«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАНЫҢ ЕРЛІГІ

Өмір сыйлаған ана үшін баладан қымбат жан жоқ. Қандай ана болсын өз перзенті үшін отқа да, суға да түсуге дайын тұрады. Өз балалары үшін ажалға да қарсы тұра білген асыл жандар жайында сөз қозғағанда Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында тұрған Самал Ахметова есімді қазақтың қарапайым әйелі еске оралады.

Шаңырағын шуаққа бөлеп, жұбайы Бақытжанмен бірге ұлдары Әлихан мен Санжарды тәрбиелеп отырған Самал ақжарқын, кеңпейілді жан еді. Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орнында сырттай білім алып, жұмыс істеп, қатарластарынан қалмай, көппен бірге көшке ілесуге ұмтылып, еңбек етіп жүрген жарасымды жұптың көтерген шаңырағы жабылып, сол бір сырлы шақтардан үзік елес қана қалғандай. Ертеңгі күнінен тек қана жақсылық күтіп, қос құлынын “айналайын” сөзімен аялаған Самалдың өмірін астан-кестен еткен оқиға үстіміздегі жылы болған.

…Түнгі сағат он екіге бір минут қалғанда қаладағы №20 өртсөндіру бөлімшесіне Солнечный көшесіндегі екіқабатты үйдің отқа оранып жатқаны жайында жедел хабар келіп түседі. Қоңыраудан кейін арада бар-жоғы 7 минут өткенде кезекші қарауыл тиісті орынға жетеді. Олардың артынан тағы да ішіне су құйылған екі автоцистерна жіберіледі. Өртсөндірушілер үйден 18 адамды сыртқа шығарып, көмек көрсетеді.

Сол түнде ұйытқып соққан жел мен қою түтін отты өшіруді қиындата түседі. Тек 1 сағат 41 минут ішінде ғана өрт сөндіріліп, тілсіз жау таңғы сағат бесте толығымен ауыздықталған.

Түн жамылып келген өрттің кесірінен екі бала анасынан, бір шаңырақ киесінен айрылып қалды.

Өрт шалған екіқабатты пәтерлердің бірінде отбасымен тұрып жатқан Самал түтіннің иісінен оянып кетеді. Бір жамандықты сезген ана байғұс шырт ұйқыда жатқан ұлдарын оятып, дереу далаға шығарып, таксиге отырғызып, ауруханаға жіберіп үлгереді.

Лаулаған оттан олардың пәтері аман қалса да, көз ашқызбастай қалың түтіннің жаман иісі пәтер ішін лезде жайлап кетеді. Өзін емес, балаларын ойлап, олардың амандығына алаңдаған Самал өртсөндірушілер, жедел жәрдем қызметкерлері келгенше отбасындағы жақындарына өздігінше көмектесуге барын салады. Сөйтіп, ол іші көк түтінге оранған баспанасына қайта оралады. Самал үйдегі анасын құтқарып қалуды ойлайды. Өздігінен жүріп-тұруы қиындаған анасы Тұрсынгүл Жанғалиқызын көк түтіннің ішінен тауып алып, қос қолдап қапсыра құшақтап, екеулеп сыртқы есікке қарай ұмтылады. Бірақ бір-екі қадам жасаған соң улы иіске әбден тұншыққан Самалдың басы айналып, көзінің алды қарауыта бастайды. Өз өмірі қыл үстінде тұрса да, анасына көмекке келген қызы таза ауаға ұмтылып, қанша асықса да, өлімнің тұсауы аяғына оратылып, дәрмені таусылады. Ажалмен арпалысқа түскен қызы мен анасы сыртқа шығатын есікке бір аттам жер ғана жете алмай ажал құшқан. Осылайша, қас-қағым сәтте болған оқыс оқиғаның кесірінен екі адам көз жұмды.

Самал Ахметованың ағасы Серік Мырзахметовтың мамандығы – өртсөндіруші. Осы салада жиырма екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан білікті маман туған бауырынан ойда-жоқта айрылып қалғанына әлі күнге сене алмайды.

– Сол күні мен кезекті еңбек демалысында жүрген едім. Әріптестеріммен телефон арқылы сөйлескен кезде қарындасым тұратын мекенжайда өрт шыққанын естіп, ойланбастан сол жаққа жүгіре жөнелдім. Екіқабатты үйге жақындап барып, далада тұрған адамдардың арасынан қарындасымды, балаларын іздедім, бірақ таба алмадым, – дейді сол оқиғаны еске алған Серік Жұмағалиұлы.

Самалға көмектесуге асыққан ағасы туыстарын даладан таба алмаған соң пәтер ішіне кіріп, үйдің қуыс-қуысын тексеріп шығады. Онда ешкімнің қалмағанына көзі жеткен соң көңілі орныққандай болады. Бірақ ол дәл сол сәтте өзіне екі бірдей жақын адамынан айрылып қалғанын әлі естімеген еді…

Небәрі жиырма сегіз жаста ғана болған Самал – өзінің асқан қырағылығы арқасында балаларын өлімнен құтқарып қалған қайсар ана. Оның батыл қадамы күні ертең балаларына үлгі болары айдан анық.

Жеті жастағы Әлихан мен екіден енді ғана асқан Санжар бүгінде әкелері Бақытжанмен бірге Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылында тұратын ата-әжесі Қаратай мен Теңдіктің қолында. Қиын сәтте бауырмалдық таныта білген ағайындары сәбилерді жылылыққа бөлеп, бала жүрегіне ақылмен жол табуға тырысады, әрине. Бірақ анаға кім жетсін?!

Сол түнде болған өрт бір тұрғынның майшамды дұрыс пайдаланбауынан орын алғаны арнайы тексеріс нәтижесінде анықталған. Иә, кішкентай ғана балауыз шамнан басталған өрттің аяғы осындай орны толмас өкінішке әкеп соғарын кім білген?..

– Шаңырақтың шуағы болған келініміз Самал мен оның анасының қазасы қабырғамызды қайыстырды. Артынан екі бала қалды. Қазір ұлым мен немерелерімізді қолымызға алдық. Санжар әлі кішкентай болғандықтан, көп нәрсені түсінбейді. Ойын баласы емес пе? Ал Әлиханның мінезі тұйық, ол көп нәрсені сұрамайды. Құлынымның анасын сағынып жүргенін, оны іздейтінін мөлдіреген жанарынан көремін, ішкі жан дүниеммен сеземін. Бірақ онымен ашық сөйлесіп, аналарының бақилық болғанын айтуға дәтім бармайды, – дейді бүгінде қос немересін бауырына басып, қамқоршы болып отырған әжелері Теңдік Кәрімқызы.

Өмірі қыл үстінде тұрса да, батыл қадамымен бауыр еті балаларына екінші рет өмір сыйлап үлгерген қайсар жанның батырлығына қалай ғана бас имеске?!

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp