«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІН ҰШЫРДЫ

Осыдан екі жыл бұрын ашылған Назарбаев Зияткерлік мектебін тамамдаған алғашқы 78 түлектің 7-еуі “Алтын белгі” иегері атанды. Тағы бір оқушы “Ерекше үлгідегі аттестат” алды.

  Назарбаев Зияткерлік мектебінің тілдерді үйлестірушісі Сәуле Иманованың айтуынша, білім ошағын бітірген 11 түлектің еліміздегі мәртебесі жоғары Назарбаев Университетіне грантпен түсу құқы бар. Сонымен қатар түлектердің үшеуі Гонконг (Камила Әлімбаева), Венгрия (Алмаз Жаңбыров) және Алматыдағы халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне (Айдар Әбікей) грант ұтып алған.

Еліміздегі беделді білім ошағы болып табылатын Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіріп, “Алтын белгі” алған оқушылардың екеуі қазақ сыныбының түлектері.

– Мен бұған дейін облыс орталығындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте алған білімімді Назарбаев Зияткерлік мектебінде одан әрі тереңдету мүмкіндігіне ие болған едім. Бүгінгі таңда Назарбаев Университетінің грантын иелендім. Сондай-ақ, Венгрияның жоғары оқу орнына да грантпен түсуге құқым бар. Бұл жетістіктерім үшін маған терең білім берген ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Болашақта өзімнің жүрек қалауыммен таңдаған мамандығымды алып, еліміздің дамуына өз үлесімді қосқым келеді, – дейді Алмаз Жаңбыров.

Назарбаев Зияткерлік мектебінен үлкен өмірге қанат қаққан түлектердің 43-і қазақ, 35-і орыс сыныптарында оқыған. “Бұл түлектер қай жоғары оқу орындарында білім алса да, Отанымыздың өрлеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын жоғары кәсіби маман болатындарына сеніміміз мол, – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің тілдерді үйлестірушісі Сәуле Иманова.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp