«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАШЫМ – АЯУЛЫМ!

“Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің” деген рас екен-ау. Тайқұлындай тебісе ойнақтап жүріп, ата-анамыздың құшағында өткен балалық шақ қанша есейсек те, көңілге сәуле беріп тұрады екен. Өткенге ой жүгіртсек, ол өмір кіршіксіз, пәк сезімнің кезеңі болыпты. Олар бүгінде қасымызда жоқ болса да, сол жылдарды еске алумен-ақ өзімді бақытты сезінемін. Сол естелігіммен сіздермен бөліссем деймін…

Анам Шәрбан Махметқызы – жастайынан мойнына жетімдіктің қамытын іліп, өмірдің ауыр тауқыметін көрген жан. Ол Есіл ауданының Қарағай ауылындағы Мұқаш әулетіне келін болып түскен кезде 19 жастағы бойжеткен екен. Бұл – 1946 жыл, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанмен, елдегі тұрмыс-тіршілік түзеліп кете қоймаған қиын кезең болатын. Елге сыйлы, дініне берік, пірәдар қайын атасын бағып-қағып, алдынан кесіп өтпей, көзіне тіке қарамай, тәрбиелі, инабатты келін бола білген. Ел ішінде “Әплә” атанған атамыз келінінің ақ ниетіне разы болып, ақ батасын беруден жалықпаған деседі. Сол жақсылығының қайтқаны болар, әкеміз Қалиасқар екеуі өнегелі отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешті деп айта аламын.

Жеті балаға өмір сыйлап, оларды ержеткізіп, өмірдің ащы-тұщысын екеуі иық тірестіре жүріп көтерген ата-анамыздың сондағы өмір сүру салты мен түсініктері бізге әлі күнге дейін үлгі. Анамыз әкемізбен бірге үй ішінің таусылмас жұмыстарын жүгіре тындыратын, сондай-ақ, кеңшардың қайнаған еңбегінің бел ортасында жүретін. Жазда қой қырқуда, күзде қырманның басында жүретін ол еңбекқорлығымен замандастарына сыйлы болды. Кеңшарда қой қырқу науқаны анамсыз басталмаушы еді. Бөлімше басқарушысы Зия аға: “Шәке, сіз бармасаңыз, қой қырқу бітпейді”, – деп қолқалап алып кететінін талай көрген едік. Ал біз, балалар, қырықтықшылардың жұмысын орамның ар жағынан бақылап, ол жерді думанды ойын алаңына айналдыратынбыз. Қолындағы қайшысын икемді қолданып, қойдың жүнін буда-буда етіп түсіріп жатқан анамның маңдайынан аққан тер ақ моншақтап домалап жататын. Оның осы бейнесі көз алдыма жиі елестейді. Жұмыстан шаршап келсе де, үйдің шаруасын бітірмейінше тізе бүкпейтін. Өз құлағыммен ауылдың қарт-қарияларының: “Біздің Шәрбаннан жұмыс үркеді”, – деп мақтап отырғанын естіген кезде анамның еңбекқорлығына сүйсінетінмін.

Әкеміз бақилық болғанда, анам 54 жаста болатын. Біз ержетіп қалсақ та, барлығымыздың әлі аяқтана қоймаған кезіміз. Әкеме екі ұлын үйлендіріп, бес немересінің маңдайынан иіскеу бақыты ғана бұйырыпты. Ал қалған бесеуімізді әрі қарай оқытып-тоқытып, отау ету міндеті анамыздың мойнына түсті. Өзіне қолқанат бола білген үлкен ұлдары Сәбит пен Мәжиттің көмегімен төрт қызын тұрмысқа беріп, кенжесі Сұрағанды отау етіп шығарды.

