Ақжар ауданы облыс орталығынан шалғайда жатса да, мұндағы тұрғындардың алаңсыз өмір сүруі үшін жергілікті билік аянып жатқан жоқ. Аудан әкімі Серікбай Тұралинов жылдағы дәстүрге сай өтіп жатқан есепті кездесуінде былтырғы жылы әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірді жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Есепті кезеңде бірнеше жаңа әлеуметтік нысандар салынып, іске қосылыпты.
Кәсіпкерлік саласына бет бұрғандар саны артқан сайын жұмыссыздардың қатары азая түсуде. Атап айтар болсақ, кәсіпкерлер есебінен 500-ге тарта жаңа жұмыс орындары ашылса, аудан бойынша есепте тұрған 1500-ге жуық жұмыссыздың мәселесі шешімін тауыпты. Былтыр шағын және орта бизнес субъектісінде 542,3 миллион теңгенің 39 жобасы жүзеге асырылған. Бүгінгі күні тұрғындар игілігі үшін балалардың ойыншық дүкені, ағаш өңдеу цехы, бірнеше дәмхана және тағы да басқа нысандар жұмыс істеп тұр. Ауданда 2 элеватор және 13 наубайхана бар. Серікбай Шәріпұлы көмір өндірумен айналысатын бірнеше серіктестіктің де жұмысы жемісті жүріп жатқанын айтты. Жергілікті кәсіпкерлер “2015 жылдың үздік кәсіпкері” байқауына белсене қатысқанын да атап өткен жөн. Өңірлік байқауда Горьковское ауылынан “Осадчая О.П.” ЖК жеңімпаз деп танылса, Ленинград ауылының кәсіпкері Б. Жаңабаев республикалық “Жүректен-жүрекке” атты сайыста “Үздік қайырымдылық жоба” аталымы бойынша жүлдегер атанды.
Бүгінгі күні Талшық ауылында дәріхана мен ауыл шаруашылығы техникаларына арналған қосалқы бөлшектер дүкені, ал Ленинград ауылында екі жылыжай кешені және Майское ауылында сүт өнімдерінің шағын цехы салынып жатыр. Аудан бойынша қолға алынған ең ірі жоба – бөтелкедегі су шығару өндірісі. Онымен жақын күндері “Малахит Касс-Тал” серіктестігі айналысатын болады.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция тарту биыл да жалғасын таппақ. Былтыр негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 1885,5 миллион теңгені құрап, өсім қарқыны 128,3 пайыз болды. Аудан әкімі Серікбай Тұралиновтың айтуынша, мемлекет экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарға көмегін аямауда. Сондықтан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген төмен пайыздық мөлшермен несие беріліп, субсидия төленеді.
Мемлекеттік бағдарламалардың да тұрғындардың тұрмыстық әлеуетін арттыруға ықпалы зор көрінеді. Әсіресе, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында несие алушылар қатары жыл санап артып келеді. Олардың көбі бұл қаржыға қара мал, жылқы, құс шаруашылығын дамытпақ.
Былтыр ауыл тұрғындарынан 83 өтініш түссе, соның 65-іне ауызша жауап беріліп, қалғаны бақылауға алынған. Нәтижесінде ауылдықтарды алаңдатқан мәселелердің бәрі де бүгінгі күні өз шешімін тауыпты. Ал биылғы есепті кездесулерде тұрғындар аудан әкімінен жол, ауыз-су, абаттандыру және басқа да ағымдағы проблемаларды шешуді сұрады.
“Былтыр “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 394 миллион теңге қаржыға Дәуіт, Қызыл ту, Казанское, Үлгілі, Байтөс ауылдарына таза ауызсу тартылды. Бұл мақсаттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады”, – деді Серікбай Тұралинов. Сондай-ақ, “Елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру” бағдарламасына 5,9 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Көпқабатты үйлердің аулаларындағы қоқыстар тазартылып, Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіштердің маңайы ретке келтіріліпті. Ауыл және аудандық маңыздағы жолдардың ескіргенін мойындаған Серікбай Тұралинов алдағы уақытта жергілікті билік осы мәселелерді қолға алатынын жеткізді.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.