Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишим ауылындағы ипподромда атжарысы өтті. Ол Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген Новоишим ауылының 60 жылдығына арналды. Жарыс жолына Ғабит Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарынан 13 шабандоз шықты. Олар екі кезең бойынша – 7 және 10 шақырым қашықтықта сынға түсті.
Бас жүлдеден үміткерлер көп болды десек те, Сұлтан атты тұлпарды тізгіндеген новоишимдік Дмитрий Батарин мәре сызығын бірінші болып қиды. Екінші орынды Новоселовка ауылының атынан қатысқан Ералы Елубаев иеленсе, үшінші орын Ноян Байғаринге бұйырды. 10 шақырымдық қашықтықта бас жүлдені Қуан Қосаев жеңіп алды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.