Анамның аузынан түспейтін нақылдың бірі “Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін” деген дана сөз болатын. Ол балаларының басы қосылып қалса болғаны, ағайын-туғанды құрметтеудің, жора-жолдастардың көңілін табудың, көрші-қолаңмен сыйласудың үлгісін айтып, ақылын жеткізіп отыратын. Анам – құдаларын құдайындай сыйлаған жан. Екі жақтың үлкендері сыйласып жатқан кезде олардың балалары да өздері таңдаған жарларымен шаңырақ көтергеннен-ақ тату-тәтті өмір сүруге тырысты. Анам алыстан бауырлары келген кезде балаша қуанып, ерекше бір көңіл күй танытатыны да есімде. Қарап отырсам, бүгінде мен өзім алты бауырларым есігімді ашса, ерекше бір бақытқа бөленемін. Анам көзі тірісінде жан-жаққа тарап кеткен ұл-қыздарын сарғая күтіп, әдейілеп сыбағасын дайындап, қойын семіртіп қоятын. Келе жатқандығымыздан хабардар болса, сыртқа мың рет шығып, уақытынан кешіксек, алаңдап, жолымызды тосып жүруші еді.

Балажан анамыздың немерелеріне деген сүйіспеншілігі де ерекше болды. Өзінің бауырында өскен тұңғыш немересі Дәурен десе ішкен асын жерге қоятын. Дәурен де өзінің алғырлығымен, ақылдылығымен, жақсылыққа ұмтылғыштығымен әжесін бақытты етті. Оны әжесі өз қолымен үйлендірді. Басқа да немерелерінің өскенін, үй болғанын көрген сайын анамның жүзі қартайса да, көңілі масайрап отыратын. Анамның тағы бір асыл қасиеті немерелеріне ат қойғыштығы еді. Оның қойған аттарынан жан жылуы сезіліп тұратын.

Анамыз ауылдастарының ортасында да абыройлы болды. Ауыл ақсақалдары ел болып шешетін мәселелер жайында: “Шәке, мынаны қалай істесек дұрыс болады?” – деп ақыл-кеңес сұрап отыратын. Ол өмірінің соңғы күніне дейін өз әулетінің ғана емес, елдің қамын ойлап, жаны жай таппайтын. Шешемнің қолы да шебер болатын. Өткен ғасырдың 90-жылдары елдегі ахуал қиын кезде ауылдастары мен көрші ауылдағы таныстарына тон тігіп беретін. Көршісі әрі сырлас құрбысы Кәмәш апа екеуі бір тәулікте бір тон тігіп шығатын ісмер жандар еді. Терме-алаша тоқу, киіз басу, сырмақ тігу, қолғап тоқу өз алдына, анамыздың қолынан шыққан сан түрлі құрақ көрпе талай қыздың жасауын жайнатып, талай төрдің көркі болды. Біздің әрқайсымызға арнайы әзірлеген алаша-көрпелері төрімізде әлі күнге дейін жиналып тұр. Ол заттардан бізге анамыздың жұпар исі, аялы алақаны сезілетіндей.

Анамызға отының алды, суының тұнығы Ибрагимнің, сүт кенжесі Жәнияның, үлкен ұлы Сәбиттің қазасын көруі, бауыр еті балаларынан айрылуы үлкен соққы болды. Соңғы демі біткенше оларды айтып, жүрегі езіліп отырушы еді. Барлық саналы өмірін ұрпағына арнаған қайран анамыз көз жұмар соңғы сәттерінде де балаларын ойлап, 23 жылдан кейін әкеміздің соңынан еріп, дүниеден өтті. 30 желтоқсанда анамыздың бақилық болғанына – 10 жыл. Бүгінде қадірлі ата-анамыздың соңында қалған ұрпағы мәуелі бәйтеректей өсіп-өнуде. Олардың жеті баласынан тараған 15 немере мен 15 шөбересіне қарап, үлкендер әлі күнге дейін әкеміз Қалиасқар мен анамыз Шәрбанның жақсылығын айтып отырады.

Кәмила МҰҚАШЕВА.

 

Астана қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp