«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ

Қаңтардың бірінен бастап елімізде республикалық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туралы арнайы ақпарат банкі іске қосылды.

Жүйе аталған топтағы ұл-қыздардың санын азайтып, бала асырап алушы тараптың жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Жаңа жүйеден баланың өмірбаяны, әке-шешесінің және туған-туыстарының бар-жоғы жайында толық мәлімет алуға болады. Бұл бала асырап алғысы келетін ерлі-зайыптылардың жұмысын біраз жеңілдете түсетін болады.

– Қазір облысымызда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдердің саны азайып келеді. Мәселен, 2014 жылы – 77 бала, 2015 жылы – 62, ал былтыр 48 бала отбасына берілді, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Анатолий Тарахтун.

Облыс орталығындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының ашылғанына биыл 16 жыл толады. Қазір мұндағы 6 үйде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 44 жасөспірім тәрбиеленіп жатыр. Олар да ата-ана мейіріміне бөленуді армандайды.

Олардың барлығы да өнерлі. Бірі әуелетіп ән салса, енді бірі сурет салуға бейім. Тәрбиеленушілердің бірі – Анастасия Монторова сурет салумен, қолөнермен айналысады. Анастасия отбасы үлгісіндегі балалар ауылын тоғыз жылдан бері паналауда. Әкесі жоқ, анасы бар. Бірақ қатал тағдыр оған шешесімен бірге болуды жазбаған. Настяның анасы ішімдікке салынып, ата-ана құқығынан айрылған. Настя бірге тұратын бауырларына қамқоршы.

Жыл сайын отбасы үлгісіндегі балалар ауылынан бірнеше тәрбиеленуші өзіне жаңа отбасын тауып, армандаған өмірге аяқ басады.

2016 жылдың өзінде 9 бала жаңа отбасына орналастырылып, ата-ана мейіріміне бөленіпті.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp