«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫС-БЕРІС АРТАДЫ

Алматыда “Ауғанстан: жаңа сауда көкжиектері” атты бизнес-форум өтті. Шараға солтүстікқазақстандық делегация да қатысты.
Осыдан бірнеше апта бұрын өңірімізге Ауғанстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Фархат Мухаммад бастаған ресми делегация келген болатын. Кездесу барысында әріптестікті нығайту жайы талқыланып, облыс кәсіпкерлері оңтүстік астанадағы форумға шақырту алған еді. 

Бүгіндері Қазақстан Ауғанстанның ірі сауда әріптестерінің біріне айналған. Еліміз Ауғанстан үшін сауда-саттық бойынша Қытай, Иран және Пәкістаннан кейінгі төртінші орында тұр. Былтыр екі ел арасындағы өзара сауда айналымы – 520,6 млн. АҚШ долларын құрады. Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында өңіріміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Ауғанстанға 60 мың тоннадан астам өнім экспорттаған.
Форум аясында тақырыптық панельді сессиялар, ауғанның мұнай-газ, үй декорын, құрылыс материалдарын, кәдесыйлар мен аксессуарларды, азық-түлік тауарларын өндірушілерінің және логистикалық компания өкілдерінің көрмесі өтті. Облыс делегациясының құрамына азық-түлік өндірісі және тамақ өнеркәсібі саласында жұмысын жүргізіп жатқан 15 кәсіпорын енді. Жиында өзара тауар айналымын арттыру мәселесі талқыланып, өңіріміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша бірқатар келісімдер жасалды. Алдағы уақытта ауған еліне біздің өңірден бидай, ұн және тағы басқа тауарлар жеткізілетін болады. Ал жергілікті “Радуга” және “Грейт Шол” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары Ауғанстаннан жаңа піскен және кептірілген жемістерді, дәмдеуіштерді, жаңғақтарды және тағы басқа тауарларды импорттауға келісті. Екі кәсіпкер де шетел тауарларын өздерінің сауда желілерінде сатуды жоспарлауда.
Форум алаңында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек АҚШ-тың “USAID” Халықаралық даму жөніндегі агенттігінің өкілдері Райдер Роджерс және Луай Самоуимен, сондай-ақ, “АFG-QAZ” Қазақстан-Ауғанстан даму және әріптестік қауымдастығының төрағасы Өміртай Бітімовпен тілдесті. Кездесуде дәл осындай форумды біздің облысымызда өткізу мәселесі көтерілді. Ал “USAID” агенттігінің өкілдері өз бағдарламалары аясында солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер үшін семинар өткізуге қызығушылық танытты. Бұдан бөлек, облыс басшылығын қараша айында Ауғанстанда өтетін өзара сауда форумына қатысуға шақырды. Ауқымды шараға Орта Азия елдерінің өкілдері қатысады деп күтілуде.
Жақын уақытта облыстық әкімдік пен Ауғанстан Ислам республикасы үкіметі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp