«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒАШҚЫ ҮЙІРМЕ

Каратэ – қарусыз қорғануға үйрететін спорт. Оның бірнеше түрі бар. Солардың бірі – ашихара каратэнің біздің елде тарала бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан, әр өңірде осы спорт түріне арналған секциялар мен орталықтар ашылуда. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Петропавлда бұл шығыс жекпе-жегіне баулитын алғашқы үйірме өз жұмысын бастады. 

Өңірімізде ашихара каратэ A.I.K.O халықаралық федера­ция­сының алғашқы үйірмесін ашқан Тойжан Сыздықов небары 17 жас­та. Жуырда талапты жігітпен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің медицина факультетінің бірінші курс студенті жергілікті колледж­дің залын жалға алып, үйірме ашқан. Бүгіндері ол өрендерді каратэнің осы түріне баулуда. Үйірмедегі бала­лардың ең кішкентайы 4 жас­та болса, ең үлкені 19-да.

– Қазір әлемде каратэнің каратэ-до, шотокан, киокушинкай-кан, ситро-рю, годзю-рю, вадо-рю деген түрлері бар. Спорттың бұл түрі еліміз­де кенже дамығанына қарамастан, отандастарымыз әлемдік дода­ларда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Ашихара каратэнің өзіндік ерекшелігі бар. Егер каратэнің басқа түрлерінде соққылар тек аяқпен және қолмен жасалса, ашихарада жағадан алу, аяқтан шалып құлату сияқты әдістер қол­данылады. Сондай-ақ, басқа соққы жасауға да рұқсат етілген, – дейді бапкер.
Бүгіндері жас бапкерге жатты­ғу жұмыстарын жүргізуге Ақжан Нәкенов пен Ербол Абылайұлы көмектесуде. Ақжан киокушинкай каратэ бойынша спорт шеберіне үміткер, бірнеше республикалық сайыстардың жеңімпазы әрі жүл­дегері болса, Ербол қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберлігіне үміткер. Бір жарым сағатқа созыла­тын әр жаттығу барысында арнайы қорғаныш киімдерін киген ба­лалар соққы жасау және лақтыру техникаларын да меңгереді.
Жергілікті балалардың ара­сында сайыстарға қатыса алатын деңгейге жеткендер де аз емес. Қараша айында Өскемен қаласында ашихара каратэ бойынша өтетін өңіраралық сайыста үйірменің өкілдері – Әділхан Айтжан мен Нұрдәулет Науан өңір намысын қорғайды. Олар 8-9 және 14-15 жастағылар арасында сынға түспек. Сондай-ақ, жаттық­тырушылар алдағы айда Петропавл қаласында годзюрю каратэ бойынша өтетін сайысқа шақырту алған. Сол шарада қызылжарлық спорт жанкүйерлерін ашихара каратэнің техникасымен таныстыр­мақ.
Әңгіме барысында Тойжанның алғашында каратэнің басқа түрлерімен айналысқанын білдік. Алдымен Петропавл қаласындағы кекушинкай каратэ залынан табылады. Бір жыл бойы облыстық кекушинкай каратэ филиалының директоры Владимир Витченкодан тәлім алып, кейін жаттығуын Нұр-Сұлтан қаласында жалғасты­рады. Елордада Асқар Қуандықов сынды білікті бапкердің жетекшілігімен жаттығып, шарболаттай ширығады. Әрине, аққан тер мен тынымсыз жаттығу өз жемісін берді. Бұл спорт түрінен елорда жеңімпазы, ел біріншілігінің жүлдегері атанды. Бұдан бө­лек, әскери самбомен айналысып, спорт шебері атағына қол жеткізеді. 2017 жылы Қостанай қаласында өткен халықаралық сайыста жеңістің биік тұғырына көтерілсе, сол жылы Қарағанды қа­ласында жекпе-жектен өткен ел біріншілігінде үздік үштіктің қатарынан көріне білді. 2018 жылы Ресейдің Барнаул қаласында өт­кен Еуразия біріншілігінде үздік үштікті түйіндейді.
Жастығына қарамастан спорттық мансабында жақсы нәтиже­лер көрсетіп жүрген Тойжан өзіне каратэнің ашихара деп аталатын түрі жақын екенін түсінген. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия біріншілігінде 65 килограмм салмақта сайысқа түсіп, жеңімпаз атанады. Ел құрамасы бұл сайыста жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алғанын атап айтқан жөн.
Қазіргі уақытта Тойжан ашихара каратэдан облыстың бас бапкері қызметін қатар алып жүр. Талапты жастың айтуынша, алдағы уақытта Петропавл қала­сы мен аудандарда үйірмелер ашып, балаларды спорттың осы түріне көптеп тартуды жоспарлауда.

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp