«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҚААҒАШТЫҢ АРДАҚТЫЛАРЫ

1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғысқа Шал ақын ауданының шағын ғана Алқаағаш ауылынан 74 азамат аттанған екен. Ол кезде адамдардың рухы, отансүйгіштік сезімі ерекше еді. Сондықтан да шығар, кеудесінде намыс оты бар ауыл азаматтарының бірі де өз басына төнген қауіп-қатер жайлы ойламай, сұрапыл соғысқа жол тартқаны.

Тек 1941-1942 жылдары алқаағаштық 25 жауынгер майдан даласында оққа ұшып, хабар- ошарсыз кетті. Келесі 2 жылда тағы 10 ауылдасымыз жат жерде өмірмен қоштасты. Бұлардың дені әлі үйленіп, үй болып та үлгермеген жас жігіттер еді. Сондықтан олардың артында ұрпақ та қалмады.

Хабар-ошарсыз кеткен жерлесіміздің біреуі – менің әкем Қабеннің туған ағасы Нұрке Дәуленов. Ол 1941 жылғы 17 шілдеде әскерге адынып, 314-ші атқыштар дивизиясының 1074 полкінің құрамында болған. Бес айдан кейін қанды қырғында оққа ұшып, үйге «қара қағаз» келеді. Ағамыздың артында екі сәбиі мен еңіреп жеңгеміз қалды. Осылайша тағы бір үйдің шаңырағы ортасына түсті.

Отан алдындағы перзенттік парызын өтеуге аттанғандардың арасынан туған ауылымыздың топырағына қайтадан табаны тиген 36 жерлесіміздің бірі – Қошқарбай Жақыпов. Жеңіс жолындағы ерлігі және фашистік Германияның астанасы Берлинді алуға қатысқаны үшін оның кеудесінде «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері жарқырайтын. Тағы бір жерлесіміз Шери Сайдалин де Венгрия астанасы Будапешт қаласында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Осындай орден тағы екі ауылдасымыз – Ғалым Сәкенов пен Серікбай Ахметовке де бұйырды.

Серікбай атамыз 1945 жылы маусым айында Мәскеу қаласындағы Қызыл алаңда өткен Жеңіс күніне арналған парадқа қатысқан. «Ерлігі үшін» медалі Шәрәп Әубәкіров, Ахметжан Әубәкіров, Сағынай Бейсенов, Қадыркеш Бекмағанбетов секілді батыр аталарымызға берілгені біз үшін мақтаныш. Тағы бір жерлесіміз Арғын Дүйсенбин «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Қиян-кескі ұрыс даласынан аман-есен оралған жерлестеріміз бейбіт күндері де ел дамуына сүбелі үлес қосты. Майдангер Жәкежан Нүркенов ауылға оралған соң трактор тізгініне отырып, зейнетке шыққанға дейін еңбек етті. Ғаббас Әбжанов, Сағынай Бейсенов, Жанғали Бестенов, Серік Қыздарбеков кеңшардың малын бақты. Байғали Қожин, Шери Сайдалин, Шәрәп Әубәкіров зейнет жасына жеткенше еңбек майданында қызу жұмыс істеді.

Біздің ауылдан 4 бірдей аудандық атқару комитетінің төрағасы түлеп ұшқанын мақтан тұтамыз. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Еңсеген Жүзенов. Тағы бір майдангер ауылдасымыз Өмipбай Ыбыраев кеңшардың директоры, аудандық атқару қомитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. .

Ал майданға 18 жасында өзі сұранып аттанған Айдархан Какжанов ұрыс даласынан жараланып, елге мүгедек болып оралса да, еңбектен қол үзген жоқ. Көрші Қаратал ауылында бірнеше жыл есепші, туған ауылында 23 жыл кеңшардың бөлімше басқарушысы болды, Кривощеково ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бүгінгі күні сол жауынгерлердің бірде-біреуі арамызда жоқ. Қарт майдангерлердің соңғысы 2010 жылы қазан айында көз жұмды.

Аталарымыздың батылдығынан бөлек, еңбекқорлығына тәнті боласың. Қабдолла Жандосов кеңшардың шөбін шауып жүріп, шаршағанын білдірмейтін. Қайролла Өсіпов, Кәкім Сыздықов, Қадыркеш Бекмағанбетов, Зейнел Қыдырмин, Ахметжан Әубәкіров, Ерғали Дайыров бөлімшеде өздеріне тапсырылған жұмыстарды мінсіз атқарушы еді.

Ол кісілердің еңбекқорлығынан бөлек, қазақы болмысына да қызығушы едік. Қабдолла Жантілеуов атамыз аңшылықты кәсіп қылды, бүркіт ұстады. Туған інісі Амантай және соғыстан мүгедек болып оралған Жанатай Ғабитовтің қоймашы болғанын ауылдастары ұмыта қойған жоқ. Шахмет Мәкімов ауылда мал дәрігері, ал оның ағасы Кәрім егін күзетуші еді. Тұрғын Рамазанов Новопокровка жұмысшылар кооперативінде өмір бойы есепші болды. Тағы бір ағамыз Мырзахмет Әбжанов Тимирязев ауданының Сулы стансасында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шықты.

Сайран МОЛДАХМЕТОВ,

Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp