«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАН “АҢСАРЫ”

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен “Инновациялық даму” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған “Аңсар – 2015” жас журналистер мен жазушылар арасындағы әдеби шығармашылық конкурстың қорытындысы бойынша жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі Астанадағы музыкалық академияның ғимаратында өтті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен үмітін үкілеп қатысқандардың саны жүзден асып жығылса, қабылданған шығармалардың саны үш жүзге жуық болыпты. Қызығы да, қиындығы да мол журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен аталмыш салада өзіндік қолтаңбалары қалыптасқан білікті журналистерден, ақиық ақындардан, белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы мүшелерінің бірауыздан қолдауымен он екі адам жеңімпаз деп танылып, оларға ақшалай және заттай сыйлықтар тапсырылды. “Жылдың ең үздік жас ақыны”, “Жылдың ең үздік жас тележурналисі”, “Жылдың ең үздік жас прозашысы”, “Жылдың ең үздік жас журналисі” аталымдары бойынша ерекше марапатқа ие болған жүлдегерлердің көбінің есімі елімізге енді таныла бастаған. Десек те, жеке жинақтары жарық көріп, қалың оқырманның жүрегіне жол салған жас өрендер де болды. Салтанатты шара барысында осымен үшінші рет өткізіліп отырған, шығармашыл жастардың шыңдалуына жағдай жасаған байқаудың алдағы уақытта шарты, өткізілу форматы да өзгеретіндігі, өзге де аталымдардың енгізілетіндігі туралы айтылды. “Жылдың ең үздік жас журналисі” аталымы бойынша жүлде алып, үздіктердің қатарынан көрінуім менің де жас жүрегіме шуақ болып құйылды.  

Байқаудың екінші күнінде көркі көз сүріндіретін еңселі елорданың ең көрікті “Бәйтерек”, “Хан шатыр” сынды орындарын аралауымыз да есте қаларлықтай әсерлі өтті. Бұл күні, әсіресе, Қарағанды облысының аумағында орналасқан Долинка кентіндегі “КарЛАГ” музейіне барып, қазақтың саяси қуғын-сүргіннің құрбандарына айналған біртуар тұлғаларының бастарынан өткерген қиын да қилы “жолдарын” дәлелдейтін заттарын, киім-кешектерін қолмен ұстап, жанымызбен сезіне көруіміз жанарымызға еріксіз жас үйірді. Тегінен айрылған сәбилер, жазықсыз жапа шеккен арулар, қиындық құрсауындағы зиялы қауым өкілдері.

Музей жанынан 50 метр қашықтықта орналасқан “Мамочка” деп аталатын зират басында жерленген, “халық жауы” атанған қаракөздердің ұл-қыздарының рухтарына тағзым етіп, Құран бағыштадық.

Сол күні кешқұрым жас журналистермен басқосу барысында журналистиканың, қазақ және әлем әдебиетінің даму қарқыны жайында әңгіме-дүкен құрып, пікір алмастық. Байқаудың ең алғашқы күні бір-бірімізді танымай, бастарымыз тоғысқан он екіміз өңірлерімізге бет түзейтін сәтте ескі таныстардай қимай-қимай қоштастық.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл – Астана – Петропавл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp