«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫЛ ПАРЫЗЫМЫЗ

Мен Петропавл қаласында туып-өстім. Ата-анам балалық шағымнан ұлтың өзге болса да, туған жерің де, елің де Қазақстан, деп айтып келді. Ержеткенімде оған көзім жетті.

Мектепте оқығанымда жеңіл атлетикамен айналыстым. Сайыстарымыз республикамыздың түрлі қалаларында өтті. Көкшетау, Қарағанды, Шымкент, Алматы… Барған жерімізде бізге қонақжайлылық танытып, қарсы алатын.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алдым. Студенттік кезімде түрлі іс-шараларға белсене қатыстым. Біз тегімізге қарамастан, барлығымыз бірге Наурыз мерекесін, Рождество мен Пасханы тойладық.  

Университеттен кейін ұялы байланыс жүйесі саласында монтаждаушы болып қызмет еттім. Бұл жұмыстың арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірін шарлап шықтым. Тіпті, ең шалғайдағы ауылдарда да болдым. Сондай іссапарлардың бірінде Ақтөбеден Атырауға дейін ұялы антенналарды орнатуымыз керек еді. Жол бойындағы әрбір ауылға соқтық. Жұмыс қыруар болатын. Кейде қас қарайғанша істедік. Бірде жұмысқа берілгеніміз соншалық, күннің батып кеткенін байқамай қалдық. Әріптесім екеуіміз қайда баратынымызды білмедік. Бейтаныс мекен. Суымыз бен азығымыз да таусылып қалыпты. Шарасыз күйде қалғандай болдық. Бірақ кеңпейіл, қонақжай халқымыз барда далада қалмайтындығымызды білдік. Себебі, қазақ халқы келген мейманды құдайы қонақ деп біледі.

Кейбір таныстарым жұмыс табылған соң тарихи Отанына көшіп кетті. Мені де шақырды. Жалақысы жоғары қызметке орналастырамыз, баспанамен қамтамасыз етеміз деп те қолқалады. Бірақ мен өзімнің туып-өскен еліме еңбек сіңіргім келетіндігімді айттым. Қазіргі таңда Астана қаласында тұрамын. Арман қаламен бірге менің де мақсаттарым жүзеге асуда. Жеткен жетістіктерімнің бірі мемлекеттік тілде ауызекі болса да түсініп, сөйлей аламын. Қазақ тілін меңгеруге деген ынтам оянып, ден қоя бастадым. Мемлекеттік тілді Қазақстанда тұратын әрбір адам білуі тиіс деп есептеймін. Себебі, тіл – халықтың жаны. Оны білу – әрбірімізге парыз. Әсіресе, әлеуметтік желідегі достарыма мемлекеттік тілді білу қажет екендігін насихаттап келемін. Айтып қана емес, қазақ тіліне қатысты кішігірім мақалалар жазып, тілді жеңіл түрде меңгерудің әдістерін көрсеткім келеді. Алдымен қазақтың дәстүрі жайында оқи бастадым. Қазақстанда өмір сүретін әртүрлі этнос өкілдерін тоғыстыратын да, біріктіретін де – мемлекеттік тіліміз.

Евгений РУРА.

 Астана қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp