Жыл мәреге таялып, жаңа он екі ай бастау алардан бұрын кітапхана қызметкерлері, әдеттегідей, күнтізбе жасау қамымен назар аударуға лайық оқиғаларды, белгілі тұлғалардың ғұмырына қатысты даталарды жинақтайды. Соған орай біз 2016 жылдың күнтізбесін жасадық. Осы сәтте есімі елімізге танылған ғалым, биология ғылымдарының докторы Серік Жұмағалиұлы Тілеулиннің қаңтардың алтыншы жұлдызында дүниеге келіп, биыл туғанына тоқсан жыл толатынын аңғардық.
Серік Жұмағалиұлы 1926 жылдың қаңтар айының алтысы күні Петропавл қаласында туған. Ол – қазақтың көрнекті зиялысы, “Алашорданың” қайраткері, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны Жұмағали Тілеулиннің кенже ұлы. Әкесі 1917 жылдан-ақ большевиктердің қырына келіп, тұтқындалғанда Серік он бір жасар бала еді. Сол бір қиын-қыстау күндерден-ақ жас бала Жұмағали Тілеулиннің абақтыға бір қамалып, бір босатылған кездерінде үлкен зардап шекті. Ақыры, Алаш қайраткері, дәрігер, әдебиет зерттеуші, тілші-қаламгер 1938 жылы Алматыда “халық жауы” деген жаламен атылғаннан кейін оның отбасы, соның ішінде Серік Жұмағалиұлы осы зәрлі жаланың азабын тартты.
Бұл туралы өлкетанушы Қайролла Мұқанов 2005 жылы Алматының «Жібек жолы» баспасынан шыққан «Алашорда қайраткері Жұмағали Тілеулин» деген зерттеу еңбегінде жазды. Осы еңбекте баяндалғандай, Ж. Тілеулин Көкшетау облысы, Рузаев ауданындағы Шұқыркөл ауылында туған. Тілеулі – Абылай ханның батырларының бірі Айтбайдың немересі екен.
Оның бес ұлының кенжесі – Жұмағали. Ол 1913 жылы Омбының әскери-медициналық училищесін тамамдаған. Кезінде Мағжан Жұмабаевпен, Ахмет Байтұрсыновпен, Міржақып Дулатовпен және Әбікей Сәтбаевпен (Қаныш Имантайұлының ағасы – Ю. П.) досжар, үзеңгі жолдас, пікірлес болған.
Серік Жұмағалиұлының анасы Райхан жұбайының ақталған күніне жете алмай, 1955 жылы өмірден озған.
Осындай қиын жағдайда білім алып, тарыншылық пен қудалаудың зардабын шеккен Серік Жұмағалиұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, 1950 жылы Алматының медицина институтын тамамдайды.
Одан соң жеті жыл Алматыда дәрігерлік қызмет атқарады. Бұдан кейін оның қызмет жолы Гурьевтің туберкулезге қарсы диспансерінде жалғасады. Артынан Алматыға оралып, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің өлкелік патология институтында медицина саласындағы ғылыми-зерттеу мәселелерімен айналысады.
Осында үлкен тәжірибе жинақтап, зерттеулердің нәтижесінде мамандықтың қыр-сырына қаныққан С.Тілеулин Қазақ КСР Ғылым академиясының физиология институтына қызметке қабылданып, осында нейрофизиология бойынша кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін, осы саладағы зерттеулерін одан әрі жетілдіріп, 1987 жылы ғылым докторы атағын алады.
1966-1996 жылдар аралығында Денсаулық сақтау министрлігінің нейрофизиология институтының осы сала бойынша лабораториясына басшылық етеді.
Нейрофизиология саласы бойынша Қазақстандағы саусақпен санарлық ғалымдардың бірі осы Серік Тілеулин болғанын медицина ғылымының мамандары жазып жүр. Ғалымның осы жетістіктеріне ол зерттеп жазған 150-ден астам ғылыми еңбегі, соның ішінде бірнеше монографиялары дәлел бола алады.
Ғалым жерлесіміздің “Дені сау адамдардың миының электрлік белсенділігінің тұрақтылығы”, “Терінің температуралық сезімталдығының жұлынмен байланысты тетіктері” деген негізгі еңбектері көптеген елдердің нейрофизиологтарына белгілі.
С. Тілеулин – 16 авторлық куәлік иесі. Оның жетекшілігімен он кандидат, үш доктор ғылыми дәрежеге қол жеткізді. Осындай жетістіктерінің арқасында жерлесіміз Халықаралық ми қызметін зерттеу ұйымының мүшелігіне қабылданған.
Серік Тілеулиннің ұрпақтары да оның жолын жалғастыруда. Атап айтқанда, ұлы Данияр жоғары техникалық білімді меңгеріп, бағдарламашы болып еңбек етсе, немересі Ерік Даниярұлы да ғылыммен айналысады.
Қазақтың зиялы азаматы, қоғам қайраткері Жұмағали Тілеулиннің ізін ұлы Серік жалғастырып, кейінгі ұрпақтарына ата жолын аманат етіп кетті.
Юлия ПИСКУНОВА,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық
ғылыми-әмбебап кітапхананың
бөлім меңгерушісі.