«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚ – ДАМУҒА ТЫҢ СЕРПІН

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке қарқынды дамыған және инклюзивті экономика құру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. 

“Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеп келеді. Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары болды. Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады”, – деген болатын Мемлекет басшысы. Бұл тапсырма аясында біздің өңірде де айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде.

Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аяқталуға жақындады. Осыған орай соңғы бес жылда атқарылған жұмысымыз қорытындыланып, алдағы бесжылдықтың жоспары жасалуда. 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында елімізде өнеркәсіп саласына серпін беріліп, бәсекелестік орта қалыптасты. Нәтижесінде облыста жаңа жобалар жүзеге асырылып, жұмысы тұралап қалған өнеркәсіптердің тамырына қан жүгірді. Мұның барлығы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік әсерін тигізіп отыр. Индустрияландырудың екінші бесжылдығында өңірде 27,9 млрд. теңгенің 33 жобасы жүзеге асырылды. Жалпы бір мыңға жуық жұмыс орны құрылды. 

“Қарапайым заттар экономикасын” қалыптастыру жөніндегі жоспарға сәйкес бүгіндері азық-түлікті, киім мен басқа да күнделікті тұтынатын заттарды өз елімізде шығару мәселесіне ерекше назар аударылуда. Былтыр жалпыұлттық телекөпір аясында “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде металпластикалық бұйымдар шығаратын зауыт іске қосылды. Бүгіндері өндіріс ошағында екі жүзге жуық өнім түрі шығарылуда. Зауыт ұжымы алдағы уақытта өнімдердің аясын кеңейтіп, балалар тауары мен ас үй құрал-жабдықтарын шығаруды жоспарлап отыр.
Үстіміздегі жылы облыста 17 млрд. теңгенің 5 жобасын жүзеге асырып, 700 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта олардың екеуі өз жұмысын бастады. Атап айтқанда, мамыр айында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда “KAZMEAL” ЖШС-і бидайды тереңдетіп өңдеу жобасын іске қосты. Инвестор жобаға 3,3 млрд. теңге жұмсады. Кәсіпорынның жалпы қуаты 360 мың тоннаны құрайды. Заманауи өндірістің басты ерекшелігі – оның жұмысында робот-паллетизатор қолданылады. Қыркүйек айында толық қуатына көшкен кәсіпорын аудан экономикасына серпін береді деп күтілуде.
Ал тамыз айында “Радуга” ЖШС-нің еншілес компаниясы болып табылатын “РимКазАгро” кәсіпорны сұйық сабын өндірісін жолға қойды. Сабынды да, құтысын да кәсіпорын өзі шығарады. Мұндай өндіріс орны еліміздің басқа өңірлерінде жоқ. Сондықтан бұл өнім шетелден жеткізілетін тауарларды алмастыра алады. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы қарқынды дамыған және инклюзивті экономика құру тапсырмасымен үндеседі.
Тоқтап қалған кәсіпорындарды қайта іске қосу бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, жұмысы жанданған “Bio Оperations” ЖШС-ін мысалға келтіруге болады. Сегіз жыл бойы тоқтап тұрған өндірістік кешен бүгіндері бидайды қалдықсыз өңдеуге кірісті. Желтоқсан айында серіктестікте биоэтанол өндірісі іске қосылады. Қазіргі уақытта технологияны жетілдіру мен жаңғырту бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Дайын өнім Еуропа және Орта Азия елдеріне экспортталады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда Үкімет инвестиция тартып, экспорт әлеуетін арттыру және индустрияландыру аясында тың жобаларды жүзеге асыру арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз етуде. Қазақстан шетел инвестициясын тарту үшін қолайлы ахуал жасауда. Себебі, инвестиция өздігінен келмейді. Әсіресе, шетел инвесторларына жер телімдерін бөлу, оларды инженерлік және электр желілеріне қосу, түрлі рұқсаттар алу бойынша көмек көрсетілуде. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде кәсіпорындардың өндіріс көлемі артып отырғанын көреміз. Мәселен, қайта өңдеу өнеркәсібінің жылдық көрсеткіші 23 пайыздан 41 пайызға дейін өсті. Сөйтіп, 43,6 млрд. теңгенің өнімі шығарылды.
Жыл соңына дейін үшінші бесжылдыққа арналған бағдарламаның концепциясы бекітіледі. Бұл жолғы жоспарда қарапайым заттар экономикасын дамыту, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету, қайта өңдеу саласындағы шетелдік инвесторларды қолдау және жеке инвестиция тарту арқылы ірі жобаларды жүзеге асыру сияқты төрт бағытқа басымдық берілді.
Қазан айында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен Солтүстік Қазақстан облысында “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл біздің өңір үшін ерекше маңызға ие. Арнайы экономикалық аймақ аясында заманауи және экспортқа бағытталған өндiрiстер пайда болып, үш мың жаңа жұмыс орны ашылады. Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінде құрылған алғашқы экономикалық аймаққа азық-түлік, құрылыс материалдары, жиһаз, электроника, машина жасау саласында өнiм шығару және өңдеу салалары кiредi. Бизнеске салық жеңiлдiктерi жасалып, мемлекет барлық инфрақұрылымды дамытады. Арнайы экономикалық аймақтың құрылуы Солтүстік Қазақстан облысының дамуына тың серпiн бермек. Алдағы уақытта шетелдiк инвесторлар тарапынан өңірімізге қызығушылық артады деп күтілуде.
Үшінші бесжылдық аясында өңірімізде жобасын жүзеге асыруға ниет танытып жатқан инвесторлармен ынтымақтастық жөнінде келісімшарттар жасалуда. Атап айтар болсақ, 2020 жылы германиялық “CLAAS” компаниясы меморандумға сәйкес комбайн шығаратын зауытын іске қосады. Сапалы ауыл шаруашылығы техникасын шығару бойынша әлемдегі көшбасшы компания 80 адам жұмыс істейтін кәсіпорынның құрылысына 3,3 млрд. теңге жұмсамақ. Сондай-ақ, 2021 жылы Петропавл қаласында арнайы технология бойынша қаймақ шығаратын және майлы дақылдарды қайта өңдейтін екі зауыт пайдалануға беріледі деп күтілуде. “МаслоДел” ЖШС-нің басшылығы 162 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін қос жобаны жүзеге асыру мақсатында 4 млрд. теңгенің қаржысын құймақ. Бұл қаржы темір жол салуға, тозығы жеткен жол мен ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалатын болады.
Президент өз Жолдауында  Үкіметке бірнеше нақты тапсырма берді. Солардың бірі – экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін кен орындарын игеру, жаңа нарықтарға шығу. Қазіргі уақытта бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мамыр айынан бері елiмiздегi жалғыз қалайы кен орны – “Tin One Mining” игерiле бастады. Облыс экономикасына рекордтық инвестиция – 100 млрд. теңге құйылады деп күтілуде. Ал 2022 жылы тау-кен байыту комбинаты iске қосылып, қалайы кен орнында 500 адам еңбектенбек.
Жалпы үшінші бесжылдықтың қорытындысында өңірімізде қайта өңдеу саласына құйылатын инвестиция көлемі – 1,5, еңбек өнімділігі – 1,8, ал экспортталатын өнім көлемі 2,1 есе артады деп күтілуде. Мұның барлығы мемлекеттік органдар мен жергілікті тұрғындардың бірлесе жұмыс істеуінің арқасында жүзеге асырылмақ.

 

Екатерина ЯРОВАЯ,
облыстық индустриялық-инновациялық даму
басқармасының
бөлім басшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp