«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНЫМЫЗ АСҚАҚ, МАҚСАТЫМЫЗ ЗОР

Тәуелсіздіктің туы желбіреген күннен бастап Елбасы ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтарды дамытуды қаперінен шығарған емес. Жақында жарық көрген “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” атты мақаласы көппен бірге менің де ертеңгі күнге сенімімді нығайтты. Ұлт жоспарын жүзеге асыру арқылы біздің еліміз лайықты және дәулетті өмірге қол жеткізбек. Қазақстан халқына керегі де осы, яғни өз мемлекетінің тәуелсіздігі, қуаттылығы мен тұрақтылығы, қауіпсіздігі мен берекелі, дәу­летті, сәулетті тұрмысы. Діттеген межеге бірге жете отырып, ертеңгі ұрпақ біз ойлаған, армандаған болашақтың табалдырығын аттайтын болады. Әрине, қиындықты тек адал еңбек, маңдай тер арқылы ғана еңсереміз. Ендеше бұл жолы да жастарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Өткен жылы халыққа арнаған Жолдауында да білімді, еңбекқор, белсенді жастарды өмірдің қиындықтарынан қорықпауға шақырып, мамандық таңдауда қоғам сұранысын ескеруге кеңес берді. Мемлекет басшысының: “Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады.Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда”, – деген сөздерін біздің жастарымыз жадыларына түйіп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында күш-қайраттарын аямауы қажет. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” демекші, адал кәсіп арқылы ғана жақсылыққа жетуге болады. Бұрын ұлтымыздың ұл-қыздары мамандық таңдауға келгенде кедергілерге ұрынушы еді, ал тәуелсіз еліміздің бүгінгі жастары үшін бөгет жоқтығына лайым қуанып отырамын. Алдағы уақытта Елбасының бастамасымен техникалық мамандыққа бет бұрушылардың саны қазақ ұл-қыздарымен көбейетіні қуантады. Сондықтан жастарымыз өмірдің келеңсіз жақтарына бет бұрмай, адалдықты, адамгершілікті биік қойып, арман-мақсаты асқаралы азамат болып өсуіне, әрине, аға буын өкілдері әрқашан тілектес болып отырады. Жүрген жерімізде жас ұрпаққа ақыл-кеңесімізді айтып, жақсылыққа жұмылдыруды ағалық парызымыз санаймыз.  

“Асыл мұра” орталығының мүшелері білім беру мекемелерінде өтетін, басқа да әдеби-мәдени шараларға қатысып, жастардың тәрбиесіне қолымыздан келгенше үлес қосып жүргенімізді де айтып өткім келеді. Сонымен қатар орталық қызметкерлері еліміздің белгілі тұлғалары мен ақтаңдақ жылдар туралы зерттеу еңбектер жазып жүр. Біз осылайша өткен тарихымыз арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуді көздейміз.

Ең бастысы, Елбасы халыққа қазіргі орын алып жатқан дағдарыстан қорқудың еш қажеті жоқтығын айтты. “Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз”, – дегені жалпы халыққа ой салуы керек. Өйткені, біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!

Президент қалтаға қарап өмір сүру, көрпеге қарап көсілу керектігін де айтты. Бұл Жолдау бүгінгі уақыт тынысымен үндескен құжат екені анық. Ысырапшылдыққа жол беру, байлық пен ақшаны оңды-солды шашу – қазаққа ертеден жат қылық. Көнекөздеріміз, тіпті, нанның қоқымын шашпауды үйретіп, ас атасы – нанның қадір-қасиетін білуге баулыса, судың да сұрауы бар екенін әрқашан санамызға құйып отыратын. Енді біз де, елдің үлкендері, ата жолымен кейінгі ұрпақты үнемшіл, барға қанағат, жоққа салауат айтуға үйретуді қолға алуымыз керек.

Жолдаудан біздің үлкен мемлекет болып қалыптасатынымыз, қуатты экономикамыз сезіліп тұр. Өйткені, осындай кезде де 7,2 триллион теңге ақшаны экономиканы қолдауға жұмсайтын ел – мықты ел. Бюджет қызметкерлерінің, әсіресе, дәрігерлер мен мұғалімдердің айлығының 28-29 пайызға өсетіндігі біздің баршамызды қатты қуантып отыр. Әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейеді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне жол ашады.

Елбасы Жолдауда экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырып отыр. 660 мың жаңа жұмыс орнын ашу, ал еңбек өнімділігін екі есе арттыру жоспарланған.

Қалталы азаматтарға шетелдерде жинақтаған ақшаларын елімізге әкелу туралы Президент орынды талап қойды деп ойлаймын. Себебі, кәсіпкерлер шетелдегі активтерін экономиканың өсуіне, елдегі жағдайдың жақсаруына бағыттаса, ол, сөзсіз, өзінің оң нәтижесін береді. Елбасы атап өткендей, бұрын-соңды қазақ тұрмысы Тәуелсіздік алған жылдарымыздағыдай жаңғырып, гүлденіп көрген емес.

Таңат СҮГІРБАЕВ,

“Асыл мұра” орталығының жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp