Ұрпақтың сана-сезімінде, тұла бойында ұлттық руханиятты, ұлттық құндылықтарымыз: тілімізді, дініміз бен ділімізді, ұлы тұлғаларымызды, ауыз әдебиетімізді, музыкалық байлығымызды, қолөнерімізді, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дарытпасақ, күнделікті тіршілігімізде аздап болсын осы бағытты дөңгелетпесек, алдымыздан шығар өскелең ұрпақ тағдырының не болары екіталай.
Атақты Бауыржан Момышұлының “Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі”, – деген ұлағатты сөздері ана тілімізді білудің, қолданудың қаншалықты маңызды және болашағымыздың күретамыры екендігін білдіреді. Қазіргі балалар қазақ мектептерінде оқып жатса да, өзара, ата-аналарымен, мектептен тыс баратын үйірмелерде, аулада, тағы басқа да жерлерде орысша сөйлеседі. “Қазақша сөйлесіңдер”, – деген құрғақ ескертулерден, “қазақша сөйлетпейсіңдер”, – деп мектепті кінәлаудан еш нәтиже болмайды.
Меніңше, ана тілінде сөйлесетін, әртүрлі құнды тақырыптарда әңгіме-дүкен құратын қазақи орта болмай, тіліміздің мәртебесін көтере алмаймыз. Сондықтан, облыс, қала, аудан орталықтарында халықтық педагогика кешенін ашу қажет. Бізде ұлттық тәрбие, салт-дәстүр Наурызда ғана көрсетіліп, айтылуы тиіс сияқты. Ұлттық тәрбие отбасыдан басталып, балабақша, мектеп, колледж, университет, үлкен орталық жүйесімен тамырын тереңге жайып, биіктей берсе ғана нәтиже болмақ.
Біздің мектеп-лицейдің мұғалімдері ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие үдерісінің, әр сабағының өзегі ретінде қабылдап, “Өзіңе де, өзгеге де қиянат тигізбе!” ұранымен жұмыс істейді. Мектебіміз ұлттық нақыштармен заманауи үлгіде безендірілген. Ұстаздардың киім кию үлгісіне, эстетикалық талғамына, ер-азаматтарды құрметтеуіне, түрлі іс-шараларға ата-әжелердің қатысуына мән беріледі. Мектепте барлығы бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеседі.
Бізде үлгі аларлық мектеп мәдениеті қалыптасқан. Ұжым болып айт шайын ішу, Наурыз мейрамын тойлау, жастарға мерекелердің шығу тарихын, тәрбиелік маңызын әңгімелеу, әр ұжым мүшесінің қуаныш-қайғысын бірге бөлісу дәстүрге айналған. Биыл тұрмысы төмен отбасы балаларына айт дастарқанын ұйымдастырып, имандылық тақырыбы туралы тағылымы мол әңгіме өткіздік. Мектепке бекітілген және өзімізден зейнеткерлік демалысқа шыққан ардагерлерге үнемі көңіл бөліп, қаланың көрікті жерлерін аралатып, концерт, спектакльдерге апарамыз, дастарқан жайып, қошемет көрсетеміз. Ұрпақтар сабақтастығы, сыйластық, сенім білдіру, қайырымдылық жасау секілді адами құндылықтар мектеп мәдениетінің өзегіне айналған.
Білім ошағында төртінші жыл жұмыс істейтін “Бимаржан” би ансамблі мектепішілік, қалалық, облыстық іс-шараларда ұлттық өнерімізді насихаттап келеді. Өнерпаз ұстаздардан құралған “Домалақ ана” вокалдық тобы мектебіміздің рухани қазынасын нығайтуға үлес қосуда. Облыстық аналар кеңесінің жанынан құрылған “Қыз Жібек” қыздар клубы біздің мектеп-лицей негізінде жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты елжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін, қазіргі қоғамдық ортада азаматтық ұстанымдары бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған білімімен ұштастыра білетін, текті қыздар ортасын құруды көздейді.
“Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық” дегендей, мектебімізде педагогика ғылымдарының докторы Ғалиябану Кертаевамен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, “Құрмет” орденінің иегері, “Сағындырған әндер-ай”, “Бала дауысы” ән-кештерін, қайырымдылық шараларын ұйымдастырушы Майра Ілиясовамен, журналистика ардагері Қазина Нұрқановамен және есімі өңірімізге танылған термеші, өнерлі жастардың облыстық байқауларын өткізуге қаржылай көмек көрсетіп, меценаттық қырынан танылып жүрген кәсіпкер Дәстен Баймұқановпен кездесулер өткіздік.
Қонақтардың адал еңбектерімен қол жеткізген жетістіктері, өр мінез, қайсарлықтары туралы әңгіме-естеліктері балаларға рухани азық сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды. Кездесулер бала арманы мен қиялына қанат бітіріп, мамандық таңдауға, өз қолымен жақсы істер істеуге шабыттандырды. Осындай іс-шараларда мұғалім, оқушы, ата-ана бірге араласып, жақсыны үйренеді. Тәуелсіз еліміздің болашағын бірге ойластырып, ұрпағымыз үшін қолдан келер көмегімізді бүгін істеп кеткеніміз жөн.
Зәуреш ЖИЕНТАЕВА,
әл-Фараби мектеп-лицейі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары.