«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНА МЕЙІРІМДІЛІГІМЕН АБЗАЛ

Дүйсенбіден бастап біздің үйде күйбелең тірлік басталып кетеді. Таңғы сағат жетіден шыр етіп, кішкентай қытай сағаты бәрімізді оятады. Содан үлкені де, кішісі де тырмалап көздерін ашып, тәтті ұйқыдан тұра бастайды. Мұндай таңғы көрініс көпшілікке таныс шығар деп ойлаймын.

Айналасы жарты сағат ішінде үй ішіндегілер киініп, таңғы астарын ішіп, әрқайсысы өз жөндерімен кетуге дайын тұрады. Екі балам оқушы әрі олардың жасы ересектеу болған соң сырт киімдерін киіндірсем болғаны, мектепке өздері барады. Ал қызымның жасы үште. Оны алдап-сулап, әдемі көйлегін кигізіп, шайын ішкізіп, балабақшаға апару дегеннің өзі – мен үшін үлкен бір науқан. Себебі, біздің әр күніміз “мен балабақшаға бармаймын” деген сөзден басталады. Ол барлық ата-анаға таныс “концерт” шығар? Әрине, тәртіпке бағындыратын балабақшаға барғаннан да анасының қасында жүргенді қандай бала қаламайды дейсіз? Бірақ бала үшін өзінің ортасы керек. Сондықтан да балабақшаға барған дұрыс және қажет екенінде сөз жоқ. Арпалысқа толы осындай күндердің бірінде мынадай көрініске тап болдым:  

…Балабақша алдында анасы мен баласы тұр. Үш-төрт жастағы бала “бармаймын, қалмаймынға” салып жылап, анасының қолынан қысып ұстап алған. “Будешь плакать, вечером не заберу, останешся тут”, – деп зекіреді ызаға булыққан анасы. Оның сөзіне сеніп қалған кішкентай балақай одан сайын айқайлап: “Нет, не хочу”, – деп жылауын қояр емес. Осы сәтте немересін жетектеген әжей қасынан өтіп бара жатып: “Ұрыспасаңшы балаға. Алдап-сулап қойсаң, баланың көңілі көтеріліп, кешке дейін алаңсыз ойнап жүрмей ме?” – деді қария. Өзі де баласына ашуланып тұрған жас келіншек “не қыласың, өз балам, айқайламақ түгіл, ұрып та аламын” дегендей, “мамалап” қолын созған балақанның саусақтарынан салып кеп жіберді. Жасына тұншыққан бала амалсыз анасының соңынан еріп, балабақша ішіне кірді де, өз тобына кетті. Сәлден кейін немересін апарған әже де, баласын ренжіткен ана да мекемеден шығып, екеуі екі жаққа кетті. Өзінің ерсі қылығына өкініп, қарт адамнан кешірім сұрай ма деген келіншек артына бұрылып та қарамады. Осындай көріністі сыртынан қарап тұрғанда “Құр бақырып, босқа айқайлауға кім болса да шебер-ақ. Ал мейірімді ана бола білу әркімнің қолынан келе беретін нәрсе емес екен ғой. Оған да үлкендерден үйреніп, ғибрат алған дұрыс ” деген ой келді.

Шынымен де, бұрын қазақ келіндері қандай болған? Көз алдымызға елестетіп көрейікші. Үстерінен ұзын етек көйлек, бастарынан жаулықтары түскен емес. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің әжелерімізден-ақ үлгі алуға болады ғой. Үйдің іші у-шуға айналып, бала базарынан бас ауырса да, бір тентекке “тәйт” деп көрген жандар емес. Керісінше, айналасын “айналайын” сөзімен аялап, ұл-қыздардың маңдайынан шертпей, басынан сипап өсірген. Міне, қазақ келіндері қандай болған? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ қазір он-он бес түгілі, айналасы бір-екі балаға қазақы тәрбие бере алмай жүрген келіндер аз емес. Оны да мойындау керек. Негізінде, шыдамдылық деген қазақ әйелінің қанында бар қасиет қой. Сол жақсы қасиет бүгінде ұмытылып бара жатыр ма, қалай? Бүгін бір балаға ұрсып, еркелігін көтере алмаған ананың ертеңінен не күтуге болады? Сарыуыз балапанға бас салған қарғаның кейпіне енгенше, ашу-ызаны ұмытып, мейірімді болсақ, сол жарасып тұрмай ма бізге?!

Балагүл ІЗБАСАР.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp