Бұрындары жаман хабар жетсе “Мал құлағы саңырау” деп жатушы еді. “Солтүстік Қазақстан” газетінің бетіндегі “Шіріген жұмыртқа” мақаласын оқып, сенерімді-сенбесімді білмей, тосылып қалдым. Өмірдегі ең жақын адамдар ана мен баланың арасында осындай оқиға орын алғаны күйіндірді. “Баламның табанына кірген шөгір менің маңдайыма қадалсын”, – дейтін аналар емес пе еді?! “Баламды аман қалдыр!” – деп Құдайға жалбарынатын ананы қасіретке батыру қисынсыз жайт. Қалима апайдың балаларынан таяқ жеп, ауруханаға түскені естіген адамның шашын тік тұрғызады. Жар жылуын сезінбеген әйел балаларына қатал мінез танытқан шығар, бірақ, оларды бағып-қағудан тарынған жоқ қой. Анасын шырылдатуға балаларының дәті қалай барады екен?!
Отбасы – жылылықтың мекені. Қартайған шағында рақатқа батып, немерелерінің ортасында бақытты қариялық ғұмыр кешіп отыратын Қалима әжейдің тағдырын дұшпаныңа да тілемейсің. Ал қызы ше, ол туралы ештеңе айтылмаған екен.
Ананың ақ сүті оны Меккеге жеті рет арқалап апарсаң да ақталмайды. Ата-ана алдындағы борыш көзі тірісінде ғана қайтады. Сондықтан бір отбасының оқиғасынан сабақ ала отырып, басқалар ата-анасының қадірін білсе, оларға құрметін, сыйластығын көрсетуден жалықпаса нұр үстіне нұр. Он екі мүшесі сау баласы бар ананың далада қаңғырып қалуы, басқаның қамқорлығына шағынуы ұрпағына мін. Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды.
Айнагүл ҚАБДІЛМАНҚЫЗЫ,
Сергеевка қаласының тұрғыны.
Шал ақын ауданы.