Көктемгі егіс жұмыстарын аяқтаған облыс диқандары танаптарды күтіп-баптауға кірісті. Биыл облысымыздың 3487 мың гектар алқабында арамшөптер мен зиянкестерге қарсы іс-шаралар қолға алынатын болады. Бүгіндері оның 267 мың гектарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл деректерді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.
Бүгіндері өңір диқандары 50 мың тонна минералды тыңайтқышты 1 млн. 6 мың гектар алқапқа себуді жоспарлауда. Зиянкестерге қарсы күрес те қарқын алған. Жоспарлы 389 мың гектар алқаптың 53 мың гектарында зиянкестерге қарсы шаралар атқарылды. Егіс алқаптары жерүсті агрегаттарымен және авиациямен, аспалы бүріккіштермен өңделуде.
Солтүстікқазақстандық агрономдар дәнді дақылдардың ауруға шалдығуының алдын алу мақсатында 770 мың гектар жерді бақылауға алған. Әзірге оның тек 25,5 мың гектарына алдын алу шаралары жүргізілді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.