегендейін, майданға жөнелтіп жаттық, масақ соғып, ұйқы-күлкі көрмедік. Сонда ғана ауылдың елдің бір бөлінбес бөлшегі екенін ұқтым. Қарағым-ау, бір жеріңе сүйел шықса да, соның өзі де бүкіл денеңе батқандай болмай ма? Ол да сол. Осыны Есілбек ерте түсініпті…
Мен далаға толқып шықтым. Үлкен аудиториядан үлкен ұлағат алғандай Бәти әжемнің сөздерін іштей қайталап, елімнің бөлінбес бөлшегі – алтын бесік ауылымды жаңа танығандай, таңырқай қарап тұрып қалыппын.
Амандық ӘБЖАНОВ.