«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНТЫНА АДАЛ АЗАМАТ ЕДІ…

Жұрттың бәрі Жаңа жыл қарбаласымен жүргенде, яғни 31 желтоқсан күні облыс орталығында оқыс оқиға орын алды. Мәскеу қысқа көшесі, 1 мекенжайында орналасқан бірқабатты екі пәтерлі жекеменшік тұрғын үйден өрт шығып, біраз адамды әуре-сарсаңға салды. Оқиға орнына күндізгі сағат 2-де жеткен өртсөндірушілер қызыл жалынмен 12 сағат бойы арпалысты. Өкінішке қарай, құтқару шаралары барысында №5 өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғаныс аға сержанты Алтынбек Әбдірахманов мерт болды.

Осы қайғылы жағдай туралы Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрлан Атығаев баспасөз мәслихатында хабарлады. Оның айтуынша, тілсіз жаумен арпалыс барысында үй ішінде қалып қойып, түтінге тұншыққан ер-азамат құтқарылды. Ал өртсөндірушінің үстіне үйдің төбесі құлап, 27 жастағы Алтынбек Әбдірахманов оқиға орнында көз жұмды. 2009 жылдан бері өртсөндіруші болып жұмыс істеген азамат бөлімше командирі қызметіне осыдан 3 ай бұрын тағайындалған екен. Артында жары мен екі баласы қалды. Нұрлан Атығаев басқалардың өмірін қорғаймын деп мерт болған Алтынбектің ерлігі ескерусіз қалмайтынын айтты.  

Өрт болған үйде тағы бір адам ажал құшты. Орын алған оқыс оқиға салдарынан үйді жалға алып тұрып жатқан әйел өз-өзіне қол жұмсаған.

Баспасөз мәслихатында Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің күш құрылымдары мен құралдарын жедел басқару орталығының бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Жанат Смағұлов өткен мереке күндері өрт сөндіру бөлімшелерінің жеке құрамы күшейтілген тәртіппен жұмыс істегенін баяндады.

– Жеке құрам бойынша 145 адам тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарды. Негізгі және арнайы мақсатта барлық қосымша техникалар жұмылдырылды. Жалпы мереке күндері 90 өрт сөндіру техникасы кезекшілік атқарды. 30 желтоқсан мен 5 қаңтар күндері күшейтілген жұмыс барысында құтқарушылар тобы 21 рет өрт сөндіру шараларына қатысты, – деді ол.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp